38. Ә.Қоңыратбаев – шығармашылық ауқымы кең ғалым. Ол әдебиет атаулының барлық салаларында қалам тартқан. Қаламгер шығармаларының бір саласын поэзия, проза, көркем аударма, деректі әңгімелер мен очерктер құраса, екінші қанатын фольклортану, шығыстану, түркітану, әдебиет тарихы мен сыны, әдебиетті оқыту әдістемесі мен әлемдік педагогика мәселелері қамтып жатады. Мұндай тұлғалар қазақ әдебиетінде сирек.
Он томдық шығармалар жинағында Ә.Қоңыратбаевтың еңбектері хронологиялық желіде топтастырылған. 1-том фольклортану мәселелеріне арналған. Оған ғалымның «Қозы Көрпеш» жыры, «Қазақ фольклоры» және «Қазақ фольклорының тарихи негіздері» атты монографиялары мен ізденістері енген. «Қозы Көрпеш» жырына арналған монографиясы 1946 жылы қорғаған кандидаттық диссертациясының өңделген нұсқасы. «Қазақ фольклоры» - 60-жылдары жазылған оқулық болса, соңғы тарауда ғалымның кейінгі жылдары жазған еңбектері қамтылды. 2-томда көне түркі жазбалары, хұн, сәнби, жужан, түрік қағанаты дәуіріндегі жазба ескерткіштер, Аттила және Ордос хұндері, орхон жазбалары, оларға қатысты жаңалықтар, оғыз-қыпшақ дәуірінің жазбалары, Қарахандар мәдениеті, сопылық әдебиет туралы ізденістер қамтылған. Көшпелі этностар, ноғайлы жұрты, Мұқанна, Құтып, Әбілғазы, Вамбери, В.Бартольд, В.Григорьев, Шоқан шығармашылықтары, «Қазақ халқының этногенезі» туралы пайымдаулары жинақталған. Шығыстану мәселелеріне арналған 2-бөлімінде Орта Азияның антикалық дәуірі, хангюй жұртының мәдениеті, Араб шабуылы тұсындағы ренессанс көріністері Фердауси, Бируни, Омар Хайям, Низами, Сағди, Науаи, Абдулқадыр Бедил еңбектері туралы пікірлері қамтылған. 3-том ғалымның 15-18, 19 және 20 ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихына қатысты зерттеулерін қамтыса, 4-томға әдеби көркем сын саласындағы ізденістері енген. 5-том монографиялық зерттеулерден тұрады. Олар: «Шолпанның ақындығы», «Абайтану мәселелері», «М.Әуезовтің типтендіру өнері» және «Древнетюркская поэзия и казахский фольклор» атты еңбектер. 6-томда 1917 жылға дейінгі қазақ мектептерінің тарихы, Ресейдегі ағартушылық жұмыс, әлемдегі түрлі әдістемелік мектептер мен тәжірибелер тарихы, қазақ әдебиетін оқытудың әдістемелік мәселелері қамтылған.
Достарыңызбен бөлісу: |