«Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының он төртінші тармағына сәйкес:
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындаған кезде соттар заңда көрсетілген жеңілірек жазаны неғұрлым ауыр жазаға сiңiру немесе тағайындаған жазаларды толық немесе iшiнара қосу қағидаттары үкiмде уәжденуге тиіс екенін ескерулері қажет.
Жеңілірек жазаны неғұрлым ауыр жазаға сiңiру қағидатын қолданған кезде жазалардың қатаңдық дәрежесi ҚК-нiң 40-бабында қандай ретпен көрсетiлсе, сондай рет бойынша анықталатынын соттардың ескергендері жөн. Жиынтыққа кiретiн қылмыстық құқық бұзушылықтың әрқайсысына жазаның бiр түрi тағайындалған кезде, олардың iшiндегi мерзiмi мен мөлшері көп жаза неғұрлым қатаң жаза болып есептеледі. Егер жиынтыққа кiретiн қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін түрi мен мөлшерi бойынша бiрдей жаза тағайындалса, онда бiр жазаны басқа жазаға сіңіру жолымен түпкілікті жаза тағайындауға олар қылмыстық заңның тиiстi баптарының ең жоғарғы санкциялары шектерінде тағайындалған жағдайда ғана жол беріледі.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы кезінде негізгі және қосымша жазаларды әр қылмыстық құқық бұзушылық үшін жеке тағайындалады, ҚК-нің 50-бабына сәйкес қосымша жазаны тағайындаған кезде дәл осындай әрекет жасалуы қажет, одан кейін ҚК-нің 58-бабына сәйкес түпкілікті жаза тағайындалады. Толық қосу кезінде жазалардың мерзімдері мен мөлшерлері ҚК-нің 61-бабының талаптарына сәйкес қосылады. Жазаларды ішінара қосу кезінде неғұрлым қатаң жазаға жеңілірек жазаның бір бөлігі қосылады. Қосылған жазаның мерзімдері мен мөлшерлері ҚК-нің 58-бабында белгіленген шектерден аспауы керек. Егер жиынтықты құрайтын қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қосымша жазаның әр түрі тағайындалса, онда олар тиісті мөлшерлері мен мерзімдері келтіріле отырып, үкімде және түпкілікті жазаны тағайындау кезінде көрсетілуі тиіс.
Жазаны қосу немесе сіңіру қағидатын қолдану туралы мәселені шешу кезінде соттар осындай қағидаттардың бірін таңдау кезінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипатын, қоғамға қауіптілік дәрежесін және мән-жайларын, кінәлі адамның жеке басына қатысты мәліметтерді және жазаны белгілеуге ықпал ететін өзге де фактілерді әрбір нақтылы жағдайда ескерулері қажет – делінген.
4. Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау.
Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi сот жаза тағайындау кезiнде басшылыққа алуы тиiс бiрқатар ережелердi бекiтiп бердi. Онда, қылмыстық құқық бұзушылық сараланып отырған ҚК-тің Ерекше бөлiгiнің бабтарының санкциясында қарастырылған шекте жəне мөлшерде жазаны таңдау қажет екендiгi қарастырылған. Сонымен бiрге осы жалпы ережеден шығатын бiр ерекше жағдай бар, бұл ерекше жағдай сотқа заңда қарастырылған жазадан гөрi жеңiлiрек жаза тағайындау мүмкiндiгiн бередi. Аталған жағдай белгiлi бiр санкцияда қарастырылған ең төменгi жазаның өзi жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың жағдайларын ескере отырып қатаң деп танылған жағдайлар үшiн қарастырылған.