5.2 сатыда алдыңғы сатыда анықталған сөз түрлендіруші тұлғалардың сөзді түрлендіру тәсілі көрсетіледі.
5.3 сатыда алдыңғы 5.1 сатыда санамаланып анықталған сөз түрлендіруші тұлғалардың мағыналары тіркеледі. Егер морфема полисемиялы (көпмағыналы) болса, барлық мағынасы жіктеліп жазылады. Сөз түрлендіруші тұлғалардың грамматикалық мағыналарын айқындап жазып отыру олардың 5.5.1 және 5.5.2 сатыларда сөз болатын синтаксистік қызметтерін тексеруде қажет болады.
5.4 сатыда әрбір сөз түрлендіруші форманың мағынасы қай грамматикалық (немесе лексика-грамматикалық) категорияға жататыны айтылады. Егер тұлғаның мағынасы (мысалы, шылау, көмекші есімдер, т.б.) сөз таптарындағы белгілі ешқандай грамматикалық категорияның парадигмасына кірмесе, еш жауап жазылмайды немесе «жоқ» деген жауап жазылады.
Соңғы 5.5 сатыда тек сөздердің синтаксистік байланысына, синтаксистік қызметіне қатысы бар қосымшалардың қызметтері талдауға түседі. Егер аталған қызметтер сөз түрлендіруші тұлғаларда болмаса, «жоқ» деген жауап жазылады.
Осындай тапсырмаларды орындау нәтижесінде әр сөз түрлендіруші қосымшаның грамматикалық мағыналарының сөздің синтаксистік қызметіне қатысы туралы түсініктер қалыптасады. Бұл келешекте синтаксистік талдауларды сауатты орындауға септігін тигізетін болады. Сөйтіп, тілдің біртұтас грамматикалық құрылысы, жүйесі туралы кешенді білім беруге септігі тиеді.
№ 2 дәріс. Сөз тұлғасы. Сөз құрамы.
Дәріс жоспары:
Түрленуші сөздің морфологиялық тұлғасы туралы
Сөз құрамы
1 Түрленуші сөздің морфологиялық тұлғасы туралы. Сөз тұлғасы дегеніміз не? Яғни талдаудың бірінші сатысында сөз қай қырынан анықталады?
Сөз тұлғасы деген термин грамматикалық оқулықтарда екі түрлі жағдайда қолданылып жүр. Біріншіден, бұл термин лексикалық мағынасы арқылы белгілі бір сөз табының қатарына жататын лексика-грамматикалық бірліктердің сыртқы тұрпатына байланысты пайдаланылса, екіншіден, аналитикалық немесе синтетикалық тәсіл арқылы түрленген сөз нұсқаларына қатысты да қолданылады.
Әдетте, белгілі бір сөз табына жататын сөздердің тұлғасы туралы оқулықтарда «сөз тұлғасына қарай беске бөлінеді, олар: 1) негізгі түбір сөз немесе жай ғана түбір сөз; 2) туынды түбір сөз немесе туынды сөз; 3) біріккен (түбір) сөз; 4) қос сөз; 5) қысқарған сөз» деген анықтамалар беріліп жүр. Бұл жіктеу сөздің (бір ұғымды білдіретін, лексикалық мағынасы бар грамматикалық бірліктің) морфемдік құрамына және сөздердің жасалу тәсілі мен жолдарына, сонымен қатар сол сөздердің жазылу ерекшеліктеріне, яғни, сыртқы тұрпат-келбетіне негізделгендігі байқалады. Бірақ жеке лексикалық мағынаға ие болып тұрса да, тіркесті күрделі сөздер мен фразеологиялық тіркестер көрсетілген бес қатардың ешқайсысына кірмей қалады.
Сондықтан сөзді тұлғасына қарай бөлгенде: 1) негізгі түбір сөз; 2) туынды сөз; 3) біріккен (түбір) сөз; 4) қос сөз және 5) тіркесті сөз деп беске бөлуді ұсынамыз. Мұндағы тіркесті сөз ұғымы он бес, көк ала, барып қайт сияқты екі немесе одан да көп түбірдің тіркесінен жасалған күрделі, сөзді құраушы сыңарлары бір-бірінен бөлек жазылатын құрылымдарды да, фразеологиялық тіркестерді де, қысқарған сөздерді де қамтиды.
Сөз сөйлемге лексикалық мағынасы арқылы қандай да бір ұғымды білдіру үшін қатысады. Жалаң немесе күрделі ұғымдардың атауы болатын лексикалық бірліктер морфемдік құрамы, жасалу тәсілі мен жолдары, қалыптасқан жазылу сипаты жағынан әрқилы. Бірі жалаң түбір арқылы бір ұғымды білдірсе, енді бірі түбір мен сөз тудырушы қосымшадан тұрып, жаңа ұғым атауы болады. Енді бір ұғымдар кемінде екі түбірдің қатысуы арқылы беріледі. Олардың жазылуы да біркелкі емес: біреулері біріктіріліп жазылса, келесілерін дефис арқылы жазу заңдастырылған, сондай-ақ кейбір бірнеше сөздің тізбегінен тұратын атаулар ықшамдалып (қысқартылып) та жазылады, енді бір сөздер бір ғана лексикалық мағынаны білдіргеніне қарамастан бөлек те жазылады.
Сонымен, сөз тұлғасы деген терминді морфемдік құрамы әрқилы, жасалу жолы, жазылуы әр басқа, белгілі бір сөз табының қатарына жататын жеке лексикалық мағынасы бар тілдік бірліктерді бір-бірінен ажырату мақсатында ғана қолдануды ұсынамыз. Ал аналитикалық (келе алмады, ермек үшін, т.б.), немесе синтетикалық (қолы, үріккен, т.б.) тәсілдер арқылы түрленген сөздерге қатысты сөздің (аналитикалық, синтетикалық тәсіл арқылы) түрленген тұлғасы деген термин лайық сияқты.
Сонымен қатар сөз тұлғаларының қатарын тіркесті сөздер (бұл қатар өз ішінен негізгі түбірлердің (сөздердің) тіркесінен (көк ала) тұратын, негізгі түбір мен туынды түбірлердің (сөздердің) тіркесінен (ақ көйлекті) тұратын, негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесінен (жәрдем қыл, бұрқ ет) тұратын және фразеологиялық тіркестер деген топтарға жіктеледі.) деген ұғыммен толықтырамыз.
Негізгі түбір сөздерге жалаң түбірден ғана тұратын, дербес лексикалық мағынасы бар, белгілі бір сөз табының қатарынан орын алатын сөздер жатады. Мысалы, бас, қол, кел, отыр, сат, қара, сары, әрең, лезде, т.б.
Ескерту: Тарихи тұрғыдан өз ішінен түбір мен қосымша морфемаларға жіктелетін, қазіргі кезде түбір морфемасы сөз ретінде қолданылмайтын кү-н, кү-й, кү-л, оя-н, оя-т, ал-қа, ал-ға, т.б. сөздерді де, сондай-ақ түбір морфемасы қазіргі тілімізде жеке сөз ретінде қолданылатын, бірақ қосымшасы консервация құбылысына ұшыраған зорға (зор-ығ-а), бірге (бір-іг-е), бекерге, артқа, шалқасынан, т.б. с.с. сөздерді де негізгі түбір сөздердің қатарына жатқызу керек. Өйткені соңғы мысалдардағы қосымшалар (көсемше жұрнағы мен септік жалғаулары) бұрын өзі жалғанған сөздің синтаксистік қызметін белгілеуге қатысқанымен, қазір бұл қызметтерін тоқтатқан (яғни, түрлендіруші тұлға болып, ешқандай грамматикалық мағына білдіріп тұрған жоқ), тек синтаксистік қызметі арқылы жаңа семантикаға ие болып қалыптасқан туынды сөздің құрамында сақталып қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |