Сүт – бағалы тағамдық өнім. Әрине, осы сүттен жасалатын тағамдар ұлттық
құндылықтарымыздың бірі. Халқымыз ұлттық тағамдарын: ұннан жасалған
тағамдар, дақылдан жасалған тағамдар, ет тағамдары, сүт тағамдары деп белгілеп,
топтарға бөлген. Сүт тағамдарына: қатық, айран, қойыртпақ, шалап, қымыз,
балқаймақ, кілегей, қаймақ, құрт, сүзбе, уыз, ірімшік, сары май, іркіт жатады.
Осылардың ішінен сиыр сүтінен дайындалатын мәзірлер: қатық, айран, сүзбе,
балқаймақ, қойыртпақ, құрт, ірімшік, сары май. Осы тағамдардың ішінен ұзақ
сақтауға болатындары құрт, ірімшік, сары май (тортасынан айырып, яғни күйдіріп
алынған май). Сүттен жасалатын тағамдарды дайындайтын кезде аналарымыз ең
бірінші тазалыққа мән берген. Қолын жуып, әр ісін тазалықпен бастаған.
Құрт – пісіліп, майы алынған айранды қайнатып, арнайы дорбада сүзіп алып,
тұздап, кептіріп, сақтайтын тағам түрі. Құрт жасау үшін сиырды сауып, сүтін пісіріп,
суытып, жылылай «ұйытқы» салған. Сүтті ұйыту үшін мәйек, айран, сүзбе сияқты
ащылар ұйытқы деп аталады. Халқымызда сүтті ұйыту үшін ұйытқы сұрағанда,
ұйытқы деп сұрауға болмайтын ырым бар. Егер олай сұраса, ұйытқы берген үйдің
берекесі кетеді деп тыйым салған. «Сүтке салатын айран» деп сұратқан. Сүттің ащы,
№№10-12(55-57), қазан-желтоқсан, октябрь-декабрь, October-December, 2014 ISSN 2307-020X
Elorda ġylymi habaršysy – Naučnyj vestnik stolicy – Scientific messenger of the capital
______________________________________________________________
103
тұщы болып ұюы да осы ұйытқыға байланысты. Егер ащы болып ұйыған сүттен май
алына қоймайды.
Мәйек – қозының қарынындағы біріккен кішкентай ғана сүт. Ал қазір мәйек
табыла бермегендіктен жылы сүттен екі тамшыдай алып, оның үстіне бір тамшы
айранды қосып, араластырамыз, іріген кезде сүтке салып, жылы жауып, қоямыз.
Ұйыған қатықты күбіге құйып, пісеміз. Күбіні тұншықтырып пісу керек, олай
болмаған жағдайда шашырап, ағарғанның берекесі кетеді. Сосын майын алып,
майды тұзды сумен жуып алып қоямыз. Күбіні де, ыстық сумен қайта-қайта шайып,
жуып қоямыз. Иістеніп кетеді, ағарғанның дәмін бұзады деп ерекше күтім жасаған.
Майы алынған айранды ыдысқа құйып, астына от жағып, бетіне бүлкілдеп, көбігі
шыққанша күтіп, құрт қалтаға құйып, іліп қоямыз. Егер қатты қайнап кетсе, сүзбенің
басы бірікпейді, сондықтан ұқыптылық пен ықылас керек. Сарысуын ағызғаннан
кейін ыдысқа салып, тұз қосып, илеп, қолмен бөлшектеп, тақшаға, шиге қолмен
сықпалап, өреге жайып, кептіреді. Көгермей, қызбай, бір тегіс кебу үшін өреде
жатқан кезде оны бірнеше рет аударыстырады. Осындай әдіспен қайнатып, кептіріп
алған құрт жыл бойына, кейде 2-3 жылға дейін сақтала береді. Құрт – кальцийдің
көзі.
Ірімшік – сиырдың сүтінен қайнатып әзірленетін сүт тағамы. Ірімшік – ақ
ірімшік, кызыл ірімшік деп екіге бөлінеді. Ақ ірімшікті дайындау үшін ыдысқа
құйылған шикі сүттің үстіне азырақ айран құйып, сүтті ірітеді. Одан соң іріген сүтті
отқа қойып қайнатады. Ірімшіктің сары суы бөлінген кезде оны шыптаға сүзеді. Ақ
ірімшікке сары май, қаймақ, кілегей сияқты майлы тағамдарды қосса, дәмді әрі
құнарлы ас болады. Ақ ірімшікті шыптаға орап, сүзіп алғаннан кейін жұқалап тіліп,
өреге жайып кептіреді. Шала кепкен ақ ірімшікті келіге түйіп жаншыса, тары сияқты
қиыршық ұнтаққа айналады. Мұны тары орнында шайға салып, майға, қаймаққа,
кілегейге салып жеуге де болады.
Қызыл ірімшікті дайындағанда қазанға құйылған жылы сүтке мәйек немесе
үлкен қойдың ұлтабарына уыз толтырып, кептірген ұйытқы салып, сүттің бетін
қымтап, жауып қояды. Жарты сағат тұрғанда сүт ұйып, дірілдеп тұрады. Содан кейін
мәйекті сүттен алып, қазан астына от жағып қайнатады. Қайнай бере бауыр сияқты
дірілдеп тұрған ұйыған сүтті «қылыш» деп аталатын арнаулы ағашпен шақпақтап
тіледі. Ірімшіктің өңі біртіндеп қызара береді. Реңі қан қызыл түске еніп, сары суы
қойылған кезде қазанды оттан түсіріп салқындатады да, одан соң шыптаға салып
сүзеді. Сүзілген қызыл ірімшік бір-біріне жабыспай, жеке-жеке бытырап тұрады.
Қызыл ірімшікті де өреге жайып кептіреді. Оның аса жағымды өзіндік дәмі
болады. Кепкен қызыл ірімшік кеудірлеп үгітіліп тұрады. Қызыл ірімшікті жеке өзін
жеуге де, майға, қаймаққа, кілегейге араластырып жеуге де болады. Қызыл ірімшікті
жентке қосады. Қаймақ не кілігей қосып, келіге жанышқан қызыл ірімшік дастарқан
мәзірінің ең кәделі түрлерінің бірі болып есептеледі.
Мен екінші түрін айранмен ірітіп жасадым. Қазіргі уақытта ел ішінде қызыл
ірімшікті дайындау тәсілі көп тараған. Оны жылы сүтке айналдыра айран құю
арқылы ірітіп, сары суы сарқылғанша қайнатып алып кептірген.
Сары май сиырдың сүтінен алынады. Ұйыған сүтті күбіге құйып, пісіп, майын
алып, жайпақ ыдысқа салып, қолмен мытып, алақанмен шапалақтап, суын
шығарады. Содан кейін тұздап, ыдысқа салады. Осы сары майды ұзақ сақтау үшін
сары майды қазанға салып қайнатады. Қайнаған кезде оның ішіндегі тұзы майдың
бетіне қалқып шығады. Бетіндегі тұзын қалқып алып, майдың өзін суытса, тұзы жоқ,
сап-сары май шығады. Мұны «тортасынан айырған май» деп атайды. Қазір ауыз екі
тілде «күйдірген май» деп айтамыз. Осы сары майдың мамыр айындағы өнімін
бөліп, жинап, емге пайдаланады. Оны «Мамыр майы» деген атауын көпшілік біледі.
№№10-12(55-57), қазан-желтоқсан, октябрь-декабрь, October-December, 2014 ISSN 2307-020X
Elorda ġylymi habaršysy – Naučnyj vestnik stolicy – Scientific messenger of the capital
______________________________________________________________
104
Оның сырын 10 жыл сиыр бағып, бақташы болған Тілеубеков Сұлтан ағадан
сұрадым. Сөйтсек, көктемде жер ана бусанып, бар құнарын өз бауырын жарып
шығатын алғашқы өсімдік шөптеріне: бәйшешек, раң, көде, мысық құйрық, өлең
шөп, сүйрік, ажырық т.б. береді екен. Олар сиыр малының қорегі болғандықтан
түрлі дәрумендер сүтіне барады екен.
Сүтте де сансыз сыр бар. Қазақтың мифтік әңгімелерін зерттеген С.
Қондыбайұлы өз еңбектерінде Маңғыстау өңіріндегі басына құт қонған атақты
байлардың түстеріне Қыдыр иесі келіп, бас жағына көнекпен ағарған іліп кететін
жәйттердің көп болатындығын айтқан. Осы түстен кейін олардың шаруашылығы
дөңгеленіп, байлыққа кенелетіндігін келтіреді. Бұдан дана қазақ ертеден-ақ
ағарғанды береке, байлықтың нышаны ретінде танығандығын байқаймыз. Сүт адам
денсаулығына пайдасы бар дәрумендер көзі болып табылады.
Іші-бауырымыз құрысып-тырысып, көзіміз қарауытқанда, дәруменіміз азайып
кетті деп шығамыз. Ондайда банан, киви, апельсин жеу керек деп ақыл айтатындар
да табылады. Осы біздің атам қазақ апельсин көрмей өсті ғой, олар неге құлап, талып
қалмаған деп таңғаламын. Сөйтсек, олардың ішкен-жегені нағыз дәрумендердің көзі
екен. Көгорай шалғынды жалпағынан басып жайылған сиырдың сүті дәруменнің,
күш-қуаттың көзі екен.
Ғалымдар сүттің құрамында сода, фосфор, күкірт, хлор, тұз, протеин, глюкоза
сынды ағзаға қажетті тұтас азық қоры бар екендігін анықтаған. Тек қана сүт ішіп
күнелткен жағдайда адамның ұзақ өмір сүріп, ауруға шалдықпайтындығы белгілі
болған. Аштық пен шөлді басатын да – сүт. Себебі, сүттің тоқсан пайызы судан
тұрады. Ауру, қарт адамдар үшін сүт – бірден-бір ем дәрі.
Бала кезде сиыр сүтінің өнімдерін үзбей қолданған адамдар жүрек талмасымен
ауырмайды екен. Бірлесіп зерттеу жүргізген Австралия мен Ұлыбритания
дәрігерлері осындай қорытындыға келген. Дүкендерде сатылатын сырды қазақшалап
сыртына «ірімшік» деп жазып қояды. Бірақ сырдың дәмі қазақтың қозы қарын қосып
қайнатқан ірімшігіне татымайтынын, әсіресе, ауыл қазағы жақсы біледі. Ғылыми
зерттеулер көрсеткендей, сырдың құрамында 100 грамға шаққандағы ақуыздың
мөлшері 22,85-34,52% болса, қазақ ірімшігіндегі ақуыздың мөлшері 40-42% екен.
Сыр құрамында көміртегі ары кетсе 4,52%-тен аспайды, ал ірімшікте ол 10,93%
болады. Адам ағзасындағы сүйек ұлпаларының мықты болуы үшін ең қажет элемент
фосфор болса, дәстүрлі әдіспен жасалған ірімшік құрамында фосфор 0,51%, ал
кальций 2,3% мөлшерінде кездеседі екен. Ал қуаттылығына келсек, 100 грамм сыр
268,8-401,38 қуат берсе, 100 грамм ірімшік 408,4 қуат береді.
Құртымыз да химиялық құрамы мен калориясы жағынан қала дүкендеріндегі
сүзбені (творог) он орап алады. Сүзбеде ақуыз мөлшері 14,5-18, 6% болса, қазақ
құрты ақуызға өте бай – 52,6%. Ал 100 грам сүзбе 87-227-ге дейін қуат берсе,
құрттан 370,1 қуат алуға болады. Әлемде ең көп жасайтын адамдардың
ғұмырларының ұзақ болу себебін зерттей келгенде, олардың негізгі тағамдары
әрқашан да піскен сүт, айран, ірімшік, сары май т.б. сүт өнімдері екені анықталған.
Шығыс Африкадағы кейбір тайпалар тек қана сүт өнімдерін қорек ететіндіктен,
жүрек, қан тамырлары дұрыс жұмыс істейді. Балаларға сүт, басқа да ақ ішкізу,
дімкәс, науқас адамдарды сүтпен емдеу, қазақ өмірі мен тұрмыс-салтында, емшілік
өнерінде ертеден келе жатқан тәжірибе қазір де бар.
Шура Өмірзақова апа да адам емдеуде осы сүттен жасалатын тағамдарды
пайдаланып, қазақы ем-домдарды қолданатынын айтты. Қайнап жатқан құртты
алып, май қосып, сапырып ішкізсе, ол кенеулі ас. Өкпе ауруына, суық тиіп ауырған
сырқаттарға ем болады. Сүзбені жылыдай дәкеге орап, тамаққа байлап, оранып
жатса, баспа ауруының бір емі. Құртты жас балаларға беріп қажатса, қызыл иегінің
№№10-12(55-57), қазан-желтоқсан, октябрь-декабрь, October-December, 2014 ISSN 2307-020X
Elorda ġylymi habaršysy – Naučnyj vestnik stolicy – Scientific messenger of the capital
______________________________________________________________
105
еті қатайып, тісінің тез, жеңіл шығуына көп көмегі бар. Осы құрттың сары суы да
адамның іш құрылысын тазалайтын, ешбір дәрілік қоспасыз, бірден-бір сусын және
осы ағарғанға пайдаланған ыдыстың іші де аппақ болып жалтырап тұратынын
байқауға болады. «Сусамыр» ауруымен ауыратын науқастар осы сусынды күнделікті
таңертең аш қарынға бір кеседен ішіп отырса, ауруды өршітпей, бір қалыпта ұстап
тұрады. Ірімшікті іш қатқанда үлкендерге, кішілерге жегізсе, ас қорытуды
жеңілдетіп, ішті жүргізеді. Жаңа босанған аналардың іш құрылысында жел қалмауы
үшін сары майды сүтке салып, ішкізсе, желді қуып, денсаулығын қатайтады. Көк
жөтелге де сары майды сүтке салып, ашқарынға ішкізіп отырса, жөтелі басылып,
жазылады.
Жалпы, сүт қосып дайындалған тағамдар өте дәмді болады. Олар емдеу, алдын-
алу, диеталық тағам ретінде қолданылып жүр.
Халық тәрбиесіндегі сүт – «ағарғанның» маңызы. Алысты жақыннан,
жақынды жанынан қарайтын дана халқымыз сүт тағамдарын қасиетті киелі зат
санатына жатқызады . Сол сияқты ақ түсі де киелі, адалдық ұғымдарды білдіреді.
Осы арқылы ұрпағын ұлағаттылыққа, обал-сауапты біліп, дәстүріне құрметпен
қарауға баулыған мәліметтерді жинастырып, аққа байланысты: ырымдар мен
тыйымдарды, жұмбақтар мен мақал-мәтелдерді, дәстүрлі өлшем бірліктерін, салт-
дәстүрлерін, сақталу мерзімін тауып, топтастырдым.
Сүт тағамдарына қатысты ырымдар мен тыйымдар. Тойға немесе асқа
қымыз әкелген сабаны біржолата сарқып босатпайды, түбінде міндетті түрде бір
ожау болса да қымыз қалуы керек. Сүт төгілген жерге тұз себеді. Айранды ашық
далада піспейді, құты кетіп қалады. Сүтті үрлеп ішпейді, майлылығы азаяды. Сүт
тағамдарын жерге түсіріп тастау күнә болып саналады. Сүт сауатын шелекті су
басына апармайды, құты кетіп қалады. Ағарғанның жуындысын адам жүретін жерге
төгуге болмайды. Малдың бірінші сауылынып алынған майды аса қолданбайды,
онымен босағаны, табалдырықтың жоғарғы бөлігін майлайды. Мал сауу кезінде
иесімен сөйлесуге болмайды (сүт азайып кетеді). Ақты жерге төгуге, ысырап тауға
болмайды, жазатайым төгіле қалса, баланың немесе өзінің маңдайына жағады,
ондайда аруақ дәметіп жатыр деп ырымдайды. Өреден құрт ұрлап жесе, жауын
жауады. Алыс жол жүргенде тұз бен сары май алып шығуға болмайды. Әйтпесе жол
сарғайып, зарықтырады және тұздай азапқа түседі. Үйге келген жыланға да ақ құйып
шығарады. Мұндай әдет халықтың өз ауылына немесе үйіне дос, дұшпанына да
алдымен құрметпен қараудан шыққан болу керек.
