2. Семантика және лексикалық семантика. Таңбаның тұрпат межесі мен мазмұн межесі тіл ғылымы дамуының тарихи кезеңдерінде әр қырынан қарастырылды. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында таңбаның тұрпат межесіне баса назар аударылса, осы ғасырдың екінші жартысында тілдік зерттеулер таңбаның ішкі мазмұнына назар аударып, лингвистикалық семантика аясында жүргізіле бастады. Семантика арқылы тілдің коммуникативті мәні ашыла түседі, сондай-ақ тілдің мазмұндық жағы адамның танымдық әрекетімен тығыз байланысты. Семантикалық идеялар Э.Сепир, А.Вежбицкая, Л.А.Новиков, И.М.Кобозева, Мәскеу семантикалық мектебінің еңбектерінде көрініс тапты. Ю.Апресян ХХ ғасыр соңында семантика теориясының зерттеу аясының кеңейе түскендігін, лексема, морфема, дериват, синтаксистік конструкция түрінде болсын, жалпы тілдік мағынаны қарастыруды негіз етіп алатындығын айтқан болатын. Осы негізде фоносемантика, лексикалық семантика, грамматикалық семантика сынды ғылым салалары қалыптасты. Когнитивті ғылым саласы да семантикалық үдерістерге үлкен мән береді, кейде оны «тереңдетілген семантика» деп те атайды.
Семантика ғылым ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері В. фон Гумбольдт идеясының негізінде Х.Штейнталь, А.Потебня, В.Вундттың еңбектерінде жарық көрген соң дами бастады. Тіл тарихы тұрғысынан алып қарағанда семантиканың үш кезеңі көрсетіледі:
семантиканың психологиялық және эволюциялық кезеңі, бұл кезеңде тіл семантикасы халық психологиясына жақындастырыла қаралады;
семантиканың салыстырмалы-тарихи кезеңі, бұл кезеңде семасиология деген атпен тіл білімінің жеке саласы ретінде бөлініп шықты;
синтаксистік-семантикалық немесе логика-семантикалық кезең, бұл кезеңде семантика логика мен философиялық аспект тұрғысынан қарастырылып, синтаксиске бет бұрады.
Семиотикада таңба үш қатынастан тұратын түрге бөлінеді: синтактика, семантика, прагматика. Төменде көрсетілген кестеге назар аударайық:
Кесте 1. Тілдік таңба арасындағы қатынастар жүйесі
Семантика зат пен оның атауы арасындағы қатынасты, синтактика таңба мен таңба арасындағы тіркесімділік заңдылықтарын, ал прагматика таңба мен оны қолданушының арасындағы қатынасты қарастырады. Сонда семиотика жалпы таңбалардың арасындағы қарым-қатынастың әртүрлі деңгейлерімен айналысатын ғылым екенін байқаймыз. Бүгінде бұл үшеуі де, яғни синтактика, семантика, прагматика мәселелері лингвистикалық семантиканың негізгі ұғымдарына айналып отыр. Осы терминдерді лингвистикалық тұрғыдан қарастырсақ, синтактика синтаксиске, семантика семантикаға, прагматика стилистикаға сәйкес келеді. Бұған байланысты Л.А.Новиков семиотика мен лингвистикадағы мынадай сәйкестіктерді көрсетеді: лингвистикалық синтактика (синтагматикалық және парадигматикалық мағына), лингвистикалық семантика (мағына теориясы және таңбалау процесі), лингвистикалық прагматика (сөйлеу үдерісі, стилдер теориясы)» [2, 55]. Осы үш құрамдас бөлікте таңбалардың өзара қатынасқа түсуі семиотикада семиозис үрдісі деп аталады да, оның құрылымын: таңба; таңба көрсететін не білдіретін десигнат; таңбаны қолданушы интерпретатор құрайды.
