Байланысты: 1 глоссарий агглютинация – осымшаларды бірінен со біріні жал
2 Сөз құрамы. Сөз сөйлем құрамында әр алуан тұлғада, әр алуан құрамда кездеседі. Сөз құрамындағы дербес грамматикалық мағынасы бар бөлшектерді морфема деп атаймыз. Морфема – сөздің ең кіші мағыналы бөлшегі. Морфема бойындағы мағынаның қандай мағына екендігіне қарай түбір морфема және қосымша морфема болып екіге бөлінеді. Бойында грамматикалық мағынамен қатар лексикалық мағынасы бар морфемалар – түбір морфема деп аталады. Бойында лексикалық мағынасы жоқ, тек грамматикалық мағынасы ғана бар морфемалар қосымша немесе көмекші морфема деп аталып жүр.
Түбір морфема мен түбір сөз дыбыстық құрамы жағынан бір біріне сәйкес келуі де, сәйкес келмеуі де мүмкін. Мысалы, бас, бет, қол сияқтынұсқаларды әрі түбір морфема деп те, әрі түбір сөз (түбір морфемадан тұратын сөз) деп тани береміз. Өйткені бұларды түбір морфема деуге берілген нұсқаларды бұдан әрі мағыналы бөлшектерге жіктеу мүмкіндігінің жоқтығы негіз болады. Ба-с немесе б-ас түрінде бөлшектесек, бөлшектердің мағынасы бас морфемасының лексикалық мағынасымен еш ұштаспайды, тіпті ешбір мағынаның (лексикалық, грамматикалық) иісі де байқалмайды, яғни, бұл бөлшектер мағынасыз дыбыс және буын деңгейінде қалып қойды. Берілген нұсқаларды сөз деп тануға дербес лексикалық мағынасымен (кейде келтірінді, образды мағынамен) түбір, кейде қосымша, яки көмекші морфемалармен түрленіп қолданылатыны негіз болады. Сонымен түбір морфема кейде түбір сөзге сәйкес келеді, басқаша айтсақ, сөз түбір морфемадан ғана тұруы мүмкін.
Түбір морфема мен түбір сөз бір біріне сәйкес келмейтін жағдайлар да кездеседі. Олардың сәйкессіздігі тарихи-салыстырмалы әдістің нәтижесінде анықталады. Мысалы, үйрен – үйрет жұбын салыстырсақ, бүгінгі таңда бұлардың әрқайсысы жеке-жеке түбір сөз (негізгі түбір сөз) деп танылғанмен, бұлардың лексикалық мағыналарының ұштасуы және сөздердің құрамындағы -н, -т морфемаларының бүгінгі таңда етіс жұрнақтары ретінде қолданылуы, үйрен – үйрет жұбында ортақ түбір морфеманың бар екенін дәлелдейді. Алайда үйре- түбір морфемасы (көне нұсқасы – өгре) бүгінгі тілімізде осы қалпында қолданылмайтындықтан, сөз деп тани алмаймыз.
Қазақ тіліндегі қосымша морфемалар өз ішінен қызметтеріне қарай жұрнақ және жалғау болып екіге бөлініп жүр.
Жұрнақ – дербес грамматикалық мағынасы бар, сөзден жаңа сөз жасайтын немесе сөзді түрлендіретін қосымшалар. Осы қасиетіне қарай жұрнақтар сөз тудырушы жұрнақтар және сөз түрлендіруші жұрнақтар болып екіге бөлінеді. Сөз тудырушы жұрнақтарға өзі қосылған сөздің лексикалық мағынасына өзгеріс әкеліп, жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуына себепкер болатын қосымшалар жатады. Мысалы, тара-қ, бөл-ім, ой(ы)н-а, баға-ла, қос-ақ, ел-ші, т.б.. Сөз тудырушы жұрнақ өзі қосылған сөздің лексикалық мағынасына өзгеріс енгізіп, жаңа лексикалық мағынаның қалыптасуына себепкер болғанмен, туынды сөздің лексикалық мағынасы оған негіз болған (түбір немесе туынды) сөздің лексикалық мағынасынан алыстап кетпейді, онымен ұштасып жатады, дұрысында содан туындап жатады, бірақ одан басқа лексикалық мағына болып табылады. Тарақ сөзінің жасалуына негіз болған сөз – тара. Тараның лексикалық мағынасы - «ұйысқан заттарды (шаш, шөп, т.б.) құрал арқылы салалап ажырату немесе жинастыру әрекеті». Осы лексикалық мағынасы арқылы тара сөзі сөз табы ретінде етістіктер қатарынан орын алады. Ал бұл сөзден -қжұрнағы арқылы туындаған тарақ сөзінің лексикалық мағынасы – «ұйысқан заттарды (шаш, шөп, т.б.) салалап ажырату немесе жинастыруға арналған құрал». Тарақ сөзі осы мағынасы арқылы зат есімдер қатарынан орын тебеді. Бірінен бірі туындаған екі сөздің лексикалық мағыналары бір-бірімен ұштасып жатыр, бірақ әр басқа мағыналар: бірі әрекетті атайды, екіншісі осы әрекетке қатысты еңбек құралын атайды.