Жамбас- ортан жілік буыны(articulatio coxae) жамбас сүйектің ұршық шұнқыры мен ортан жілік басының байланысуынан құралған қарапайым, көп білікті буын.Ұршық шұңқырының шеміршек ернеуі ойығынан жоғарылау орналасқан көлденең байлам ұршық шұңқырын тереңдетеді.
Жамбас - ортан жілік буыны қуысында ұршық шұнқыры мен ортан жілік басындағы шұнқырларды байланыстырып тұратын буын ішіндегі жұмыр байлам (Ligamentum teres) болады. Жылқыда құрсақтың тік бұлшық етінің сіңірі шат төмпегін ортан жілік басының шұнқырымен байланыстырып, артқы аяқтың бүйірге қозғалысын шектейді. Бұл сіңірді қосымша байлам деп атайды.
Сондықтан, жылқы бүйірге тебе алмайды, тек артқа қарай тебеді, ал сиыр және басқа жануарлар бүйірге тебе алады.
Тобық буыны(articulatio genus) ортан жіліктің дистальды эпифизінің латеральды және медиальды айдаршықтарынан, асықты жіліктің проксимальды эпифизінің латеральды және медиальды айдаршықтарынан, аталған жіліктер айдаршықтар аралығындағы латеральды және медиальды шеміршек тегіршектерден және тобық сүйектен құралған күрделі, бір білікті буын. Тобық буыны бірнеше буыннан тұрады: тобық сүйек және ортан жілік, асықты жілік буындарынан.
Тобық сүйек буынын(articulatio femoro-patellaris) тобық сүйек пен ортан жіліктің дистальды эпифизінің алдыңғы буын шығыры құрайды. Буынның буын қапшығынан басқа, ортан жілікті тобық сүйекпен байланыстыратын көлденең латеральды және медиальды ортан жілік тобық байламдары болады. Тобық сүйектің латеральды, ортаңғы және медиальды тік байламдары оны асықты жіліктің проксимальды эпифизіндегі қырмен байланыстырады.
Ортан жілік - асықты жілік буынын (articulatio femoro-tibialis) аталған жіліктердің айдаршықтары өзара латеральды және медиальды шеміршек тегіршектер арқылы байланысып құрайды. Аталған буын бірнеше байламдардан тұрады: ортанжілік тегіршік байлам, алдыңғы және артқы асықты жілік-тегіршік байламдар, латеральды және медиальды бүйір байлам.
Тілерсек буыны (articulatio tarsi) сирақ, тілерсек және артқы жіліншік сүйектерінен құралған күрделі, бір білікті буын. Буында буын қапшығынан басқа, тізе буынындағыдай ұзын және қысқа латеральды және медиальды бүйір, қатараралық, сүйектераралық байламдар болады.
Бақай буындарының құрылысы алдыңғы аяқтың бақай буындарының құрылысына ұқсас.
Бақылау сұрақтары:
1. Қаңқа сүйектерінің байланыс түрлерін атаңыз.
2. Сүйектердің тұтаса байланысы туралы түсінік, оның түрлері мен құрылысы.
3. Бас сүйектерінің байланысы.
4. Омыртқа бағаны сүйектерінің байланысы
5. Көкірек керегесі сүйектерінің байланысы.
6. Алдыңғы аяқ сүйектерінің байланысы.
7. Артқы аяқ сүйектерінің байланысы.
8. Буынның құрылысы.