Тарихи деректер. Трихофития тері мен оның туындыларын зақымдайтын саңырауқұлақтар тудыратын дерматофитоздар (дерматомикоздар) деп аталатын аурулар тобына жатады. Әсіресе, микроспорияға өте ұқсас болады да, бұл екі ауруды қысаға (орысша - стригущий лишай) деген ортақ атаумен атайды. 1841 ж. Груби микроспорияның, ал 1845 ж. Малмстен трихофитияның қоздырушысын ашты. А.Х. Саркисов бастаған кеңес ғалымдары (1971) трихофитияға қарсы ТФ-130 вакцинасын өндіріске енгізді.
Қоздырушысы – жетілмеген саңырауқұлақтар Fungy imferfecti тобына жататын Trichophyton туыстастығының өкілдері. Ашатұяқтыларда аурудың негізгі қоздырушысы – Trichophyton verrucosum, жылқыда – Tr.eguinum, түйеде – Tr. Sarkisovi, терісі бағалы аңдарда, қоян, теңіз тышқаны және басқа кемірушілерде – Tr.mentagrophytes.
Ауру қоздырушысы сыртқы ортада төзімді келеді. Зақымданған жүн талшығында жылға дейін, көң мен садырада 3-8 ай, топырақта 5 ай бойы сақталып, кейбір қолайлы жағдайда тіпті өсіп-өне алады. Ультракүлгін сәуле жойқын әсер етеді, қайнаған суда 2 мин ішінде, құрғақтай қыздырғанда 60-62С-та 2 сағатта өледі. 2-5% карбол қышқылы, 1-3% сілтілер, 1- 3% формальдегид, 1-2% салицил қышқылы ерітінділері трихофитондарды 15- 30 мин аралығында өлтіреді.
Трихофитиямен барлық мал түліктері, құстар, терісі бағалы аңдар, тышқан, егеуқұйрық, жабайы аңдар ауырады. Ауру жылдың барлық мезгілдерінде кездессе де, қыста жиі байқалады. Оның себебі - бұл маусымда малдың күтімінің нашарлауы және күн сәулесінің ауру қоздырушысына әсерінің төмендеуі. Ауру қоздырушысының негізгі бастауы – ауырған жануарлар. Олардан инфекция тікелей жанасу немесе әр түрлі заттар арқылы беріледі. Аурудың таралуына тышқан тұқымдас кемірушілер де себепкер болады.
Достарыңызбен бөлісу: |