Тілдік (сөздік) метафора сөзге жаңа мағына қосып, оның семантикалық шеңберін кеңейтіп, әрдайым үздіксіз дамытып отырады.Тілдік метафора жалпыхалықтық сипатына қарап дәстүрлі метафора деп те айтылады.
Сөзге метафоралық тәсіл арқылы ауыс мағына жасайтын сөз біткеннің бәрі емес, тілдегі заттар мен құбылыстардың атын, іс-әрекетін, сапа мен белгілерін білдіретін сөздер. Бұлар сөзге нақтылы мағына қосып, семантикалық аясында үнемі кеңейтумен болады. Мүше деген сөздің ең алғашқы мағынасы анатомиялық жеке атаулары білдіру болған. Дәулет құсын бауыздап, аспазшы қатынның қолына берді де, бір мүшесін қалдырмай ас деді (И.Байзақов). Мұнан соң сый ретінде біреуге берілетін үлес, сыбаға мағынасын білдірген: батырдан сауға, мергеннен мүше деген(мақал). Кейін белгілі ұйымға кірген адамды айтатын болдық. Мысалы Абылхан ұжымға мүше болып кірді. Сонымен бірге қазақ тілі білімінде сөйлем мүшесі, үйірлі мүше, тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше деген терминдік мағыналар пайда болды.
Тілдік метафора мынадай ұқсастықтар негізінде тууы мүмкін:
а) тұлға ұқсастығы. Мысалы: қанат- құстың қанаты, ұшақтың қанаты, құлақ- адамның құлағы, қазанның құлағы, домбыраның құлағы.
ә) қимыл ұқсастығы. Мысалы: аяқ- адамның аяғы, үстелдің аяғы, серік- адамның серігі, жерсерігі.
в) ұғымдардың бір-біріне қатыстылығынан туатын ұқсастық.
Мысалы: жіңішке - жіңішке жіп, жіңішке бел, жіңішке өзен, сұлу - сұлу адам, сұлу табиғат, өткір- өткір пышақ, өткір ой т.б.
Тілдік метафора уақыт өткен сайын күңгірттеніп, атауы мағынаға ие болып кетеді. Мысалы: адамның беті- кітаптың беті дегендегі бет, сөзі қай мағынада болсын атауыш мағынаға ие болып тұр.
Поэтикалық (контекстік) метафора ойды әсерлі әрі айқын етіп жеткізу үшін қажет. Ойдың көркемдігі жалпы халыққа таныс суретке құрылуымен тығыз байланысты. Метафораның бұл түрі көркем шығармаларда кездеседі. Мысалы: Баладай екі өркеші - шөл кемесі- