Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
Эпикалық тек түрлері
Шағын көлемді эпикалық тек
Орта көлемді және кең көлемді эпикалық тек, түрлері
Лирикалық тек, жанрлары
Көркем шығармадағы пафостың түрлері
Драмалық тек, драмалық жанрлар
Қазіргі қазақ драмасының тақырыптық ерекшеліктері.
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Әдебиеттің тектерінің пайда болуы, жанрлық түрлердің тууы, қалыптасуы жөнінде ой-идеялар сонау ежелгі көне дәуір ғұламалары (Платон (б.д.д. 427-347 ж.ж), Аристотель (б.д.д. 384-322 ж.ж.) т.б.) жазған трактаттардан бастау ала келе орта ғасырларда (Әл-Фараби, т.б.) және ХVІІ-ХVІІІ (Н.Буало, Г.Э.Лессинг, Гердер т.б.), ХІХ (И.В.Гете, Г.В.Ф.Гегель, В.Г.Белинский, А.Н.Веселовский т.б.) ғасырларда арнаулы ғылыми еңбектерге ұласты. Белгілі бір ғылыми-эстетикалық жүйелі ой-толғам қалыптасты. ХХ ғасырдағы әдебиеттану ғылымында да бұл өзекті һәм күрделі мәселені зерттеушілер де, еңбектер де баршылық.
Өмір шындығын көркем танытудың бірінші әрі байырғы тәсілі –
эпикалық бейнелеу тәсілі. Бұл түрлі оқиғалар мен жағдаяттарды, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды автордың өзіне тікелей қатыссыз нәрсе ретінде (Аристотель айтқандай “Гомер секілді оқиғаны өзіне қатыссыз түрде әңгімелеу”) бейтарап күйде байыпты және жүйелі түрде көркем баяндап беруіне құралады. Эпикалық шығармаларда оқиғалар, құбылыстар өткен шақта баяндалады. Сондықтан да бұндай баяндау тәсілін эпикалық баяндау немесе эпос (гр. epos – әңгімелеу) деп те атайды. Эпикалық баяндау немесе бейнелеу тәсілінің өмір шындығын көркем әрі кеңінен таныту мүмкіндігі мол. Өйткені эпикалық шығармаларда шындықты бейнелеп танытудың алуан түрлі амал-тәсілдері молынан қолданылады. Олар: авторлық баяндау, суреттеу, кейіпкер (кейіпкерлер) сөздері (монолог, диалог), лирикалық шегіністер, табиғат көріністері, мінездеу, психологиялық талдау үлгілері, интерьер т.б. Бұның бәрі жазушыға өзін толғандырған қоғамдық жағдаяттар мен адамдар тағдырын таным тереңдігі, талант құлашы жеткенше қамтып, көркем танытуға көптеген мүмкіндіктер береді. Эпикалық шығармаларда қоғамдық өмір шындығы мен адамдар тағдырының жекелеген сәттері мен кезеңі де, сондай-ақ тұтас дәуір, бірнеше ұрпақ ғұмыры да кеңінен қамтылып, жан-жақты көрініс таба алады. Сөйтіп, эпикалық туындыларда уақыт пен кеңістік тұрғысынан ешқандай шектеулік болмайды.
Өмір шындығын өзгеше бір қырынан қамтып, көркем таныту мақсатын лирикалық бейнелеу тәсілі атқарады. Лирикалық бейнелеу тәсілі алуан түрлі өмір құбылыстары, адамның тіршілігі туралы ақынның сезім күйлерін, ой-толғаныстарын, түсінік-ұғымын танытуды бірінші кезекке қояды. Сөйтіп, лириканың предметі эпостағыдай сыртқы дүние, объективті шындық, оқиға емес, ақынның жекелік көңіл күйі, толғаныс-тебіренісі, қуаныш-мұңы, Гегель айтқандай “ішкі әлемнің сыры” болып табылады. Ақын қандай тақырыпты, нендей қоғамдық, адамдық мәселелерді жырласа да ол туралы ең алдымен өз түйсік-сезімін, көзқарасын айқын білдіруі шарт. Сондықтан да Гегель де, Белинский де лирикалық поэзияны ақынның алдымен өзінің ішкі әлемін баса танытатын, көбінше ақынның өзі айтатын субъективті поэзия деп атаған. Лириканың эпикадан тағы бір принципті айырмашылығы Гегель сөзімен айтқанда, оның “ықшамдылығы, шымырлығы. Жалпы лирика “далиған ұзақ-сонар баяндауымен немесе сыртқы жайларды кеңінен ашып беруімен емес, ішкі тереңдігімен әсер етуге тиісті”. Мұндай тұрлаулы түсінікті Белинскийдің де айтқаны белгілі. Ахмет Байтұрсынұлы да “Толғау (лирика) қысқа болуға тиіс... Көңіл күйінен шығатын толғау көңіл табиғатына қарай ұзын болмасқа тиіс, ұзын болмайды да. Нағыз толғаулардың көбі-ақ 4-5 ауыз өлеңнен аспайды” деп лирикалық өлең табиғатына тән басты ерекшеліктердің бірін орынды атаған. Ал лирикалық текті толғау деген терминмен атай отырып А.Байтұрсынұлы “толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы (автор) тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін-мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды” деп түсіндірген.
Эпоста оқиға болса, драмада адам өмірі – әмірші. Сондықтан да драмада өз тұлғасымен өмір қайшылықтарының мәнін аңғартатын кейіпкердің мінезі мен негізгі сипаттарын көркем, жанды танытуға баса назар аударылады. Драма өмір шындығы мен адам тағдырын бейнелеудің ең күрделі тәсілі, эпос пен лирика ерекшеліктерін қоса қамтыған синтез жанр деп те атайды. Шынында да, драмалық туындыда авторға қатыссыз сыртқы дүние де (бұл эпостың сипаты), сондай-ақ кейіпкердің ішкі әлемі де (бұл лирикаға тән сипат) бейнеленеді. Алайда бұл аталған жақындықтар драманың әдебиеттің дербес бір тегі ретіндегі өзіндік ерекшеліктерін жоққа шығармайды, қайта драманың күрделі жанр екендігін таныта түседі. Әдебиеттің тектерін Гегель өзінің триада заңдылығына сәйкес қарастырып, эпос ең көнесі, біріншісі, әдеби даму негізі, яғни эпос-тезис, лирика оған қарама-қарсы, яғни, антитезис, драма синтез, екеуінің қосындысы деген пікір білдірген.
Енді драмалық туындылардың өзіне тән ерекшеліктері қандай, соған келейік. Біріншіден, драмалық шығармалар театрға, сахнаға қойылуға арнап жазылады да, осы себепті олар сахна заңдылығымен үйлесуі керек. Пьеса көлемінің шектеулігі де осыдан келіп шығады. Пьесаның көркемдік қасиеті, әлеуметтік маңызы да, оның сахнадағы қойылымы арқылы ғана шын мәнінде көрінбек. Белинскийдің “Драмалық поэзияның сахналық өнерсіз сәні келмейді, белгілі бір тұлғаны тану үшін оның қалай сөйлегенін, қалай толғанатынын, қалай әрекет ететінін көру және есту керек” дейтіні де сондықтан болса керек. Екіншіден, драмалық шығармада авторлық баяндау, мінездеу, табиғат көріністерін бейнелеу, тағы да басқа суреттеу тәсілдерінің болмайтындығы. Үшіншіден, пьесаның бірыңғай кейіпкерлер сөзіне (монолог, диалог) құрылатындығы. Бұдан драматургтың тілге, яғни, кейіпкерлер сөзіне өте мұқият болу керектігі келіп шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |