Орхон ескерткіштері және тарихи шындық Орхон өзені бойынан табылған бұл ескерткіштер тексінде түрік қағанатының құрылуы мен құлдырауы, өрлеу дәуірі мен күйреу кезеңі жайында бірқатар тарихи деректер бар. Сол үшін тарихшылар руна жазуындағы мәліметтерді өз еңбектеріне кеңінен пайдаланады. Автор сол кездің аса маңызды тарихи оқиғаларын шетінен тізіп жазуды өзіне мақсат етіп қойған емес. Мұны сол дәуірдің тарихи шындығы мен ескерткіштер тексін өзара салыстыра отырып аңғаруға болады. Н.Я.Бичуриннің «Собрание сведений Азии и древние времена» (Москва, 1950-1953 ж.ж.Т.1), А.Н.Бернштамның «Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древне времена» (Москва, 1950-1953 ж.ж.1-Ш), Л.Н.Гумилевтің «Древние тюрки» деп аталатын еңбектерге сүйене отырып, М.Жолдасбеков Орхон жырларында бейнеленген тарихи оқиғалар жазды.
Түрік халқын құрап, іргелі ел еткен Елтеріс 693 жылы дүние салады. Соңында әлі ержете қоймаған екі ұлы қалады. Сондықтан таққа оның інісі Мочур (Қапаған) отырады.
Қапаған тым қатал кісі болыпты. Ол бір кезде даңқы жайлаған Түрік қағанатындай мемлекет орнатуды арман етеді. Оның әсіресе тым қаталдығы халық наразылығын күшейтіп, ақыры Қапаған 716 жылы көтерілісшілердің қолынан қаза табады. Бұл жағдай Елтеріс ханның буыны бекіп, бұғанасы қатайған заңды екі мұрагері-Білге мен Күтлтегінді таққа әкеледі. Кішісі-Күлтегін өте ер болған. Қарлұқтармен арада болған соғыста (711-715 ж.ж.) даңқы жайылған жас батыр бұрыннан келе жатқан ата дәстүрін бұзбай, «Білге хан» деген ат беріп, таққа өзінің ағасын отырғызады. Ал Білге хан болса, інісі Күлтегінді әскер басы етіп сайлайды. Басқаша айтқанда, бұл шын мәніндегі қағанат иесі деген сөз еді.
Билікті түгел қолдарына алған Елтеріс (Құтлығ) қағанның үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы (Білге мен Күлтегін) саясатты әуелі ағасы Қапағанмен сыбайлас болған ақсақалдарыд жоюдан бастайды. Бұрын-соңды соғысқа араласып жүрген кәрі тарландардан Елтерістің тұсында да көрегендігімен көзге түскен, Қапағанға да кеңесші болған Тоныкөкті ғана ақылшы етіп қалдырып, оған Баға Тархан (мемлекеттік кеңесші) атағын береді. Қарт данышпан бұл кезде 70 жаста еді. Көп кешікпей айлакер Тоныкөк өз қызын Білге қағанға қосады. Сөйтіп, осы үшеуінің тұсында түрік халқының даңқы қайта жер жарады.
731 жылы Күлтегін қайтыс болады. Батырдың азасына ат қойып, ел-елден келген көңіл айтушыларда есеп болмаған. Батырлығының куәсі ретінде оның басына мәңгілік ғажап ескерткіш орнатылады. Көп кешікпей, 734 жылы дүниеден Білге қаған да өтеді. Оны сатқындар у беріп өлтіреді. Таққа отырған Йоллығ тегін әкесі Білге ханның басына зәулім ескерткіш орнатады. Сөйтіп, ағасына да, әкесіне де арнап тасқа қашап, олардың ерліктерін дәріптеген жоқтау-мадақ жырын жазады. Йоллығ тегін-ақын әрі тарихта болған адам. Ол 739 жылы өз ажалынан қайтыс болады (3.20).
Сонымен көне түркілердің ежелгі шынайы тарихын оның Орхон текстіндегі бейнелі көрінісімен салыстыра отырып, Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк ескерткіштері жылнама шежіре емес, сол дәуірдің өзіне тән поэтикалық дәстүрімен жазылған әдебиет үлгілері деген түйін жасаймыз.