7. Берілген сөздердің омонимдік мағынасын жазып, оларды лексикалық, лексика-грамматикалық, аралас омонимдер түрлеріне қарай жіктеп шығыңыз: бауыр, бөле, құр, кеден, ана, айт, жал, ық, құндақ, оқ, ат, көк, көр, қорық, мақта, шот, сандал.
Қазіргі қазақ тіліндегі лексикалық антонимдер жүйесі
Лексикалық антонимдер туралы жалпы түсінік.
Лексикалық антонимдердің жасалу жолдары мен түрлері.
Лексикалық антонимдердің қолданыстық сипаты мен стилистикалық қызметі.
Лексикалық антонимдер туралы жалпы түсінік. Қазіргі қазақ тілі сөздік құрамындағы сөздер омонимдік, синонимдік қатынаста болумен бірге антонимдік қатынаста да кездеседі. Тұлғасы әр басқа сөздің семантикалық тұрғыдан қарама-қайшылыққа негізделуі антонимдік жұп құрайды, яғни семантикалық оппозицияға құрылады. Мәселен, ауыр сөмке – жеңіл сөмке дегендегі ортақ сема – салмақ болса, қарама-қайшы сема – салмағы жағынан үлкен және кіші болып келуіне құрылған.
Антонимдер
|
Түсіндірмесі
|
туу – өлу
|
ұрпақ әкелу, табиғи өніп-өсу, көбею үдерісі;
өмірдің таусылуы; қаза болу, дүние салу.
|
ақ – қара
|
қардың, сүттің түсіндей аппақ түс;
күйенің, көмірдің түсіндей бояу.
|
жоғары – төмен
|
үстіге, өрге қарай, төмен емес;
биікке қарама-қарсы жақ, еңіс.
|
Антонимдік жұп құраған сөздерге жүргізілген түсініктемелер негізінде олардың семантикалық тұрғыдан қандай да ортақ нәрсенің бар екендігін байқаймыз. Айталық, басы – аяғы (өмір); ерте – кеш (мезгіл). Салыстырмалы түрде алып қарағанда антонимдер семантикасында көптеген ерекшеліктер бар. Егер ауыз судың температурасы + 5 градус болса, онда су суық болады, егер +20 градус болса, жылы болады. Ал суға түскен кездегі судың температурасы + 20 градусты көрсетсе, су суық болады да, +40 градусты көрсетсе, су ыстық болады. Ауа райына қатысты айтатын болсақ, жаздыңгүні + 15 градус болса, күн суық, ал қыста бұл температура күннің ыстық болатындығын білдіреді.
Антонимдік жұп құраған лексемалардың тіркесімділік сипаты антоним сөздердің семантикасын тереңірек аша түседі. Антонимдік қатынастағы сөздер өзара қарама-қарсы мағынада қолданылады да, жеке лексика-семантикалық топ құрайды. Айталық, жақсы – жаман, үлкен – кіші, жоғары – төмен, келу – кету т.б.
Антонимдер ғаламның тілдік бейнесін түзуде белсенді қызмет атқарады. Мәселен, жоғары мен төмен деген ұғымды бейнелеп көрсетуде қолданылатын антонимдік жұпты қарастырайық: жұмақ ‒ тозақ, жер ‒ көк (аспан), үсті – асты т.б. Семантикалық деривация негізінде екіншілік мағына туындайды, бұл мағыналар әлеуметтік, саяси ұғым-түсініктердің қарама-қайшылығын көрсету үшін қолданылады. Барлық жағымды, оң деген нәрселердің барлығы жоғары жақты, жағымсыз мәнді, ал теріс деген ұғым-түсініктің барлығы төменгі жақта бейнеленіп көрсетіледі. Мұндай бейнелі мағыналар бастапқы және ауыс мағына арасындағы ассоциациялық байланыс негізінде туындайды.
Көрсетілген кестеден қазақ халының «туу» мен «өлу» құбылысына қатысты ұғым-түсінігі арқылы қоршаған ортаға деген көзқарасын бағамдауға болады. Туу (өмірге келу) мен өлу (өмірден өту) құбылысына қатысты қолданылатын тілдік бірліктерге назар аударайық. Қай халықта болмасын, туу, адамның дүниеге келуі, көктемде табиғаттың оянуы сияқты құбылыстар қуанышты жайт саналады, ал өлім, дүниеден өту, ағаштардың қурауы, жапырақтардың сарғаюы, теңіз суының сарқылуы секілді құбылыстар қорқынышты, кейді тіпті қауіпті саналады. Мұны тіліміздегі ақ және қара сөздерінің өзге сөздермен тіркесімділігі незінде дәйектеуге болады. Мысалы: ақ мата, ақ көйлек, ақ жейде, ақ түс, ақ қағаз, ақ тіс, ақ шаш, ақ өлім; қара мата, қара көйлек, қара жейде, қара түс, қара шаш, қара орамал, қара қағаз, қара дақ, қара бет, қара түтін, қара тұман т.б.
Ақ және қара антонимдік жұбы құрамындағы сөздердің өзге сөздермен тіркесімділігі негізінде қазақ халқының өзіндік этномәдени ерекшелігін көруге болады. Тіркесім құрудағы мата, көйлек, жейде, түс, шаш сөздері ортақ болатын болса, валенттіліктің өзіндік ерекшелігі ретінде ақ саусақ, ақ өлім, қара қағаз, қара бет бірліктерін айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |