«ТОНЫКӨК» ЖЫРЫ
(Еркін әдеби нұсқа)
1
Мен, Білге Тоныкөкпін,
Елі
Табғаш жұртына бағынған,
Көкірегінде
Соры көппін.
2
Түрік жұрты
Табғаштың табанында жатты
Талауында жатты.
Күндердің күнінде
Естері кіргендей
Табғаштан бөлініп шықты,
Қалың нуды жарғандай
Аттарын тебініп шықты.
Сонан кейін
Жігерін қайтадан құм басты.
Өз қағанынан
Өздері жерінген
Сұмдық бір құлықтар болды.
Табғашқа қайтадан –
Бұғауына басын сұғып –
Кіріптар болды.
3
Көк Тәңірі қаһарланып,
Күндей күркіреп кетті.
Даусынан дүние
Тітіреп кетті.
«Ел болсын деп
Қаған беріп едім,
Қағаныңнан бас тартып
Қағындың.
Қайтадан
Табғашқа бағындың.
Көрер күнің күн болмасын,
Түн болсын.
Басқан жерің гүл болмасын,
Күл болсын».
Сол-сол екен,
Түрік жұрты
Тұяқ кешіп тастаған
Топырақтай болды.
Суық ұрған жапырақтай солды.
4
Түрік жұрты
Көктемгі қардай еріді.
Алқындыдай кеміді.
Түрік-сір елінде
Арқа сүйер тұтқа қалмады.
Қоныс ететін
Жайлау түгілі,
Қу тақыр жұрт та қалмады.
5
Тау-тастың арасымен
Шөл-шөлейтке қуылды.
Қалғанын отқа қақтап,
Күлге аунатып қуырды.
Бар болғаны
Жеті жүз адам еді.
Серкесі де жоқ,
Еркесі де жоқ,
Жәутік, жаман еді.
Екі бөлегі атқа мініп,
Бір бөлегі
Жаяу-жалпы қалған еді.
Күндердің күнінде
Үлкен шад
Ақылға кіріп:
«Бірігіңдер!» - деді.
«Өле бермей,
Тіріліңдер!» - деді.
Мен Білге Тоныкөк,
Сол сөзге бағындым.
Шадтың қасынан табылдым.
6
Мен сонда
Тау сияқты көтеріліп,
Асып тұрдым.
Су сияқты көтеріліп,
Тасып тұрдым.
Шадты асықтырдым.
Табғаштың,
Аяғының астында жатқанға
Қорландым.
Басымды тауға да соғып,
Тасқа да соғып,
Уайым жеп толғандым.
Шадқа айттым:
«Еліңнің ішінде
Арық бұқа да,
Семіз бұқа да бар дедім.
Біреуі қыл-қыбыр,
Біреуі жал дедім».
Бірақ қаған
Оны ұқпады.
«Арық бұқа мен
Семіз бұқаны»
Айыра алмады.
Бетімен кеткен елін
Ел етіп жинап,
Қайыра алмады.
Қанатымнан қайырылдым,
Топырақ асап қайғырдым.
7
Көкірегім
Аяқ баспаған таудай
Өр еді.
Тәңір берген білігім
Тасыған судай мол еді.
Өзім-ақ
Қаған болайын дедім.
Өзім-ақ
Қамал болайын дедім.
8
Сонда Ілтеріс айтты:
«Білге Тоныкөк,
Мен, Ілтеріс,
Қаған болайын» - деді.
Содан соң Ілтеріс
Түстікте Табғашты
Көктей жұлды.
Шығыста Қытаңды
Тұяқтың астындағы
Тезектей қылды.
Терістіктегі Оғузды
Көжектей қырды.
9
Ілтеріс қағанның
Ақылы да мен болдым,
Жақыны да мен болдым.
Шұғай Құз бен
Қарақұмды жайладық.
Қара жердің үстінде жортып
Аспан астында айналдық.
Киіктерді сатырлатып қуып,
Аттың бауырымен
Жаншып жедік.
Қояндарды
Топырлатып қуып,
Сүңгінің, ұшымен
Шаншып жедік.
Тамағымыз тоқ болды.
Кіреукеміз көк болды.
Мұң-қайғымыз жоқ болды.
Бірақ жауларымыз
Төбемізде де,
Төңірегімізде де
Жыртқыш құстардай
Қаптап ұшты.
Сонысы қанымды
Қақтап ішті.
Олар бізді
Жемтіктей көрді.
Өткен замандағы
Жәутіктей көрді.
Сонда да қорықпадық.
Сонда да торықпадық.
10
Күндердің күнінде
Оғуз жұртынан
Жансыз кеп былай деді:
«Оғуз халқының тағына
Қаған қонды,
Қағаны
Елден ерек дара болды.
Ол Табғаш қағанға
Қуны Сеңунді,
Қытаң қағанға
Тоңра Семді жіберді».
Соны естіп,
Көңілім түздей құлазып,
Жаным түндей түнерді.
Тағы да оларға
Сынадай сөздер айтқан:
«Қағаны дара,
Ақылшысы дана
Іргеміздегі Түрік елі
Қуатты ел боп барады.
Асу бермейтін бел боп барады.
Ол күні ертең
Табғаш сені қырады.
Шығыстағы Қытаңды
Көктен атылған
Жасын боп ұрады.
Сонсоң мені, Оғузды,
Ит тартқан
Тулақтай қылады.
Табғаш, сен, тірімін десең,
Оның
Шығыс жағынан ти.
Мен оның
Терістігінен тиейін.
Өлігін отын қып үйейін.
Түрік-сір жері
Иесіз қалсын.
Жын-шайтан жайлап,
Киесіз қалсын.
Топырағын шығарып,
Тоздырып жіберейік.
Топанын шығарып,
Аздырып жіберейік».
11
Осыны естіп
Түнде ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым.
Ашуым от боп жанып,
Қайнаған судай сақылдадым.
Омырылып опындым,
Қамырылып өкіндім.
Қағанымнан өтіндім:
«Табғаш, Оғуз, Қытаң қосылса,
Қабырғалы ел болады.
Қаптап жөңкілген сел болады.
Бізді судай сапырады,
Қоғадай жапырады.
Тозған жұқаны
Жәндік те таптап кетеді.
Тозған жіңішкені
Жәутік те үзіп,
Қаптап кетеді.
Жіңішке жуан болса,
Алыптың өзі шауып,
Қырқа алмайды.
Жұқа қалың болса,
Алыптың өзі тартып
Жырта алмайды.
Шығыстағы Қытаңға,
Түстіктегі Табғашқа,
Батыстағы Құрданға,
Терістегі Оғузға
Қарсы қоятын
Екі-ақ мың әскерлі
Ел бар.
Басқа нең бар.
Қағаным,
Сөзіме құлақ сал»...
Жырдың толық нұсқасы мына сілтемеде:
https://adebiportal.kz/kz/news/view/14383
*****
ШЕШЕНДІК СӨЗДЕР
МАЙҚЫ БИ ТӨБЕЙҰЛЫ 1105-1225 жылдар шамасында ғұмыр кешкен қазақ халқының төбе биі болған. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы майқы би» дейтін қанатты сөз арқылы атадан балаға таралып келе жатқан Майқы би бабамыз түйінді даналы сөздің де, би біткеннің де көш басшысы болса керек. Тарихи деректерге қарағанда, ол бір ғана емес бүкіл түркі тұқымдас халықтардың бас биі болғанға ұқсайды. Сондықтан да оны түрік тұқымдас елдер әсіресе татар башқұрт қарақалпақ өзбек халықтары бас биіміз деп санаған.
Майқы би айтыпты дейтін, ел есінде сақталып, мақал, нақылға айналып кеткен аталы сөздерден адамгершілік, ар-намыс, ел бірлігін сақтау самалы есіп тұрады. Ондай ойлы, сары алтындай салмақты сөздердің көбісі өз тұсындағы хандарға, би, бектерге, бағыштай айтылғаны да аңғарылады. Сондай нақылдардың ел аузынан хатқа түскені мыналар:
Дауыл болмай жауын болмас,
Даулы болған қауым болмас.
Егіз ешкі сауын болмас,
Екі жалқау ауыл болмас.
Би екеу болса, дау төртеу болады.
Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Езге айтқан тура сөз,
Құмға сіңген сумен тең.
Жаман еркек жар қадірін білмес,
Жайсыз әйел ер қадірін білмес.
Жалқау адам тер қадірін білмес,
Жетесіз жігіт ел қадірін білмес.
Аспан ашық болса,
Күн шуақты болады.
Хан әділ болса,
Халық ынтымақты болады.
Хан – халықтың қазығы,
Қараша – ханның азығы.
Уәзіріне сырын алдырған хан – қақпанға түскен аң.
Хан борышы – жорықта ту көтеру.
Сарбаз борышы – туға еріп жан беру.
Таста тамыр жоқ, ханда бауыр жоқ.
Ақиық қыран қартайса,
Жас жағалтайдан тепкі жейді.
Халқыңды билеместен бұрын, өз ордаңды билеп ал.
Ордаңды жұмған жұдырықтай берік ұстасаң,
Халық ешқайда қашпайды.
Хан өздігінен өлім жазасын қолданбасын.
Өлім жазасын шешетін халықтың өзі болсын.
Хан қарашасыз болмас,
Дау арашасыз болмас.
Парақор биге ісің түспесін,
Сараң үйге кісің түспесін.
ТІЛЕУҰЛЫ МӨҢКЕ БИ — белгілі би, Әбілқайыр хан кеңесшілерінің бірі, жырау. Шамамен 1675 жылы дүниеге келген. Ата тегі шежіре бойынша өз әкесі Тілеу әрі қарай Айт, Бөлек, Қалу, Сирақ, Мұса хан, Уақас би, Нұраддин болып жалғаса береді. Әбілқайыр хан дүние салған соң Нұралы ханның билігін тану туралы Елизавета Петровнаға жазылған хатқа Орта жүздің беделді адамдары Жәнібек тархан мен керей Наурыз би бастаған топпен, сондай-ақ Кіші жүздің 30 би, батырларымен бірге қол қойған.
Мөңке би өз заманында «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би», келер күнді айнытпай болжайтын сәуегей және дала даналығының көрінісі іспетті ой-тұжырымын тағылымды поэтикалық жырға айналдырған жырау ретінде танылды.
Достарыңызбен бөлісу: |