Жүрекқап - pericardium - жүректің сыртындағы тығыз дәнекер ұлпадан құралған қапшық. Ол екі серозды қабықтан тұрады - висцеральды және париетальды. Висцеральды қабық - lamina visceralis - жүректі қаптайды ол эпикард деп аталады, ал париетальды қабық - lamina parietalis - жүрек аумағындағы қуыстың ішкі беткейін астарлайды.
Перикард қуысы - cavum pericardiaca - екі серозды қапшықтардың аралығындағы саңылау, ондағы серозды зат қабықтар беткейін ылғалдандырып, қимыл кезінде үйкелісті азайтады.
Жүрекқаптың негізін - фиброзды қабық - lamina fibrosa - құрайды, ол көкірек қуысындағы шандыр (фасция) төс сүйегінен жалғасқан. Оған перикальды плевра - pleura pericardiaca – жабысып аралық плеврадан көшкен және жүректің париетальды қабығы қосылып жүрекқапты құрады.
Жүрекқап жалғам арқылы төс сүйегіне тіркеседі, ал омыртқа жотасына веналар арқылы бекиді.
Жүрек - cor, kardia - күрең-қызыл түсті іші қуыс бұлшықетті мүше, қан мен лимфаның тамырлар бойымен ағысын қамтамасыз етеді. Жүректің дорсо-краниальды бөлігін жалпақтанып келген, жүрек негізі - basis cordis - каудо-вентральды сүйірленіп келген бөлігін жүрек ұшы apex cordis - деп атайды. Жүректің алдыңғы шеті дөңес, ал артқы шеті тік келеді.
Жүректің негізінен көлденең тәждік сай - sulcus coronarius - өтеді оның бойындағы оң және сол тәждік артериялар жүрек қабырғасын қоректендіреді. Тәждік сайдан жүректің сүйірленген бөлігіне оң жақ және сол жақ ұзын жолақтар - sulcus longitudinalis dexter et sinister - өтеді, артқы беткейінде қосымша сай - sulcus longitudinalis accessories - болады. Аталған жыралардың бойымен аттас қантамырлар жүреді, жүрек қарыншаларының қабырғасын қоректендіретін.
Жүрек қабырғасы үш қабаттан құралған: эндокард, миокард және эпикард.
Эндокард - endocardium - жүректің ішкі қабаты, эластикалық ұлпадан тұратын, эндотелиймен қапталған. Миокард - myocardium - ортаңғы қабат, жүрек бұлшықетінен құралған. Жүрекше және қарынша бұлшықет салалары бір-бірімен араласпайды, тек атриовентрикулярлық тесік аумағында фиброзды сақина бөледі. Жүрекше және қарынша қабырғаларының қалындығы әр деңгейде болуы, жүрек бұлшықетінің атқаратын қызметімен байланысты. Эпикард - epicardium - жүректің сыртқы сір қабаты.
Жүрек, ішкі жүрекше және қарынша перделері арқылы - septum atrium et ventriculum - төрт қуысқа бөлінеді. Жүректің бойында тәждік сайдан жоғары екі және одан төмен екі қуыс болады. Үстінгі екі қуысты оң жақ және сол жақ жүрекшелер (құлақшалар) - atria dexter et sinister, ал астыңғы екі кеңістікті оң жақ және сол жақ қарыншалар - ventriculus dexter et sinister - дейді. Оң жақ жүрекше оң жақ қарыншамен, сол жақ жүрекше сол жақ қарыншамен жалғасады. Оң жақ бөліктегі қан сол жақ бөліктегі қан мен араласпайды. Тек ұрықтық кезенде оң жақ сол жақ жүрекшелер аралығында овальды тесік арқылы қатынас байқалады. Туғаннан кейін ол тесік бітіп кетеді.