Семиотика – таңба туралы ғылым саласы ретінде өз ішінен мынадай бөлімдерге жіктеледі: синтактика – таңбалардың бір-бірімен тіркесу заңдылығы; семантика – таңбалардың ұғымдық сипаты; прагматика – адам баласының қоршаған ортадағы затқа, құбылысқа, іс-әрекетке деген көзқарасын, қатынасын қарастырады. Осыған сәйкес лингвистикада синтаксис (сөз тіркесінің, сөйлемнің, сөз бен сөздің өзара тіркеске алу қабілетін, тіркесу тәсілдері мен заңдылықтары), лингвистикалық семантика (тілдік таңбалардың типтері, құрылымы мен атқаратын қызметі) және лингвистикалық прагматика (сөйлеушінің тыңдаушыға деген қатынасы, сөйлеу үдерісіндегі тілдік таңбалардың қолданысы) деген тіл ғылымының салалары айқындалды.
Семантиканың жеке ғылыми пән ретінде қалыптасуы француз ғалымы М. Бреаль есімімен байланысты. М.Бреаль «семантика» терминін 1897 жылы өз еңбегінде пайдаланып, ғылыми айналымға енгізеді. Семантиканың ең негізгі категориясы – мағына. Семантиканың сөз мағынасын зерттейтін бір саласы – лексикалық семантика. Лексикалық семантикада сөз мағыналары әрі тілдің лексикалық жүйесінің бірлігі, әрі сөйлеу бірлігі ретінде қарастырылады.
М.Жолшаева семантиканың қарастыратын мәселелеріне жатқызады:
- мағына түрлері;
- мағына құрылымы;
- тілдік бірліктер мағынасы [3, 21].
Лингвистикадағы семантикалық зерттеулер лексикология деңгейінде ғана емес, сонымен қатар фонология, морфология, синтаксис және мәтін синтаксисі деңгейінде жүргізіледі. Соған сәйкес фоносемантика, мәтін семантикасы және грамматикалық семантика туралы сөз қозғауға болады. Сөз мағынасы және мағына түрлерінің даму заңдылықтары лексикалық семантика саласында зерттеледі.
Лексикалық семантикада сөздің лексикалық мағынасы семасиологиялық және ономасиологиялық аспект тұрғысынан қарастырылып, семасиологиялық аспектіде таңбадан мағынаға, ал ономасиологиялық аспектіде мағынадан таңбаға қарайғы бағыт негізге алынады. М.Оразов сөз мағынасын онамосиологиялық және семасиологиялық аспект тарапынан талдағанда сөз мағынасын объектив дүниедегі заттармен, кұбылыстармен (денотаттармен) арақатынасын, сол заттарға атаудың берілу принциптерін анықтайтындығын, семасиологиялық бағыттың сол мағынаның калыптасуын және сөз не сөз тіркестерінің ішкі элементтерінде қалыптасқан (таным процесі негізінде) ұғымның қалыптасу механизмін анықтайтындығын айтады [4, 67].
Біз, бұл оқу құралында лингвистикалық семантиканың бір саласы саналатын лексикалық семантика мәселесін басшылыққа аламыз. Лексикалық семантиканың негізгі өзегі ретінде «лексикалық мағына» алынады. Лексикалық мағынаның құрамының орталық өзегінде қоршаған ортадағы зат, құбылыс, іс-әрекет туралы қалыптасқан ұғым-түсінік, яғни абстрактілі менталды бейнесі негізге алынады.
Сөз семантикасы негізінде мәтіндердің өзара байланыстылығы, тұтастығы айқындалады. Бір сөздің қызметін түгел көрсету үшін, оның жеке тұрғандағы мағынасынан бастап мәтін ішіндегі білдіретін мән-мағынасын қарастырған жөн. Мәтін тұтастығы лингвистикалық категория саналады. Өйткені мәтін ішіндегі сөз бен сөздің өзара тіркесімділігі, сөйлем мен сөйлемнің өзара ұғымдық, мазмұндық жағынан байланысқа құрылуы мәтін мазмұнын байыта түсері, оның көркемдік жағын арттыра түсері сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |