Синонимдердің стильдік мәні мен қызметі неше алуан функционалдық сипатта қолданылуымен тығыз байланысты. Тіліміздегі синонимдердің мынадай стильдік реңктері байқалады:
1. Қадір тұтып сыйлағандықты білдіретін реңктер. Мысалы: есім сөзі аты сөзінен, отағасы – үй иесі сөзінен, дәм – ас сөзінен, перзент – бала сөзінен, қара – өлім сөзінен жоғарылау.
2. Салтанат құру мәніндегі көтеріңкі реңктер. Мысалы: жүлде – бәйге сөзінен асқақ, мерекелеу – тойлау сөзінен көтеріңкі, азамат – жігіт сөзінен жоғары айтылады.
3. Поэтикалық реңктер. Мысалы: асқар – биік сөзіне, қол – әскер сөзіне, мәртебе – атақ сөзіне, қаһарман – кейіпкер сөзіне, шапақ – арай сөзіне қарағанда поэзияда жиі кездеседі.
4. Дөрекілік мәніндегі реңктер. Бұл қатардағы синонимдердің біреуі бейтарап, екіншісі сыпайы, үшіншісі тұрпайы мәнді білдіріп, ала-құла реңк тудырып отырады. Мысалы: сықпыт сөзі бет сөзіне қарағанда, шолжың – ерке, шойнақ – ақсақ, азынау – жылау сөзіне қарағанда белгілі контексте дөрекілеу болып жұмсалады.
5. Кекесін, мысқыл мәндегі реңктер. Қожаңдау орынсыз кісілік көрсеткенде, тұштаңдау орынсыз жеңілтектенгенде кекесін мәнді білдіреді.
6. Менсінбеушілік, кемсіту мәндегі реңктер. Мысалы: бұт артар – көлік орнына, еркек кіндік – ер азамат, шүйке бас – әйел, шикі өкпе – бала орына қолданылып кеміту мәнінде айтылады [1,107].
Синонимдерге тән мағыналық, стильдік қолданудағы үш түрлі белгі бір-бірінен алшақ жатқан дүние емес, өзара тығыз бірлікте болатын ерекше белгілер ретінде танылады.
Лексикалық синонимдердің жасалу жолдары. Тілдегі синонимдер әртүрлі жолдармен пайда болады. Қазақ тіліндегі синонимдердің келіп шығуының мынадай жолдары бар:
1. Синонимдер көпмағыналы сөздердің есебінен жасалады.
Мысалы: тура – түзу – тік – тіке; тура – дұрыс – жөн; тура – дәл – шақ; 2. Синонимдер сөзжасам тәсілдері арқылы пайда болған:
а) аффикстер арқылы: әуесқой – әуесшіл – еліккіш – еліктегіш – қызыққыш;
ә) біріктіру арқылы: мансапқұмарлық – шенқұмарлық – атаққұмарлық. б) қосарлау арқылы: жиған-терген, тапқан-таянған; күш-қуат, күш-жігер, қажыр-қайрат, қажыр-қуат. в) тіркесу арқылы: өмір бақи – мәңгі бақи – ғұмыр бақи; г) омонимдер арқылы: табандау – сіресу – қасарысу – қырсығу – қыңыраю. 3. Кірме сөздер арқылы пайда болған синонимдер:
а) араб сөздері арқылы: ақиқат (хәқиқат) – шындық – растық; ә) парсы сөздері арқылы: зор (зур) – үлкен – дәу; б) моңғол сөздері арқылы: аймақ (аймаг) – өңір – атырап – төңірек – маңай; в) орыс сөздері арқылы: бөтелке (бутылка) – шыны – шөлмек; 4. Синонимдер диалектизмдердің есебінен жасалған:
а) Дыбысталуы жағынан әдеби тілде кездеспейтін, бірақ әдеби сөзбен мағынасы үйлес келетін сөздер: дәйіс – ұятсыз – арсыз. ә) Дыбысталуы жағынан әдеби тілде кездесетін, бірақ білдіретін ұғымы басқа сөздер: сым – шалбар, жар – қабырға. 5. Синонимдер фразалық тіркестердің есебінен жасалады: ұзын құлақ – сыбыс, өсек; еті тірі – пысық, ширақ. 6. Синонимдер табу мен эвфемизмдердің есебінен жасалған: күн байыды – күн батты – кешкірді; дүние салды – қайтыс болды – өлді [1, 108 ].
Синонимдердің жіктелімі. Ю.Д.Апресянсинонимдік қатардағы сөздердің өзара семантикалық белгілері бойынша бір-біріне семантикалық жуықтық дәрежесін көрсету үшін абсолютті синонимдер және квазисинонимдер болып бөлінетіндігін атап көрсетеді [2, 216].
Абсолютті (толық) синонимдер. Сөздік жүйеде берілетін толық синонимдердің сандық көрсеткіші салыстырмалы тұрғыдан алғанда өте көп емес. Бұл әрбір сөздің өзіне тән дифференциалды ерекшелігімен байланысты. Сөзге берілген түсіндірмелер синоним сөздердің лексикалық мағыналарының жуық сипаттамасын береді. Синонимдік қатарға енген әрбір сөздің лексика-семантикалық ерекшелігінің толық ашылмауы олардың арасындағы нәзік мағыналық реңкті ашып, түсіндіріп беруге кедергі келтіреді. Толық синонимдерге әтеш – қораз; қолтырауын – темсақ; тудіңгек – тутұғыр, адам – кісі, шөміш – ожау сынды сөздерді жатқызуға болады.
Толыққанды синонимдердің валенттілік ерекшелігі, тіркесімділік қабілеті сөйлеу тілінде бір-бірін қаншалықты алмастыра алатындығын, лексемалардың семантикалық ерекшеліктерін толық ашып бере алады. Ол үшін бір синонимдік қатардағы әрбір сөздің мағыналарын жетік білуге тиіспіз. Мәселен, талас – дау – ұрыс ̶ керіс – жанжал деген бес сөздің әрқайсысының мағыналарына назар аудару арқылы өздеріне тән ерекшелікті байқауға болады. «Талас» сөзі белгілі бір адамдардың арасында бір мәселеге жай ғана келіспеушілікті білдірсе, «дау» орын алған келіспеушіліктің басылмай, одан ары қарай қыза түскенін көрсетеді. Ұрыс – дау-таластың өршіген түрі болса, жанжал орын алған келіспеушіліктің, дау-таластың, ұрыстың шарықтау шегі [ҚТСС, 12]. Синонимдердің нәзік стильдік реңкі, экспрессивті-эмоционалды бояуы өзге сөзбен тіркеске түскенде байқалады.
Қайсыбір синонимдік сөздердің бір-бірінен реңктік, стильдік айырмашылығы бірден айқын аңғарыла бермейтіндіктен, оны тек контекстке, мәтінге қарап сезуге болады. Сондықтан синоним сөздердің басым көпшілігін бірін-біріне ауыстырып айта бергенімізбен, олардың белгілі бір сөздермен ғана тіркесіп айтылатыны, белгілі бір сөйлемдерде ауыспай қолданылатыны да аз емес. Сырттай қарағанда адам, кісі сөздері мағыналық реңкімен қолданысында еш айырмашылық жоқ абсолютті синонимдерге ұқсас. Алайда ана тілінің табиғатын сезінетін адам олардың сөйлемде жұмсалуындағы нәзік ерекшелікті аңғара алады.
Синонимдік қатардағы жекелеген сөздердің семдік жүйесіндегі денотаттық, коннотаттық белгілері (стилистикалық, экспрессивті-эмоционалды) бойынша семантикалық және коннотаттық синоним түрлері көрсетіледі. Семантикалық синонимдерді идеографиялық синонимдер деп те атауға болады, синонимдердің бұл түрі квазисинонимдердің бір түрі ретінде қарастырылады. Квазисинонимдер – берілген сөзге мағынасы жағынан жақын болғанмен, мәнмәтінде бірінің орнын бірі алмастыра алмайтын сөздер мен сөз тіркестері. Синоноимдерге тән басты ерекшелік – кез-келген мәнмәтінде бірінің орнын екіншісімен алмастыра алуы).
Квазисинонимдердің келесі түрлері ажыратылады:
Мағыналары қабаттасқан терминдер, мысалы: жол – соқпақ, құрылыс – үй, талант – данышпан;
Бір сөздің мағынасы мен қолданылу аясына екінші сөз кіреді, мысалы: металл – темір;
Мағыналары қарама-қарсы сөздер бірдей қолданылған жағдайлар бар (бір құбылыстың сандық сипаттамалары сияқты), мысалы: қаттылық – жұмсақтық, мөлдірлік – қараңғылық.
Тіл біліміндегі гипероним және гипоним ұғымы туралы түсінік. Гипер-гипонимдер – лексемалардың тек-түр қатынасына негізделеді. Тектік қатынасқа негізделген лексемалар гипероним, түр қатынасына негізделген лексемалар гипонимдер ретінде танылады. Мәселен, транспорт құралдары: кеме, қайық, пойыз, ұшақ, тікұшақ, жеңіл көлік, ауыр жүк көлігі, автобус, троллейбс, трамвай, мтоцикл, велосипед. Осындағы гипероним транспорт құралдары болса, оның түрлері гипонимдерді құрайды.