Белгілі ғалым Б.Кенжебаев қазақ халқының бұрын-соңды әдебиетінің тарихын төмендегідей кезеңдерге бөліп, жүйелеп қарастырады: Ежелгі әдебиет, бұл дәуір ҮІ-ХҮ ғасырлар арасын қамтиды. Бұл кейінірек қазақ халқының құрамына енген ру-тайпаларының ежелгі ру, ұлыс дәуірлеріндегі әдебиет. Ерте кездегі түрік ру-тайпаларымен бірге жасалған ортақ әдебиет.
Қазақ хандығы дәуіріндегі (ХҮ-ХІХ ғасырлар арасы) әдебиет. Қазақтың өзіндік төл әдебиеті.
Қазақтың ХХ ғасыр басындағы (1900-1920 жылдардағы) әдебиеті.
Қазақ халқының Ұлы Қазан социалистік революциясынан кейінгі кеңестік әдебиеті.
Қазақ әдебиетінің тарихы-ғасырлар бойы бір-бірімен аяусыз арпалысып келген әдеби ағымдар күресінің тарихы деуге болады. Жүздеген жылдарға созылған осы жанкешті күрес үстінде прогрессивтік бағыттағы әдебиет құрыштай шыңдала түсті, өрісі кеңіп, шоқтығы биіктей берді.
ҮІ-ХҮ ғасырлар арасындағы түркі тектес ру-тайпалармен бірге жасалған ортақ әдебиеттің өзін төмендегідей хронологиялық дәуірлерге бөліп қараған жөн сияқты:
ҮІ-ІХ ғасырлардағы көне түркі әдебиет ескерткіштері. Бұған Орхон жазба ескерткіштері, атап айтқанда, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк туралы құлпытастарға қашап жазылған жырлар, сондай-ақ, «Оғызнаме» дастаны мен «Қорқыт ата кітабы», Әбу Насыр әл-Фарабидің әдебиет саласындағы еңбектері енеді.
Х-ХІІ ғасырлардағы әдебиет. Бұлар негізінен Қараханид түріктерінің тілдерінде жазылған әдеби ескерткіштер деуге болады. Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу біліг» деген дидактикалық дастаны, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі тілдерінің сөздігі»), Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмат» («Даналық кітабы») атты өлеңдер жинағы, Ахмет Иүгінекидің («Ақиқат сыйы») деген дидактикалық сарындағы жыр жинағы. Сүлеймен Бақырғанидің «Хакім ата», «Жұбан ана, «Әулие Мария» атты өлең жинақтары, т.б.Х-ХІІ ғасырларда өмерге келген әдебиет нұсқалары болып табылады.
ХІІІ-ХІҮ ғасырдағы әдебиет. Бұл кезең әдебиет тарихында Алтын Орда-Хорезм дәуірі деп те аталады. Аталған дәуірдегі туындылар жалпы түркі әдеби тілінің қыпшақ диалектісі негізінде жазылған. Олар: «Кодекс куманикус» («Қыпшақ тілінің сөздігі»), Хорезмидің «Мқхаббат-наме» дастаны, Насыридин Рабғузидің «Қисса-сул-Әнбия» немесе «Қиссауи Рабғузи» жинағы, Дүрбектің «Жүсіп-Зылиха», Сайфи Сарайидың «Гүлстан бит-түрік», Құтбтың «Құсрау-Шырын» дастандары. Сондай-ақ. Алтын Орда дәуірінде жазылған тарихи мұралар шежіре-кітаптар да баршылық. Қазақтың тұңғыш таризшысы Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди», Қадырғали Жалайридің «Жамиғат-тауарих», Захириддин Бабырдың «Бабыр-наме» атты шығармалары аталмыш дәуірдегі әдебиеттің көрнекті үлгілері болып табылады.
Түркі тектес халықтардың бәріне ортақ ежелгі әдеби мұраларды қазақ әдебиеті мен қазақ тілі тұрғысынан зерттеуге кезінде С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, С.Аманжолов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, М.Жолдасбеков, т.б. ерекше үлес қосты деуге болады.
Сондай-ақ бұл салада Х.Сүйіншәлиев, С.Қасқабасов, Ғ.Мұсабаев, Қ.Өмірәлиев, Ғ.Айдаров, А.Ибатов, Ш.Сәтбаев, ә.Құрысжанов, М.Томан, А.Егеубаев, т.б. бірқатар құнды зерттеулер жазды.