2. ДӘріс тезистері ежелгі дәуір әдебиеті. Ежелгі дәуір әдебиетінің зерттелуі



бет11/11
Дата08.04.2023
өлшемі60,8 Kb.
#80691
түріҚұрамы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Қорқыт ата

Қорқыт (ҮІІ-ІХ ғ.ғ)-оғыз-қыпшақ тайпаларының ұлы ойшылы, батагөй абызы, дәулескер күйшісі, келер күнді болжайтын көріпкел данасы. Оның өмірде болғаны Сыр бойы мен Сарыарқа алабында ғұмыр кешкені, нақтылы тарихи тұлға екені бүгінгі күнге дейін жинақталған ғылыми деректер бойынша күмән қалдырмайды. Ата жағынан Қорқыт оғыз тайпасының Қай (Қайыспас) дейтін атасынан тараса, анасы жағынан қалың қыпшақ нағашы жұрты болып келеді. Қорқыттың әкесі оғыз тайпасына белгілі Қара (Қарақожа) деген кісі болса керек.


Қорқыт оғыз бен қыпшаққа бірдей басалқылық жасаған кемеңгер. «Қорқыт батыр емес, абыз (патриарх), халық даналығын бас болып паш етуші және сақтаушы, оның парасатына дүйім жұрт ден қояды»,-дейді В.Бартольд. Бұл тұжырымды Қорқыттан жетті дейтін мынандай нақыл сөздер орнықтыра түседі: «Қара есектің басына жүген таққанмен, тұлпар болмас, күңге сары пай шапан жапқанмен, бәйбіше болмас», «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан өнеге алмаған ұл жаман», «Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді», «Өтірік өрге баспайды» (профессор Ә.Қоңыратбаевтың аудармасы). Қорқыт туралы бірден-бір жазба дерек болып табылатын «Қорқыт ата кітабы» былай басталады: «Баят руында Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Тәңір зердесіне салған соң оның барлық болжамдары қатесіз болған...оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселелерді шешкен. Қандай ған қиын іс болмасын, Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған. Ел оның барлық өсиетін (билігін) бұлжытпай орындаған».
Яғни, Қорқыт ата оғыз-қыпшақ ортасындағы саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуде жол көрсетуші бас тұлға. Ол ел ішіндегі жөн-жоралғыны, салт-дәстүрді реттеуші батагөй дана. Халықтың сыртқы жаудан, ішкі жаудан аман болуын қадағалаушы ақылгөй. Дүйім жұрттың көші-қонын, мекен-тұрағын, ен-таңбасын, ұран-ұжымын белгілеп отыратын білгір.
Қорқыт туралы ең алғашқы хатқа түскен айғақ «Қорқыт ата кітабы» болса, мұның өзі ХҮ ғасырда жазылған. Бұл кітаптың әзірше екі нұсқасы белгілі. Бірі-12 тараудан тұратын Дрезден нұсқасы, екіншісі-6 тараудан тұратын Ватикан нұсқасы. Бұл еңбектер оғыздардың ата жұртында жазылмаған, әр тарапқа шашыраған оғыз ұрпақтарының есінде қалған естелік іспеттес. Бұл орайда Қорқыт туралы аңыз-әңгіме түрінде жеткен, заттық айғақ түрінде(мола) жеткен, күй түрінде жеткен және топоним түрінде жеткен ең мол дерек оғыздардың ата жұртында сақталған. В.Бартольд пен В.Жирмунский сияқты білгір ғалымдардың «Қорқытты қадірлеудің Сырдария өңірінде мың жылдық өнегесі бар» деуі сондықтан. Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін терең білген Әлішер Науаи (1441-1501) әулиелер өмірбаяны туралы жинақты («Нафахат алунс») аудару барысында Қорқыт туралды арнайы тоқталмаса да болатынын айта келіп, «Себебі, бұл кісі түркі халықтарының арасында тым әйгілі, тәптіштеп сөз қосуды талап етпейді» дейді. Қорқыт туралы аңыз-әңгімелерді жинақтап, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізу белгілі фольклоршы Ә.Диваев алғаш рет Қорқыт бейітінің фотоға түсуіне ықпал еткен. Сырдария суына шайылып кететін болған соң, орынын ауыстырып жерленген Қорқыт басында өазір ескерткіш белгі бар.
Қорқыт-қазақ үшін, ең алдымен, күй атасы. Қобызды күй шалу дәстүрін алғаш орнықтырушы. Қобызын серік етіп, ел қамы мен халық тағдырын болжайтын көріпкел бақсысы түркі халықтарының ішінде Қорқыт күәлерін сақтап, бүгінгі күнге жеткізе алған бірден-бір қазақ болып отыр.
Қазақ арасында Қорқыт өміріне қатысты аңыз-әңгіменің басым көпшілігі күймен көмкеріліп, күймен сабақтасып отырады. Ел ішінде «Қорқыт күйі», «Қоңыр», «Тәңір күй», «Қорқыттың елмен қоштасуы» деп келетін қобыз күйлері, байырғы сарындар күні бүгінге дейін тартылады.
Қорқыт-қобыз атасы, композитор, жыршы, ақын, бақсылардың қамқоршысы. «Қорқыт ата кітабы» әдеби ескерткіштерінен ІХ-Х ғасырларда билік құрған оғыз тайпасынан шыққандығын білуге болады. Оны Ш.Уәлиханов қазақтың алғашқы шаманы, алғашқы ақыны деп атайды. Қорқыт жайындағы аңыз-әңгімелер Ә.Науаи арқылы белгілі болып, түркі халықтары, әсіресе қазақтар арасында тарады.
Аңыздарда Қорқыт Қырмаш пен «жарық жүзді сұлудан» туылған делінеді. Оның есімінің өзінде магиялық мән бар. Уәлихановтық-потаниндік түсіндірме «қорқыт» сөзі-адамзат тұрмысының жағдайын көрсететін «қорқыту» сөзінен шыққан деп түсіндіреді. Өлімнен қорқу мен одан қашу-шаман халық аңыздарының жемісі.
Аңыздарда Қорқыт қобыз жасаған. Ол қобыздың музыкалық дыбысталуынан үшкіру, ауа, сиқыр өткізген.
Қорқыттың пайымдауынша, адамдар адамилық қасиеттерін сақтап қалу керек. Адам үшін ең қауіптісі-адамилықты жоғалту. «Қонақ келмес үйдің қирағаны жақсы, жылқы жемес шөптің шықпағаны жақсы, адам ішпес ащы судың ағысты жылғаларды қумағаны жақсы, атаның атын былғайтын ақылсыз ұлдың тумағаны жақсы». «Адам қанша өажетсінгенмен, ол өз үлесінен артық жей алмайды». Сол аңыздарда Қорқыт жер-жаһанды кезіп, «басқа елден әркімге өз елі жақсы» деген ой түйіндегенін байқауға болады. Оның айнымас досы сиқырлы Желмаясы болды.
«Қорқыт ата кітабы»-кейіннен түркі халқының құрамына қосылған оғыз тайпасының эпикалық жазба ескерткіші. Кітап оғыздардың өмірі жайында баяндайды. Оғыз-Қыпшақ тайпаларына ортақ тілде жазылған. Кітаптың араб әрпімен жазылған екі нұсқасы сақталған. Әр жырдың өзіндік сюжеті бар. Олардың әрбірінде көріпкел, тайпа көсемі, ақылгөй Қорқыт ата бейнесі берілген. Әрбір жырдың соңы Қорқыт атаны мақтаумен аяқталады. Кітап ақыл-өсиет, мақал-мәтел, нақыл, шешендік сөздерге толы.
Ондағы оқиғалар Сыр бойында, Орта Азия, Кавказ жерлерінде өтеді. Одан кең даланы мекендеген рулардың құралу, ыдырау тарихы аңғарылады. Бамсы-Байрақ жыры Алпамыспен ұқсас болса, Үсүн қожа-қазақтың үйсін тайпасының атасы. Қорқыт ата жайындағы аңыздар қазақ, қырғыз және т.б. түркі халықтарының арасында сақталған.
Кітапта қазіргі қазақ тілінде кездесетін географиялық атаулар көптеп кездеседі. Бұл кітаптың қазақ этносына енген әртүрлі түркі тайпалары мекен еткен қазіргі Қазақстан жерімен тығыз байланысты екенін дәлелдейді. «Қорқыт ата кітабы» түркі халықтарының тарихи ескерткіші болып табылады.
Мұраның орыс тіліне толық аудармасын В.В.Бартольд 1922 жылы жасады, ол 1962 жылы жарық көрді. Ал қазақ тіліне аудармасын Ә.Марғұлан, Н.Келімбетов, Ә.Қоңыратбаев сынды қазақ ғұламалары 1986 жылы басып шығарды.
Қорқыт атаға арналып 1980 жылы Қызылорда оьлысының Жосалы стансасынан 18 км жерде, Қорқыт разъезінің түбінде архитектуралық ескерткіш орнатылды. Авторлары-архитектор Б.А.Ыбыраев, физик С.И.Исатаев. ескерткіш темір бетоннан жасалған 4 тік көктастан (стеладан) тұрады, биіктігі 8м. Жоғары жағында аузы кең түтіктер орнатылған. Аузы кең орталық тесікке түйісетін 40 металл түтік жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады.
«Қорқыт ата кітабы» 12 оғыз-намеден тұрады:

  1. «Дерсеханұлы Бұқаш туралы жыр».

  2. «Салар Қазанның үйін жау шапқаны жайында жыр».

  3. «Қам-Бураұлы Бамсы-Берек жөніндегі жыр.

  4. «Қазанбектің баласы Оразбектің тұтқынға түскені туралы жыр».

  5. «Доқа-Қожаұлы ер Домрул туралы жыр».

  6. «Қаңлы-Қожаұлы Қан-Тұралы туралы жыр».

  7. «Қазылық-Қожаұлы Жүгенек туралы жыр».

  8. Бисаттың Төбекөзді өлтіргені туралы жыр».

  9. «Бегілұлы Әмрен жөніндегі жыр».

  10. «Үйсін-Қожаұлы Секрек туралы жыр».

  11. «Салар Қазанның тұтқынға түсуі және оның ұлы Ораздың босатуы туралы жыр».

  12. «Сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы шығуы және Бамсы-Бейректің өлімі туралы жыр».

Әріден қозғасақ, Әбілғазының «Түрік шежіресі» мен Рашид-ад-диннің «Оғыз-намесінде» Қорқыт туралы айтылады. Әбілғазы «Қорқыт бес ханға уәзір болды», Рашид-ад-дин оның «ұзақ өмір сүргенін» баяндайды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет