2.3 Ежелгі Қытай философиясының жалпы сипаты, өзекті ұғымдары және даму кезеңдері Қытай философиясы өз дамуында негізгі үш кезеңнен өтті: 1) б.д.д. VII ғ. - б.д. III ғ. Ежелгі ұлттық философиялық мектептердің пайдa болуы мен қалыптасуы. 2) б.д. III-XIX ғ.ғ. - Қытайға үндіден буддизмнің енуі (б.д. III ғ.) және оның ұлттық философиялық мектептерге ықпалы. 3) б.д. XX ғ. Қазіргі кезең - қытай қоғамының тұйықтығының жойылып, қытай философиясының европалық және әлемдік философия жетістіктерімен баюы. 2.4 Қытай философиясындағы өзекті ұғымдар Ежелгі Қытай философиялық дәстүрі бойынша адам 3 түрлі космостық энергияның жиынтығы болып табылады: 1) цзин; 2) ци; 3) Шэнь. Цзин - тіршіліктің, жаратылыстың туылу, пайда болу қуаты. Бұл психофизиологиялық қуат екі түрге жіктеледі: 1) «Алдыңғы Аспан ұрығы» - адамға туа берілетін гендік программа, денелік - тәндік ерекшеліктер; 2) «Кейінгі Аспан ұрығы» - адамның өмір бойғы әрекеттерінің сипаты. Сонымен қатар цзин сексуалды энергияны да білдіреді. Ци - (цзин-туу энергиясымен салыстырғанда) дүние тіршіліктің құрылыс материялы қызметін атқаратын материалдық - рухани энергия. Ци энергиясы былай жіктеледі: 1) Заттық ци арқасында заттар мен тірі организмдер материалды формаға ие болады. 2) рухани ци - адам және тірі тіршіліктің жаны. Рухани ци-адам өмірінің негізі. Тәні-жаны сау, табысты, жолы болғыш адамның циі - «таза», «сәулелі». Әлсіз, ауру, жолы сәтсіз адамның циі «ауыр», «лас», «күңгірт». Табысқа, тәндік және рухани саулыққа, бақытқа жету үшін адам өз бойын барлық артық, ауыр, лас энергиядан тазартуы қажет. Шэнь - адам тұлғасының негізін құрайтын және (ци сияқты емес) өлімнен соң жойылмайтын адам бойындағы сарқылмас рухани энергия. Мұндай 3 түрлі космостық энергиядан өзге қытай философиясы 2 түрлі сексуалды энергияны бөледі. ян - еркектік бастама, сексуалды энергия; инь - әйелдік бастама, сексуалды энергия. Бүкіл тіршілік екі қарама - қарсылықтан құралады: тірі табиғатта адамдар, жануарлар ер-әйелге бөлінсе, өлі табиғатта да ерлік бастама ян (күн, аспан, құрғақтың, салмақсыздық-жеңілдік) және инь (Ай, Жер, тегістік, ылғал) бар. Қытайлық дүниетаным бойынша тірі және өлі табиғат, бүкіл дүние тіршілігі негізінде Тай-цзи-ян мен иньнің бірін-бірі өзара толықтыруы, алмастыруы, бірлігімен күресі жатыр. Алғашқы дәуірде Көне Қытайда аспанға табыну үстемдік еткен, олардың космогониялық түсініктерінде тек аспан әлеміндегі жұлдыздар мен планеталардың қозғалысы жай әлем заңдылығы ғана емес, олар жердегі адам тағдыры мен өміріне байланысты, моральдік қағидаларға қатысты екендігі туралы пікірлер жинақталған, бұл мәселелер «Шуцзин» атты кітапта жазылған. Сонымен қатар аспандық, рухтық, ер адамдық, белсенді бастама болып табылатын – Ян мен оған керісінше; жерлік, енжар, әйелдік бастама болып табылатын – Иньнің өзара әрекеттесуінен бүкіл әлемдік заңдылықтар іске асып, барлық үдерістер жүзеге асып отыратындығы хақындағы мәселелерді толғаған 64 графикалық рәмізден тұратын (гексаграммалар) «Ицзин» атты шығарма болған. Инь мен Янның рәміздік көрінісі – ирек сызықпен бөлінген бір жағы боялған шеңбер, әрбір жақтың ішінде қарсы жақ түсінің элементі бар деп түсінгендіктен, оның ішіне сол жақтың түсімен түстес шағын шеңбер орналастырылған. Оларда табиғаттағы негізгі жағдайлар «бестікпен» шартталады: 5 элемент – металл, ағаш, су, от, жер; 5 табиғи жағдай – ылғал, құрғақ, жылы, суық, жел; 5 адамдық қызмет – мимика, сөйлеу, көру, есту, ойлау; 5 басты эффектілер – қамқорлық, үрей, ашу, қуаныш, нұрлану.