48. Этносаяси шиеленістер. Этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі
Қазақстан жеріне әртүрлі кезеңдерде тағдырдың жазуымен қоныс аударып келіп, тұрақтанған өзге ұлт өкілдері баршылық. Олар бүгінгі күні әлемдік қауымдастыққа Қазақстан Республикасы атауымен енген елдің азаматтары ретінде өмір сүруде. Көпшілігі кеңестік тоталитарлық жүйе үстемдік құрған шақта күштеп көшірілген халықтар еді. Олар тағдырдың тәлкегіне ұшырап қуғындалып келгенде, жергілікті қазақтар өз жағдайлары аса мәз болмаса да, қолдан келген көмектерін жасап, аман-есен тұрып кетулеріне жәрдемдесті. Бірқатар ұлттардың өкілдері саяси қуғындау аяқталып, құқықтары қайта келтірілген уақытта Отандарына қайтты. Кейбіреулері тұрақтап қалды. Қазіргі уақытта олар Қазақстан азаматтары ретінде барлық салада еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосуда. Еліміздің тәуелсіздік алған уақытынан бері қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен саяси тұрақты және ұлтаралық келісімде өмір сүруде. Бұл ширек ғасырға жуық уақыт аралығында этносаралық қарым-қатынастың Қазақстандық үлгісінің қалыптасқандығын байқатады. Ал, елдегі азаматтардың ортақ Отан сүйгіштігі мен ұлтаралық келісімі, ол бейбіт және тату өмір сүрудің нәтижесінде қалыптасатындығы сөзсіз. Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев еліміздегі ұлтараралық қатынасқа байланысты: «Ұлтаралық келісім өте нәзік, кәдімгі адам ағзасының қантамырлары жүйесі. Оның бір жерінде кідіріс болған кезде адам денсаулығын жоғалтады. Мемлекетте де дәл осылай. Біздің жылдағы барлық жетістіктеріміз елдегі осы тұрақтылық пен тыныштықтың арқасында болып отыр. Бұл біздің негізгі ұстанымымыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді қамтамасыз етудің бүкіл тәжрибесі – әлемдік тұрақтылыққа қосылған үлес болуы тиіс. Еліміздегі тыныштық мәселесі – бұл менің жеке мәселем емес. Қазақстанның бүкіл халқының мәселесі, мемлекеттің мәселесі, біздің болашағымыздың мәселесі», - деп жазған еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жарқын оқиғаның бірі республиканың қоғамдық-саяси аренасында этносаралық қатынастың жаңа институты – Қазақстан халықтарының Ассамблеясының (қазіргі Қазақстан халқы Ассамблеясы) құрылуы болды. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы елді мекендеген барлық ұлттық-мәдени орталықтар мен этностық қоғамның барлық өкілдерін біріктірді. Ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультациялық-кеңес берушілік орган мәртебесіне ие. Бұл органның пайда болуы халық арасында да, этникалық азшылық арасында да қолдау тапты. Ассамблея өз жұмысын бастағаннан кейін, этникалық азшылықтың көптеген ұлттық-мәдени орталықтары алғаш рет өздерінің тілін, дәстүрлерін жаңғыртуға және оны мемлекеттің қолдауымен жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Қазақстандағы қазақ халқының рөлі қандай? Мемлекетті құраушы ұлт па әлде полиэтникалық Қазақстан халықтарының бірі ғана ма? Қай жағы басымдау? Қазіргі таңда осы сұрақ өте өзекті болып отыр. Қазақстан полиэтникалық мемлекет болғанымен, ондағы мемлекетті құрушы, яғни титулды ұлт – қазақ халқы. Бұл біріншіден, Конституцияда анықталса, екіншіден, биліктің қайнар көзі халық болса, сол халықтың басым көпшілігі қазақ ұлты. Сондықтан да, қазақты көпұлттардың бірі деп еш уақытта санауға болмайды. Қазақстандағы қазақ мәселесіне келсек, елімізде өзге ұлт өкілдерін алалап, дискриминациялаудың керегі жоқ. Бірақ, қазақтың рөлін көтеру керек. Кез-келген елдің мемлекетті құраушы ұлтқа деген көзқарасы ерекше болуы заңды құбылыс. Ал, қазақ халқы өзінің атамкенінде ел болып ұйып отырған мемлекет құрушы ұлт деп нақты айтуға болады. Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастар – егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін пайда болған жаңа әлеметтік-саяси ақиқат. Олар кешенді сипатқа және күрделі құрылымға ие. Қазақстан халқы барлық әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-тұрмыстық құрылымдарға, қарым-қатынастар мен үдерістерге барынша терең ықпалдасқан. Қазақстандағы этносаралық қатынастар онда тұрып жатқан барлық халықтардың қоғамдық қызметінің әр түрлі салаларындағы сан түрлі өзара байланыстары мен қарым-қатынастарының тізбегі, біртұтас органикалық жүйе ретінде қызмет атқаратын тәжрибе көрсетіп отыр. Этносаралық келісіммәселесі бойынша Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасындағы бірегей мемлекет деп айтуға біздің құқығымыз бар, бұлай деп айту – асыра айтқандық емес. Осы тұста өзінің тарихында, жалпы, мемлекеттік құрылымдық ғұмырында Қазақстан ерекше ел болып қалыптасқанын айта кеткеніміз абзал. Өзінің тағдыр-талайында, біртұтас бола білудің жауапкершілігін көрсеткен кезеңі ондағы ұлттар мен ұлыстардың үлкен жауапкершілігін көрсетсе керек. Біздің бақытымыз да сол, Қазақстан аз уақыттың ішінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы көшіне қосылды. Еліміздің тарихында қазақ халқының патриотизімі маңызды орынға ие. Өз еліне қызмет етуден көрінетін Отанға деген сүйіспеншілік сезімі қоғам дамуы мен ұрпақтар сабақтастығының маңызды құрамдас бөлігі болған және солай болып қала бермек.
Қорытындылай келгенде, этносаралық қарым-қатынастың қазақстандық үлгісі елімізде саяси тұрақтылық пен бейбітшілігін сақталу жолында көптеген жұмыстар атқарып келеді. Біздің елімізде алуан түрлі этникалық қауымдардың бейбіт қатар өмір сүру нысаны ретіндегі берік, жүздеген жылдардың сынағынан өткен өркениетті дәстүрлер үнқатысуы қалыптасты.