Кітап және оның элементтері. Юнеско ұсынысы бойынша, көптеген елдерде кітап деп көлемі 48 беттен асатын мерзімсіз баспа басылымы қабылданған, ал брошюра (фр. «Вгосһег» - тігу) көлемі 5 беттен 48 бетке дейінгі басылымды айтады. Кітаптың негізгі бөлшектері: кітап блогы, мұқаба қаптамасы және көркемдеп әрлеудің кейбір қосымша элементері.
Кітап блогі басылып шыққан баспа табақ қағаздарды бүктеп, жиыстырып бір-бірімен бекітілген дәптерлерден құрастырылады. Блоктың сыртқы элементіне жататындар: блоктың түбі, форзац, каптал, түптеу материалы, қиықтар және бетбелгі таспа. Ішкі элементтеріне: кітап беттері, жапсырма, ендірме, желімдеме, жамылғы жатады.
Мұқаба қаптамасы - алдыңғы және артқы жақтардан тұратын, өзара түпте біріктірілген кітаптың қалың тысы. Жақтары қаптама материалдармен немесе баспа қағаз тыстамамен қапталуы мүмкін. Әдетте, мұқаба қаптама кітап блогынан біршама үлкендеу келеді де, үш жақтан қиылған блокты қимасынан артық шығып тұрады. Жақтардың шығып тұратын бөліктерін жиектеме (кант) деп атайды.
Түп - бұл кітаптардың, брошюралардың, журналдардың парақтарының бекітілетін орны. Безендіру түріне қарай түп тік, жұмыр және доғалдау болып келеді.
Каптал – мұқабаның түбін бекітіп дайын кітапты безендіретін, арнайы материал бөліктері.
Өңірбеттер (форзац; нем. vorsatz - ортасынан бүктелген қағаз парағы) -бұлар әдетте кітап блогінің бірінші және соңғы беттеріне жапсырылатын екі-төрт беттік қағаз парағы. Өңірбеттер кітап блогын мұқаба қаптамасымен желім арқылы ұстастырып бекітуге және кітапты безендіру, сонымен қатар, анықтама материалдарын беруге арналған.
Түптеу материалы — блоктың түбіне жапсырылған таспа немесе дәке, ол блокты мұқабамен байланыстырып, оның беріктігін нығайтады. Кітап блогының тұстары (алдыңғы, жоғарғы және төменгі) қиындылар деп аталады.
Бетбелгі-таспа жібек матадан жасалынып, бір ұшы блоктың жоғарғы қиындысына бекітіледі, екінші ұшы блоктың ішінен өткізіліп, төменгі қиындының шетінен шығып тұрады. Кітапты пайдалануды оңайлату үшін қолданылады.
Титул — кітап туралы негізгі мәліметтер (авторы, атауы, баспа т.б.) келтірілген оның бірінші беті. Титулды әр уақытта мұқабаны ашқанда оң жаққа, көбінесе, өңірбеттен кейін орналастырылады. Егер титулдың сол жағына қандайда болмасын көркемсурет немесе бейне орналастырылса, оны фронтиспис, ал мәтін (мыс. шығармалар жинақтарында) орналасса, оны контртитул деп атайды.
Шмуцтитул (нем. лас титул) — ескі басылымдарда бас титулдың алдындағы ешнәрсе басылмаған ақ парақ оны бүлінуден сақтайтын болған.
Баспалық-тіркеу шығарылым мәліметтерінде басылымның таралымы мен көлемі, кітап басылған кәсіпорынның атауы, сонымен бірге библиографтарға, кітапханашыларға, баспа және кітап саудасы қызметкерлеріне кажетті басқа да мәліметтер келтіріледі. Бұл мәліметтер, әдетте, кітаптың соңғы бетіне, кейде титулдың келесі бетіне басылады.