«Күлтегін», «Тоныкөк» жырларының көркемдік және жанрлық ерекшеліктері. «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларының көркемдік және жанрлық ерекшлеіктеріне тоқталып өтелік. Сол арқылы ғана көк түріктер дәуірінің ғажайып туындылары-«Күлтегін», «Тоныкөк» жырларының өзінен кейінгі кезеңдерде қазақ ауыз әдебиетінде туындаған батырлық жырлардың қалыптасуына қаншалықты терең жыр ететінін пайымдауға болады.
Орхон жәдігерліктерінің жанрлық ерекшеліктері туралы соңғы кезге дейін өзара қарама-қайшы екі түрлі көзқарас орын алып келді. Бірі-Күлтегін және Тоныкөк жәдігерліктері көркем әдебиетке, соның ішінде поэзияға, ешбір қатысы жоқ, Түрік қағанатының дәлме-дәл жазылған тарихы деп қарады. Екінші-руна жазуындағы бұл жәдігерліктерді поэзиялық туындыға тән барлық белгілері бар, ежелгі түркілердің өзіндік әдеби дәстүріне негізделген көркем туынды деп таныды. Бұл екі көзқарас ұзақ жылдар бойы әдебиетшілер, тілшілер, тарихшылар, т.б. арасында алуан түрлі пікір таластарын тудырып келеді. Ал қазіргі Күлтегін және Тоныкөк жәдігерліктері көркем туынды екеніне ешкім күдіктенбейді. Орхон жәдігерліктерін поэзия, ерлік жыры деп алғаш бағалаған ғалымдардың бірі академик-жазушы М.Әуезов болды. Ол руна жазуындағы жәдігерліктердің мазмұны мен сипаты туралы айта келіп, былай деп жазды: «Олардың мазмұнында эпостық баяндау сазы басым, аңыздың көркемдік түрі соған орайлас. Күлтегін, Тоныкөк немесе Суджа жазуларында қанша адам, қанша ерлік бейнеленген жасады десеңші?! Оларда әр алуан рулар мен тайпалардың кескілескен шайқастарының, соғыс суреттерінің, батырлар ерлігіні, жорықтардың шежіресі бар. Тіпті сол жазулардың бірталайында Күлтегіннің ежелгі жырларындағыдай жеңілуді білмейтін батыр болғандығы баяндалады.
Ол жазуларда хронологиялық тәртіп те бар. Күлтегіннің он алты жастан қырық жеті жасына дейін, яғни өлгенге дейінгі өмірдегі ерлік қимылдары баян етіледі. Мұнда батырдың жас шағынан бастап, өмірінің ақырына дейінгі ерліктерін жырлайтын батырлық дастандардың сюжеттік құрылысында ұқсастық бар» (6.136). бұл жазба жәдігерліктер өзінің мазмұны мен пішіні жағынан ғана емес, ырғаққа яки ритмге үннің жүйелі, мерзімді, мөлшерлі қайталануына негізделуі тұрғысынан да поэзиялық сипатқа ие екенін И.В.Стеблева дәлелдеп шықты. Ол Орхон жәдігерліктерінің өлшемі-әрі буын, әрі екпін, ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ сол буын мен епкінге негізделеді деген пікір айтады. Мұндай пікірдің теориялық және практикалық мәні зор еді. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, көне түркі жырының дыбыстық құрылысы ерекше назар аударады. Дәлірек айтсақ, көне түркі жырының дыбыстық құрылысы қалай болғанын айқынырақ танып-білу үшін осы Орхон жәдігерліктерінің біріне, айталық, Күлтегіннің үлкен және кіші жазуларына әдеби талдау жасап көрейік. Өлеңде бірыңғай дауыссыз дыбыстардың қайталанып қиысуы, яғни аллитерацияның жырдағы үндестігі, мәнерлілікті күшейте түсетінін ежелгі сөз зергерлері жақсы түсініп, бұл әдісті шебер меңгергені анық. Мәселен, «Күлтегін» жырының авторы әдеби тілге дауыс ырғағы түгіл, тіпті дыбыс қайталаулар арқылы әжептәуір ажар беруге болатынан сезген секілді:
Қырғыз,құрықан, отыз татар,
Қытай татабы-бәрі жау еді.
Қаған әкем осынша (жауға)
Қырық жеті рет аттанды (4.47).
Орхон жәдігерліктеріндегі ұйқастықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Қалай болған күнде де, өлеңге қойылатын негізгі шарттардың бірі-тармақтағы сөз соңының үндестігі, дыбыстас естілуі болып табылады. Ежелгі түркі жырындағы ұйқас-екпінді және екпіннің буындар үйлесімнің біркелкі қайталануы. Мысалы, «Күлтегін» жырында мынадай өлең жолдары бар:
Едгу білге кісіг,
Едгу алп кісіг, йорытмаз, ерміс
Бір кісі йаңылсар, оғушы, будүны,
Йымшақ ағысыңа артурып үкіс (4.26).
Бұл өлеңнің қазақша жолма-жол аудармасы төмендегідей болады:
Ақылды кісілерді
Батыл кісілерді (табғаш) қозғай алған жоқ
(Егер) бір кісі алданса да, (онда) руы, халқы
Тұқымына дейін қалмас еді (4.41).
«Күлтегін» жырында ұшырайтын сөздер, түптеп келгенде, соңғы бунақтағы дыбыстардың өзара үндестігі, яғни аллитерация жасалуы болып табылады.
Бегілік уры оғлың қул болты,
Сілік қыз оғлың күң болты (4.32).
Бек ұлдарың құл болды,
Пәк қыздарың күң болды (4.49).
Осындай үндестік, ұйқас туғызып тұрған элемент болты (болды) деген сөз ғана емес, сонымен бірге құл және күң деген сөздердегі қ және к дыбыстары екенін де аңғару қиын емес.