§11. Тарау
Қопсыту-түту үрдістерінен кейін мақта қоспасында әлі де болса ұйысқан талшықтар қалады. Сондықтан жіп иіруге дайындау үшін мақта тарау үрдісінен өтеді.
Тарау үрдісінің мақсаттары және қойылатын талаптар.
Тарау үрдісінің мақсаттары:
- мақта шүйкелерін жеке талшықтарға бөлу;
- мақтаны қалған қоқыс қалдықтардан және қысқа талшықтардан тазарту;
- талшықтарды біршама түзету және қатарлау;
- затты жіңішкелеу және таспа қалыптастыру.
Олардың орындалуы тарау машиналарында арнайы гарнитураның қолданылуымен қамтамасыз етіледі. Тісті аралы металдан жасалған таспамен немесе иілгіш жіңішке инелі эластикалық таспамен қапталған жұмыс органдары мақта шүйкелерінен талшықтарды тарап, олардан қоқыс қалдықтарын, әсіресе жабысқақ қалдықтардан ажыратып алады.
Тарау үрдісі жауапты үрдіс қатарына жатады. Өйткені тарау нәтижесінде жартылай дайындалған зат немесе өнім алынады. Осы кезеңде талшықтарды қоқыс қалдықтардан тазарту толық аяқталады да, қалған талшықтар иірілетін жіп құрамына кіреді.
Сондықтан, тарау үрдісінің негізгі мақсаты – қоқыс қалдықсыз, жақсы бөлінген, түзелетін және қатар орналасқан талшықтардан тұратын біркелкі таспа алу.
Мақта жібін иіру фабрикалында қалыпты тарау машиналары қолданылады. Олардың жұмысшы органдары кардалық гарнитурамен қапталған.
Тарау машиналарын үш топқа бөледі:
- қалыпты немесе үлкен өнімді, ЧМС-450 типті;
- кіші көлемді, ЧММ-14 типті;
- екі барабанды, ЧМД-4 типті.
Тарау машинасының жұмыс жасау принципі.
Тарау машинасында үздіксіз тарау үрдісі кезекпен орындалатын үш технологиялық операциядан тұрады:
- затты жіңішкелеу және ірі қоқыс қоспалардан тазарту;
- талшықтарды тісті және инелі бетпен тарау;
- таралған жұқа талшық қабатын түсіру және таспа қалыптастыру.
Кең тараған кіші көлемді ЧММ-14 тарау машинасының технологиялық сұлбасы 21-суретте көрсетілген. Бункерден (1) мақта түтілген талшық қабаты түрінде шығару білікшелерімен (2) қамтушы столға (3) беріледі. Жай айналатын қамтушы білік (4) мақта қабатын қабылдаушы барабанның беті аралы таспамен қапталған. Олардың көмегімен салбыраған мақта қабатын ұсақ талшық шүйкелерге бөледі. Шүйкелер жүргізуші барабанның (6) тістерімен, оның астында орналасқан жұмысшы білікшемен (8) және тазартқыш білікшемен (7) өзара әсер ету көмегімен алдын-ала таралады, қоқыс қалдықтардан тазартылады да бас барабанға (9) жеткізіледі. Бұл барабан таспамен қапталған.
Қарқынды тарау бас барабанның (9) гарнитурасымен қалпақшалардың инелері арасында жүреді. Қалпақшалар қалпақшалы полотнода (10) орналасқан және эластикалық инелі гарнитурамен қапталған. Қалпақшалы полотно 10 инелі 74 қалпақшалармен жабылған.
74 қалпақшадан тарау зонасында 24 қалпақша тұрақты түрде жұмыс істейді.
Таралған талшықтар бас барабаннан түсіруші барабанға өтеді. Түсіруші барабан тұтас темір таспамен қапталған. Бірақ тістердің орналасу тығыздығы бас барабанмен салыстырғанда жоғары болады. Түсіру барабанынан таралған жұқа талшықтар қабаты білікті түсіру механизмімен (12) түсіріліп, бастыру біліктері (13) арқылы өтеді.
Бастыру біліктері қалған ұсақ жабысқақ қоқыстарды одан әрі ұсатады, олар таралған мақтадан шашылып түседі. Әрі қарай таралаған мақта қалыптастырғыш воронкадан (14) өтіп, таспа қалыптастырады.Таспа созу қондырғысында (15) 1,3-1,7 есе созылады. Қалыптасқан таспа таспасалғышпен (16) біркелкі сақина түрінде тегешке (16) салынады. Таспа салынған тегештер еденді тесікті транспортермен келесі таспалық машиналарға жіберіледі.
21-сурет. ЧММ-14 машинасының сұлбасы
Машина өздігінен тоқтайтын механизммен жабдықталған. Таспа үзілгенде немесе таспа салғыштың қақпағы ашылғанда машина тоқтатылады.
Қақпақшалардың, бас барабанның және түсіру барабанның гарнитурасында қысқа талшықтар, қоқыстар, ақаулар қалып қояды. Сондықтан белгілі мерзімде мақтаның қоқыстылығына қарай барабандардың гарнитураларын пневматикалық әдіспен сорып тазартады. Қалпақшаларды тарау машинасында орнатылған арнайы механизммен тазартады. Қыл-қыбырлар иіруге жарамжы болып саналады және төменгі сапалы мақта қоспасына қолданылады. (17) және (18) торлар жақсы талшықтарды барабанның (9) астына түсіп кетуден сақтайды. Ұсақ қоқыстар тор (17) арқылы камераға (19) түседі, ал қоқыс қоспалар және талшықты ақаулар барабанмен (6) камераға (20) лақтырылады.
Тарау машиналарының гарнитуралары.
Тарау машинасында орындалатын тарац үрдісінің сапасы гарнитураға байланысты.
22-сурет. Гарнитуралар түрлері және өзара орналасу сұлбасы
Аралы гарнитура қабылдау барабандарды қаптауға, аралы тұтас темір таспа – бас және түсіру барабандарға, ал иілгіш инелі гарнитура қалпақшаларға, кейде бас жәгне түсіру барабандарға қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |