Жыныс ернеулері - labia pudenda (vulvae) - теріден, жыныс саңылауларының қысқыш бұлшықеттерінен және кілегей беткейінен тұрады. Олар дорсальды және вентральды бұрыштар арқылы жалғасады.
Клитор - clitor - үңгір қуысты денеден құралған. Оның екі аяқшасы, денесі және төбесі болады. Клитордың аяқшалары шонданай төмпешігіне бекиді.
Аналық жыныс органдарының әр малға тән ерекшеліктері
Бие жатыры қос мүйіздерінен, денесі және қалың қабырғалы цилиндр пішінді жатыр мойынынан тұрады. Жатыр мүйіздері алға бағытталған, ұштары доғаланып аяқталады. Пішіні доға тәрізді, сәл иіліп тұрады. Мүйіздің дөңес жиегі төмен, ал ойыс жиегі жоғары қарай бағытталады. Одан таралған жалпақ жатыр байламы қынапқа дейін созылады.
Ит жатырының мүйіздері ұзын, жіңішке және тік. Пішіні римше V санына ұқсайды. Жатыр денесі одан 4-5 есе қысқа, қабырғасы жұқа болады. Кілегей беткейінде көлденең орналасқан қатпарлар кездеседі. Жатыр мойыны қысқа, қабырғасы қалың, вентральды жиегімен қынапқа шығады.
Шошқаның жатыр мүйіздері жіңішке, ұзын 200 см дейін жетеді. Пішіні аш ішек имектеріне ұқсас келеді, құрсақ қуысында жатырдың жалпақ жалғамы арқылы ілініп тұрады. Жатыр денесі қысқа (5 см), ал мойны одан үш еседей ұзын келеді. Жатыр мойынының кілегей беткейіндегі 14-20 қатпарлар, тістесе жабысып мойынға әл береді. Мойын шекарасыз қынапқа ауысады.
Сиыр мен кіші қара малдарда жатыр мүйіздері иіліп қошқар мүйізіне ұқсас келеді. Мүйізі мен денесінің кілегейлі қабығында әр қатарында 10-14 тен төрт қатар орналасқан жатыр сүйелшелері (карункулалары) - caruncula uteri - болады. Карункулаларда іштегі төл қабықтарының бүрлері байланысатын жатыр кірмелері орналасады. Кіші қара малдардың жатыр карункулаларының беті шұнқырланып келеді.
Лабораториялық сабақ 8
А Н Г И О Л О Г И Я - ТАМЫРЛАР ЖҮЙЕСІ
Тамыр жүйесі - angiologia - органдарды, ұлпаларды, жасушаларды тіршілікке қажетті (қоректі заттармен, оттегімен, гормондармен, дәрумендермен, жылумен т.б.) заттармен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қан-тамыр жүйесі арқылы дене бойындағы мүшелерден, ұлпалардан, жасушалардан зат алмасу процесінде мөлшерден көп жиналған заттарды - су, тұздар, көмірқышқыл газы, улы қоспалар организмнен тыс шығарып тұрады. Ағза бойындағы сұйық дәнекер ұлпа - қан және лимфа түйық қан-тамыр шеңберлерінің бойымен ағады. Қан және лимфа сүйықтықтары ағзаның ішкі орталығы болып саналады олар бір-бірімен қызметі, морфологиялық, генетикалық жағынан тығыз байланысты, құрамы плазмадан және қан жасушаларынан тұрады. Тамырлар бойымен ағатын қанның көлемі жалпы салмақтан алғанда мысалы, жылқыда - 9,8%, ірі қара малда - 8%, шошқада - 4,6%, итте - 6% , тауықта - 8,5% құрайды.
Тамырлар жүйесінің негізін - қан және лимфа сұйықтары құрады. Олар ағзаның ішкі орталығы болып саналады, организмдегі зат алмасуды қамтамасыз етеді. Дене қызуының реттелуі, қан құрамындағы лейкоциттердің қорғаныс қызметін атқаруы мен және жүйке жүйесінің қызметінің әсерінен іске асады. Тамырлар бойымен ағатын қанның көлемі жалпы салмақтан алғанда мысалы, жылқыда 9,8%, шошқада 4,6% құрайды.
Тамырлар жүйесіне жататындар: жүрек - қанды тамырлар бойымен жүргізетін; артериялар (салатамыр) денеге қанды тарататын; веналар (көктамыр) қанды жүрекке тасымалдайтын; капиллярлар (қылтамыр); анастомоздар - дененің перифериялық аумақтарында артерия мен вена тамырларын жалғастыратын.