Акциденция (лат.Accidenta - кездейсоқтық) — бұлар, баспаның тақырыптық жоспарында көрсетілмеген кәсіпорындардан, фирмалардан, жеке тұлғалардан тұрақты немесе кездейсоқ түсіп тұратын тапсырыстар.
Акциденциялар үш топқа бөлінеді:
1. Баспа акциденциясы — титулдардың барлық түрлері, түптемелердің қаптамалардың, тыстамалардың безендіру элементтері, кітап және журнал хабарландырулары, беттің басы мен соңына салынатын өрнектер, жобалар, буклеттер, үнпарақтар.
2. Шағын акциденцияларға - бланктар, бағдарламалар, шақыру билеттері, дипломдар, аттестаттар, марапаттау қағаздары, куәліктер, театр билеттері, ресторан тағамдарының түрлері, еңбек кітапшалары, жеке куәліктер т.с.с. аз таралымды парақты өнімдер жатады.
3. Афиша (фр.Affiche - хабарландыру) - парақты өнімдер: үгіт-насихат ретінде мәтінді қысқа, нақты, әрі ұғымды суреттер, үндеулер, аншлагтар т.т. жеке даналар немесе көпшілік пайдаланатын басылымдар мен тақырыптық топтамалар түрлерінде жарық көре алады. Бояулылығы бірден алтыға дейін, көркемдеу және әрлеудің барлық түрлері қолданылады. Афиша хабарлама ақпараттарды арнайы орналастырылған қабырғаларға жапсыру үшін шығаралады.
Баспа басылымдарының арнайы түрлерінің бұлайша аталуларының себебі, оларды қайта басу және басып шығару үшін арнайы материалдар мен технология қолданылады. Бұлар - бағалы қағаздар, ноталар, түсқағаздар, жапсырмалар мен қаптамалар, стерео және бейне басылымдар, зағиптар үшін басылымдар, дәптерлер мен блокноттар.
Полиграфия өндірісінің технологиясы халық шаруашылығының басқа да салаларында, мысалы, тоқыма өнеркәсібінде (маталарға жазу және бейне-лерді басу), жеңіл өнеркәсіпте (шыныға, қаңылтырға, полимерлерге басу), радиоэлектроника өндірісінде пайдаланылады (радиоэлектрон басылым платаларын дайындайды).
Басқа баспа өнімдері. Баспа өнімдерінің маңызды тобына қаптама жатады. Ол әртүрлі материалдардан: қағаздан, қатырма қағаздан, пластмассадан, металдан, шыныдан т.б. жасалынады. Қаптама немесе орама материалдар, ең алдымен, өнімді сақтауды қамтамасыз етуге арналған. Ол, сонымен қатар, тауарды таныстыру және оның тұтынушылық қасиеттері туралы сенімді ақпарат беру көзі болып табылады. Қаптамаға қажетті ақпаратты басу үшін басудың барлық тәсілдері араластырылып қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |