Ауызекі сөйлеу тілінде қолданылып тіл шұбарлайтын варваризмдер де осылармен тектес: конечно, значит, что вы, давай, ну-ка, әйда; т.б.
66.Қазақ тіліндегі диалектілік лексиканың тақырыптық топтарын саралау Диалектілік лексикаға белгілі бір жердегі жергілікті тұрғындардың сөйлеу тілінде қолданаылатын сөздер жатады.Диалектілік сөздер бүкілұлттық лексиканың құрамына кіреді,бірақ олар жалпыхалықтық болып есептелмейді,өйткені олардың басым көпшілігінің жалпыхалықтық тілде баршаға түсінікті баламалары бар.Диалектілік сөздер тілдің әр түрлі деңгейіне қатысты болып келеді.
Фонетикалық ерекшеліктер түрінде кездеседі:үгей-өгей,күміскі-көмескі,құрытынды-қортынды,дұмалау-домалау,маңлай-маңдай,тыңла-тыңда,полат-болат,тоғару-доғару,малчы-малшы,бұяқ-бұл жақ,шаңғырақ-шаңырақ,құдағай-құдағи.
Морфологиялық ерекшеліктер түрінде кездеседі:малдаршылық-мал шаруашылық,кішірт-кішірейіт,әшкерт-әшкереле,пойызбынан-пойызбен,атпан-атпен,барулы-барды,барған,
келулі-келді,келген,алажақ-алашақ,бережақ-берешек,келелі-келейік,баралы-барайық,барғым бар-барғым келеді,барың-бар,келің-кел.
Лексикалық ерекшеліктер:ақыр-оттық,бойлай-үнемі,жамбарласу-жарамсақтану,көдек-икемсіз,бейсәубет-бет алды,жар-қабырға,жарын-келер жыл,сой-тұқым.
Диалектілік лексика-өзінің құрамы жағынан өзара бірыңғай емес.Олар нағыз лексикалық,этрографикалық,лексика-семантикалық диалектизм түрінде кездеседі.
Нағыз лексикалық диалектизмдер дегеніміз-мағынасы жағынан әдеби сөздермен сәйкес келетін,бірақ дыбысталуы одан басқа сөздер.Сол себепті олар әдеби сөздермен синонимдік қатынаста болып келеді,яғни бір зат ұғымы Қазақстанның әр жерінде әр түрлі аталады.Мысалы:әдеби кебек сөзі – диалектілер мен говорларда ұрпақ,буызы,күрпі ; әдеби сіріңке сөзі диалектілерде кеуірт,кәуірт,оттық,шырпы,шақпақ,спешке; әд.үлкен,зор сөзі диалектілерде дырау,нән,нәнбай,дығал,әйдік,жоян,шоң т.б түрінде айтылады.
Лексика-семантикалық диалектизм-дыбысталуы әдеби сөздермен бірдей,бірақ мағынасында ерекшелік бар сөздер.Ондай сөздер өздерінің әдеби түрлерімен омонимдік қатынаста болып келеді.Мысалы:әдеби тәртіп сөзі -Оралда нұсқау ,бұйрық ; әд.шалбар-Алматы обл сым;әд.долы(ашулы,ызақор)-Шымкент облысында бұршақ аралас нөсер жауын;әд.құлақ-Шымкентте мақтаның қауашығы,кішкене арық т.б мәнінде айтылады.Лексика-семантикалық диалектизмдер де әдеби тілге енбейді.
Этнографиялық диалектизмдерге белгілі бір жерге тән заттар мен құбылыстарды білдіретін сөздер жатады. Ондай сөздердің әдеби тілде баламалары болмағандықтан,мағыналары сөздіктерде тек түсіндіріліп беріледі. Мысалы:жозы (Алматы облысы) - аласа дөңгелек үстел; шырыш (Жам-былда) - үй төбесін жапқанда арқалықтың үстіне салынатын жіңішке агаштар, Семей жақта оны салдау агаш деп те атайды. Қасқарша (Қызылорда) - мойны ұзын жезқұман, әттік (Каспийде) - қармақтың тілі, алақшын (Түрікмен қазақтарында)пештің алдына шоқ жаю үшін жасаған орын, сыдыргай (Өзбекстан қазақтарында) - түгін бетіне шығармай тоқыған
кілем т. б.
Диалектілік сөздер негізінен әдеби тіл лексикасына кірмейді. Сөйлеуде, жазу жұмыстарында оларды орынсыз қолдану әдеби тіл нормасынан ауытқу болып табылады. Тек белгілі бір ұғымды білдіретін сөздер әдеби тілде жоқ болса, сондай жағдайда жергілікті сөздердің кейбірін баспасөз арқылы әдеби тілге енгізуге болады. Мысалы, әдеби тілде мал (көбінесе қой ешкі) екі төл туса, егіз дейміз, ал үш-төрт төл туса, оларды әдеби тілде нақты сөздермен білдіре алмаймыз. Ал Ақтөбе,Маңғыстау жерінде оларды үшен (үшем, төртен) төртем деп атайды. Бұл сөздер қазір мал шаруашылығына байланысты әдебиеттерде орнығып келеді. Осы күнгі әдеби тілде айтылатын зембіл (жүк көтергіш құрал), арасан суы (минерал суы),жейде (ер адамның көйлегі), пәрменді (қарқынды), мүдежат,немелтай (шөберенің балалары), ұжым (ұйым), кеден (таможня) т. б. жергілікті халық тілінен ауысып кірген сөздер. Бұлар негізінде этнографиялық диалектизмдерге жатады. Ал әдеби тілде жоқ уғымдарды білдіріп лексиканы байытатын кәсіби сөздердің көпшілігі кәсіби-диалектілік сипатта екенін ескерсек,әдеби тіл лексикасын толықтыратын қордың бір көзі диалектілерде жатқанын аңғару қиын емес.