Синтетикалық тәсіл – сөздің сөз түрлендіруші қосымшалар арқылы түрленуі, аналитикалық тәсіл – сөздің көмекші сөздердің қатысуы арқылы түрленуі.
Сөз сөйлемде әрқашан сөз түрлендіруші грамматикалық тұлғалар арқылы түрленіп қолданылмауы да мүмкін. Өйткені сөйлемде түрленбей, түбір (негіз) қалпында қолданылатын сөз таптары да бары белгілі. Талдау барысында ондай сөздер кездессе, бесінші сатыда бірнеше сатыға жіктелетін бірнеше жауаптың орнына «түрленбеген сөз», немесе «түбір (негіз) қалпында қолданылған сөз» деген бір ғана жауап жазылады. Түрленіп қолданылатын сөз таптарының ішінде зат есім мен сын есімнің, үстеу мен еліктеу сөздің үнемі түрленіп жұмсалуы міндетті емес. Сөйлемде түрленбей жұмсала алмайтын сөз табы – етістік қана.
Сонымен қатар сөйлемде жұмсалған сөздердің ішінде арнайы дыбыстық кешені бар грамматикалық морфема-қосымшалармен түрленбесе де, грамматикалық мағынаға ие болып тұратын, ал ол грамматикалық мағына қандай да бір грамматикалық категорияның мағыналарының парадигмалық қатарына енетін сөздер де кездеседі. Орыс тіл білімінде мұндай сөздер «нөлдік жалғаудағы сөздер» («слова с нулевыми окончаниями») деп, қазақ тілінде «нөлдік тұлғадағы (формадағы) сөздер» деп аталып жүр. Сөзге қандай да бір грамматикалық категорияның грамматикалық мағынасының үстелу құбылысы грамматикалық мағынаның нөлдік тұлға (форма) арқылы берілуі деп танылады. Грамматикалық мағынаның мұндай жолмен берілуі қазақ тілінде, негізінен, жалғаулар (септік, жіктік, тәуелдік жалғаулары) арқылы ғана жүзеге асады. Сондықтан грамматикалық мағынаның бұлай берілуін грамматикалық тұлға (форма) арқылы берілу дегеннен гөрі грамматикалық жалғау арқылы берілу деп, ал ол мағынаны қалыптастыратын нөлдік қосымшаны нөлдік жалғау деп атаған орынды сияқты.
Нөлдік қосымшалар арқылы берілетін грамматикалық мағыналар - жақ, септеу, тәуелдеу категорияларының мағыналары. Ал бұл грамматикалық категориялардың грамматикалық мағыналары, негізінен, синтетикалық тәсіл арқылы беріледі. Нөлдік жалғаулардың мағыналары да жақ, септеу, тәуелдеу категориясындағы мағыналар парадигмасынан орын алады. Сондықтан сөздің нөлдік жалғаулар арқылы түрленуін синтетикалық тәсіл арқылы түрленуі, оның ерекше бір түрі деп таныған орынды.
Сөз бір емес, екі не одан да көп сөз түрлендіруші морфема қабылдап бірнеше қайтара түрленуі де мүмкін. Мұндай жағдайда әр сөз түрлендіруші білдіретін мағынасы (талдаудың 5.3 сатысындағы) арқылы түбірге жалғану ретімен жіктеліп көрсетіліп, жеке-жеке сөз етіледі.
Сонымен, сөздің түрлену тәсіл(дер)і 5.1 сатыда айқындалатын сөз түрлендіруші морфемалар негізінде анықталады.
Бесінші сатының 5.1 және 5.2 сатыларындағы мәліметтер сатыларға дейінгі талдауларда, морфемдік талдау барысында, бір рет талдаудан өткен, енді оны қайталаудың қажеті қанша деген сұрақ тууы мүмкін. Қайталаудың өзіндік себептері бар. Біріншіден, морфемдік талдауда сөз құрамындағы морфемалар жалпылай сипатталады. Онда морфемалардың түбір не қосымша екендігі, қосымшалардың жұрнақ не жалғау екендігі, ол қосымшалардың аттары анықталғанмен, олардың грамматикалық мағыналары сөз бола бермейді, тұлғалық бүтіндігіне көп назар аударылмай қалады. Ал бесінші сатыда бұл мәселелер арнайы сараланады.
Грамматикалық форма сөйлемге өз мағынасы арқылы ғана, сол мағынасы сөйлемнің дұрыс түзілуіне қажет болғандықтан ғана, қатысады. Тілдің грамматикалық құрылысы туралы түсінік, білім толық болу үшін грамматикалық форманың дыбыстық жағын жақсы танып, білумен қатар, оның мағынасы мен қызметтеріне де талдау жасай білу, қажет десеңіз, жатқа білу керек. Бұл – тілші-филологтың бірінші міндеті.
Морфемдік талдау барысында шаба жөнелді сияқты мысалдарды талдауда шап – түбір морфема, етістік; -а – көсемше жұрнағы; жөнел – түбір морфема, көмекші етістік; -ді – қосымша морфема, сөз түрлендіруші қосымша, жедел өткен шақ жұрнағы деген мазмұндағы сипаттаудан аса алмаймыз. Егер осы мысалдағы көмекші морфемалардың грамматикалық мағыналарына үңілер болсақ, -а жөнел– көсемше жұрнағы мен көмекші етістіктің бірлігі сөзге қимылдың тез қарқынмен (қимылдың өту амалы категориясына қатысты мағына) басталғанын (қимылдың өту кезеңіне қатысты мағына) білдіретін грамматикалық мағына үстеп тұрған бір ғана (біртұтас) грамматикалық форма екенін анықтаймыз. Оған дәлел –акөсемше жұрнағы әдетте жіктік жалғаудың алдында келгенде білдіретін шақтық мағыналар (ауыспалы келер шақ немесе дағдылы осы шақ) етістік мазмұнынан байқалмайды, етістіктегі шақтық мағына жедел өткен шақ жұрнағы арқылы берілген. Ендеше, –акөсемше жұрнағы сөздің құрамында не үшін жұмсалған, қандай мағына білдірген деген сұрақтарға жауап іздесек, оның жөнел көмекші етістігімен бірлікте, екеуі біртұтас тұлғаға (аналитикалық формантқа) айналып, жоғарыда көрсетілген мағынаны білдіру үшін жұмсалғанын байқаймыз. Сөйтіп, бесінші сатыда әр сөз түрлендіруші тұлғаның өзін атап қана қоймай олардың әрқайсысының дербес грамматикалық мағыналары туралы терең білім алуға жол ашамыз.
Сонымен, 5.1 сатыда сөздің құрамындағы сөз түрлендіруші морфолгиялық тұлғалар грамматикалық мағына беру тұтастығы бойынша сөзге жалғану ретімен санамаланып жазылады.