Сүт туралы мақал-мәтелдер және жұмбақтар, әдеби ертегі
Сылдыр сұйық, су емес,
Ішсе сусын қанады.
Ақ болса да қар емес,
Шешуін кім табады? (Сүт).
Қырымда бір құдық бар суы батпан,
Сол суы шілде күні мұз боп қатқан.
Сіресіп буырдай боп қатқан мұздың бетіне,
Бетіне бетегісі шығып жатқан (Айран).
Құйып қалып құйыртпағын шығардым,
Салып алып сары бала шығардым (Қатық, сары май).
Шиге жайып кептірген,
Өзі қышқыл түсі ақ,
Сорсаң дәмді, түсі ақ,
Жаңғақтай-ақ домалақ (Құрт).
Бір бие желіні егіз тапқан,
№№10-12(55-57), қазан-желтоқсан, октябрь-декабрь, October-December, 2014 ISSN 2307-020X
Elorda ġylymi habaršysy – Naučnyj vestnik stolicy – Scientific messenger of the capital
______________________________________________________________
106
Айғыры туар бір күні үйірін тапқан.
Бір ұлпан, ласының бір жаққа,
Япыр-ай, неткен зерек мұны тапқан (Піскек, күбі, май, құрт).
Мақалдар-мәтелдер
Айранның шөл қандырар дәмі болар,
Наданның дау тұрғызар сөзі болар.
Сиыр майы жанға рақат,
Зығырдың майы тәнге рақат.
Асы жоқ алатын аяқтан,
Айраны бар тостақ артық.
Дәстүрлі сұйықтық өлшемдер және ас-судың молшылығын білдіретін
метофоралық сөздер. 1 тамшы – 1 грамм; 1 қасық – 20-30 грамм; 1 ұрттам – 50-60
грамм; 1 жұтым – 250-300 грамм; 1 ожау – 300-400 грамм; 1 аяқ – 700-750 грамм; 1
шара – 8-10 литр; 1 шелек – 10-12 литр; бір қарын май; тегене – тегене сүт; бір сөре
құрт; күбі – күбі айран.
Сақталу мерзімі: құрт, ірімшік – 2-3 жыл. Сары май (күйдірілгені) – 4-5 жыл.
Сүтке байланысты салт-дәстүрлер. Ақ алып шығу салты. Халық
дәстүрінде ауылға келген көш алдынан ақ алып шығу – адамгершілік,
мұсылмандылық, көршілік парыз. Ақ алып шығу «Осы ақтай таза болайық» деген
тілекті білдіреді. Мұндай жағдайда жаңа көшіп келгендер ризалық білдіріп, алғыс
айтады.
Көбік жалғау салты. Бұрын құрт қайнатқан үйден көбік жалғаймыз деп, ауыл
балалары келіп, жиналатын болған. Қайнап жатқан құрттың бетін қалқып алып, май
қосып, сапырып, жас балалар мен қарттарға қалқып беру салты болған.
Желін садақасы. Жаратқан иесі мен ата-баба аруақтарына бағыштап,
көпшіліктің ризашылығы мен батасын алу үшін «желін садақасы», бүгінде «уыз»
немесе «уыз көже» деп аталып, жалғасын тауып келеді.
Құйрық-бауыр тарту. Құдаласу барысында табақ тартар алдында араластыра
туралған құйрық бауырдың үстіне айран құйылып, құдаларға беріледі. Бұл айран –
тілектің ақ екендігін, ал құйрық-бауыр құдалар ақ пен қарадай бір тұтас араласып
кетуді білдіретін салт.
Қуанту салты. Құрт жайған әйел ауыл балаларына арнап, дөңгелек жасап,
жіпке тізіп, мойындарына іліп беретін салты болған. Алысты жақыннан, жақынды
жанынан қарайтын дана халқымыз ұрпағын ұлағаттылыққа, обал-сауапты біліп,
дәстүріне құрметпен қарауға баулыған.
Қорытынды. Ел мен елді татуластыру да, жақсылар мен жайсаңдарды
құрметтеу де, өздерінің мырзалық, мәрттік үлгілі, өнегелі қасиеттері мен
артықшылықтарын білдіру де, ел дәулеті мен қарым-қабілетін, түсінігін танытуды
да, қазақ кең дастарқан арқылы, яғни ас, қонақасы арқылы көрсеткен. Сырттан
келген кісілер де елді осы қонақасы берудің жолы мен жөні арқылы сынап, бағасын
берген. Демек, ұлт мәдениетінде тамақ, дәм татыру – экономикалық, дипломатиялық
және тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған. Бұл істе, әрине, қазақ халқының
қонақжайлылық дәстүрі шетелдерде ерте заманнан-ақ аңыз болып тараған. Қазақ
қонақасы беруде қонақ таңдауды, басқа ұлт, дін өкілдері деп бөлуді де білмеген,
төрге шығарып, ашық қабақ танытқан, достық көңілін көрсеткен. Шаршағандарына,
мұқтаждарына ат, ас, көлік сыйлай да білген.
Басқа шетелде демалыста болып, сол елден естелік және жейтін сыйлық әкелу
– бұрынғы туристік дәстүр. Түркиядан біз әлемге әйгілі пахлавасын, Үнді елінен
шайларын әкелеміз. Әр елде достарына сый ретінде әкелуге болатын ерекше
тағамдары бар. Ал, Қазақстан не ұсына алады? Ойланып қарасақ, ұзақ сақтауға
№№10-12(55-57), қазан-желтоқсан, октябрь-декабрь, October-December, 2014 ISSN 2307-020X
Elorda ġylymi habaršysy – Naučnyj vestnik stolicy – Scientific messenger of the capital
______________________________________________________________
107
болатын ұлттық тағамдарымыз базарларда тауарсыз түрінде сатылатын құрттан,
ірімшіктен, сары майдан басқа ештеңе жоқ.
Мен осы тағамдарды әлемдік нарыққа шығару керек деп санаймын. Оның
мыңжылдық тарихы бар және бүгін құрттың, ірімшіктің, сары майдың дайындалу
тәсілі ұмытылған жоқ. Қазір ұлттық бренді ойлап табу мәселесі туралы айтсақ,
назарымызды неге осы тағамдарға аудармасқа?
Бұл тағамдар отанымыздың ұлттық бренді мәртебесіне лайық. Құртымыз,
ірімшік, сары майымыз әлем нарығына шығып қана, өз еліміздің балалары осы
тағамның пайдасын көре алады деп ойлаймын. Себебі, қазір құртты, ірімшікті тек
қазақ халқы біледі, ал егер осы тағам ұлттық бренд болса, оны тек шетелдер ғана
емес, өз еліміздің барлық тұрғыны дәмін татып, бағалайды.
Қазақтың ұлттық тағамы – құрт, ірімшік, сары май адам денсаулығына қажетті
тағамдар. Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті тақырып дұрыс тамақтану десек
қателеспейміз. Себебі, күнделікті қарбалас тіршілікте фастфуд өнімдерін көбірек
қолданып кеттік. Елімізде сүт өнімдерін қолжетімді болса да, оны көп қолданбай,
шет елдің сырты жылтырақ қағазбен қапталған, іші күмәнді өнімдеріне қызығып,
соны тұтынғанға мәз болып жүрміз. Дұрыс тамақтанайық және өз табиғатымызда
жасалған отандық табиғи өнімдерді тұтынайық.
Әдебиеттер
1 Саттаров Қ. Ақылдың көзі. – Алматы: Жазушы, 1990. – 122 б.
2 Керім Ш. Бабалар сөзі. – Астана, 2002. – 9, 212-213 бб.
3 Ол кім бұл не? Қазақ энциклопедиясы. – Алматы, 1987. – 116-176 бб.
4 Тұрманжанов Ө. Қазақтың мақалдары мен мәтелдері. – Алматы, 1957. – 238б.
5 Бренц М.Я., Козлов В.Н. Сүт және сүт тағамдары. – Алматы: Қайнар, 1983. –
53, 123, 49 бб.
№№10-12(55-57), қазан-желтоқсан, октябрь-декабрь, October-December, 2014 ISSN 2307-020X
Elorda ġylymi habaršysy – Naučnyj vestnik stolicy – Scientific messenger of the capital
______________________________________________________________
108
ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР
АБИШЕВА Жанель Жуматовна,
дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Әл-Фараби атындағы
арнаулы гимназиясының 4 «А» сынып оқушысы, Алмалыбақ ауылы,
Қарасай ауданы, Алматы облысы, Қазақстан Республикасы
Жетекшісі: МЕЙРМАНОВА Дамегуль Какармановна,
дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Әл-Фараби атындағы
арнаулы гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, Алмалыбақ ауылы,
Қарасай ауданы, Алматы облысы, Қазақстан Республикасы
ҚАЗАҚ ЕРТЕГІЛЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Зерттеу мақсаты:
1. Ертегілердің ерекшеліктерін ашып көрсету;
2. Қазақ ертегілерінің өміршеңдігін дәлелдеу;
3. Ертегі жанрын тәрбие үрдісінде қолдануды жандандыру;
4. Ертегілерді насихаттау жолдарын көрсету.
Зерттеу болжамы: ертегілердің маңызын зерттеу арқылы оларды күнделікті
өмірде қолдануға үйретуге болады.
Зерттеу кезеңдері:
1. Тақырып талдау;
2. Материалдар жинау;
3. Ізденіс жұмыстарын жүргізу;
4. Ғылыми жетекшімен байланысып, кеңесіп отыру;
5. Тиісті материалдарды жинақтап, жүйелеп, қорытындылау.
Зерттеу жұмысы бойынша ұсыныстар:
1. Ертегіні күнделікті қолданудың жаңа түрлері анықталса;
2. Аудиодискілер шығарылса, күнделікті қолданылатын қағаз, полиэтилен
пакеттер сыртына ертегі кейіпкерлерінің суреттері шығарылса;
3. Ойынға киетін бас киіміне, футболкаларға қазақ ертегілерінің аты жазылып,
кейіпкерлерінің суреті салынса;
№№10-12(55-57), қазан-желтоқсан, октябрь-декабрь, October-December, 2014 ISSN 2307-020X
Elorda ġylymi habaršysy – Naučnyj vestnik stolicy – Scientific messenger of the capital
______________________________________________________________
109
4. Дәптер, күнделік, қойын дәптер сыртында ертегі кейіпкерлерінің суреттері
салынып, насихатталса;
5. Шоколад қораптарының сыртына да суреттері салынса;
6. Компьютер, ұялы телефон беттеріне қазақ ертегілерінің суреттері шықса;
7. Қазақ ертегілерін дәріптеп, насихаттау туралы арнайы заң немесе ереже
қабылданса.
Зерттеу нәтижесі:
1. Зерттеу жаңалығын дәптер, күнделік шығаратын баспаханаларда қолдануға
болады;
2. Оны пакеттер шығаратын шағын кәсіпорындар жүзеге асыруына болады;
3. Аудиодискілер шығарып, балабақшаларда, үйде ұйықтар алдында тыңдауға
болады;
4. Қазақ ертегілерін дәріптеу және насихаттау туралы заң немесе ереже керек
деген ұсыныс заңдастырылса, онда бұл мәселе мемлекеттік дәрежеде шешіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |