1. Оқушылардың ауызша жауаптарын бағалау туралы жазыңыз.
Ауызша жауаптар алу үшін мұғалім сұрақтарды тұжырымдап, кеңестер береді, міндеттер қояды.
Ауызша сұрау оқушылардың білімін тексеріп бағалау үшін жиі қолданылады. Бұл әдіс арқылы мұғалім оқушыларға оқылған материал бойынша сұрақ беріп, жауаптарын бағалап, материалды қаншалықты деңгейде түсінгендерін анықтайды. Кейде балалардың білімін ауызша тексеруді әңгімелесу деп атайды. Мұғалім бір оқушыға барлық тақырыпты түгел баяндатады. Толық жауап білімінің тереңдігін, жүйесін көрсетеді. Бірақ оқушылардың білімін ауызша тексерудің кемшіліктері де бар, себебі оған көп уақыт кетіп, 45 минут ішінде 3-4 оқушының ғана білімін тексеруге мүмкіндік береді.
Ауызша тексерудің жетілдірілген түрі жаппай тексеру. Бұл әдіс арқылы мұғалім оқылған материалды ұсақ бөліктерге бөліп, оларды оқушылардың қалай меңгергенін білу үшін сыныпқа сұрақтар беріп, олардың білімдерін тексеріп, көп оқушылардың білімдерін анықтауға мүмкіндік алады. Бірақ жаппай тексеру арқылы оқушыларға әділ баға қою қиын, себебі бір-екі шағын сұраққа жауап берген оқушының толық білімін анықтау қиын.
Ауызша сұрауға сабаққа үнемі қатысып отырған оқушылардың біліміне ұпай беру де жатады. Мәселен, өз жолдасының жауаптарын толықтырған, нақтыландырған және тереңдеткен оқушылар, мысалдар келтірген, мұғалімнің жаңа материалды баяндау кезінде қойған сұрақтарына жауап берген, жаңа тақырыпты тез түсінген балалар ұпай ала алады. Сабақтың соңында аталған өлшемдер бойынша 4-8 оқушыға ұпай беріп, олардың танымдық белсенділігіне және зейініне жақсы әсер етіп, баға қорын жинауға болады.
Баға 5 балдың шкала бойынша қойылады. Жақсы оқитын оқушылар оқу жұмысында үлкен белсенділік танытады, сондықтан оларды бағалау қиын емес, бірақ та басқа оқушыларға да сабақтың соңында баға қойылатыны ескертіледі.
Жазбаша сұрау бастауыш мектепте сирек қолданылады, 1-сыныптың алғашқы жарты жылында ол мүлдем қолданылмайды, себебі оқушылар әлі жазуға дұрыс үйренген жоқ. 2-3 сыныптарда жазбаша әдіс арқылы білімді тексеру жиі қолданылып, жалпы білім беретін мектептің негізгі және жоғары сатыларында білімді тексерудің негізгі әдістерінің біріне айналады. Жазбаша білім тексеру әдісін көбіне өздік жұмыс деп атайды. Бұл әдіс арқылы мұғалім тақтаға, парақтарға, карточкаларға 10-12 минут ішінде орындалатын тапсырмаларды жазып қояды. Жауаптардың қорытындыларын сынып журналына белгілеп, бір сабақта көп оқушылардың білімдерін бағалауға болады.
Жазба жұмыстары үйде және сыныпта орындалады. Тарих, география, биология, химия, физика пәндерінің мұғалімдері оқушыларға сурет салдырады, сызба, диаграмма сыздырады, картамен жұмысты бағалайды.
Бақылау жұмысы. Оқу бағдарламасының жекелеген тақырыптарын және бөлімдерін өтіп болған соң жазбаша немесе тәжірибелік бақылау жұмыстары өткізіледі.
Бақылау жұмысының алдында мұғалім оқушылардың оқылған материалды меңгергенін анықтау мақсатымен жазба жұмыстарын жүргізеді. Егер оқушылар тақырыпты не бөлімді жақсы меңгермесе, онда бақылау жұмысы жүргізілмейді, оқу материалын меңгерту бағытында еңбектенеді.
Оқушылар бақылау жұмысына дайындалу үшін, мұғалім бақылау жұмысы болатынын бір-екі апта бұрын хабарлап, дайындық жұмыстарын ұйымдастырады. Мысалы, бақылау жұмысына ұқсас тапсырмалар орындау және жаттығулар жазу. Алдын ала бір бақылау жұмысын жүргізіп, оқушылардың болашақтағы бақылау жұмысына дайындығын тексереді.
Бақылау жұмысы кезінде оқушылардың тәртіп бұзбауы үшін оларға түрлі-түрлі тапсырмалар беріледі.
Бақылау-тексеру жұмыстары арқылы оқушылар жаңа есептер шығарады, олардың білімдері, оқиғаларды, хронологияны білуі тексеріліп, диктанттар, мазмұндамалар, шығармалар жазылып, бұйымдар әзірленіп, сурет салынып, сызба жұмыстары жүргізіледі, баяндама, рефераттар оқылады.
Оқушылардың дайындығын зертханалық-тәжірибелік жұмыстар арқылы тексеру
Зертханалық жұмыстар арқылы тексеру физика, химия, биология, еңбек пәндерінде оқушыларға құралдар, қондырғылар арқылы тәжірибе жасатып, шамаларды өлшету үшін қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |