§12. Таралған таспаның сапасын бақылау
Иірімжіптің сапасы тарау машинасында алынатын таспаның сапасына байланысты. Сондықтан фабрикада шығарылатын өнімнің сапасын, таралған мақтаның сапасын бақлау, сызықтық тығыздығын тексеру, ақауларды анықтау жұмыстары жүргізіледі.
Таралған мақтаның сапасын 1 г-дағы ақаулармен бағалайды. Машинаның ені бойынша үш зонадан 1 г таралған мақтаны 20*30 см шынының арасына салып түйіндердің санын санайды. Егер онда талшықтардың қоюланғаны, дақтар, қоқыстар жоқ болса, сапасы жақсы болып саналады.
Таспаның сызықтық тығыздығын және бірдей еместігін әрбір 10 күнде бес, он метрлік кесінділерді квадрант таразыда өлшеу арқылы бағалайды.
Мақта тарау үрдісінде кездесетін ақаулар:
- түйіншектер. Жұмысшы органдарының арасындағы үлкен арақашықтықтан немесе гарнитураның өткірлігі төмендегенен болады;
- тарамның қоюлығы бойынша біркелкі еместігі. Гарнитураның жағдайы нашарлағанан, яғни, ескіргеннен, дұрыс бекітілмегендіктен болады;
- тарамның жыртық жиектері. Бас және түсіру барабандар гарнитурасының жиектері бұзылған, түбітпен бекітілген, жайғақтың бағыты дұрыс болмағандықтан.
Сонымен қатар, машинаның техникалық жағдайы нашар болғандықтан тарау үрдісі бұзылуы мүмкін. Таспа бас немесе түсіру барабанына оралып қалуы, таспа бастырғыш білікшелермен таспасалғыштың білікшелері арасында ілініп қалуы ықтимал. Қалпақты қыл-қыбырлар жаман түсіріледі немесе қабылдау және бас барабандардың астынан қалдықтар дұрыс шығарылмайды. Осының бәрі таспаның сапасын нашарлатады, машинаның өнімділігін төмендетіп қалдықтарды көбейтеді. Тарау машиналарында 4-7% қалдықтар пайда болады. Олар өзінің сұрыптарында қолданылатын қайтымды қалдықтарға бөлінеді, яғни жайғақтардың, таспаның және тарамның қалдығы. Ал екінші түріне қалдық тозаңдар жатады. Олар қайтарымды және қайтарымсыз болады. Біріншісіне қабылдау барабанынан түсетін жайғақтар, білікшелерден, бас және түсіру барабандарынан түсетін түбіт, тазартқыш біліктен түсетін түбіт және сыпырылған қалдықтар жатады. Қайтарымсыз қалдықтарға тарау кезеңінде шығатын шаң-тозаң жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |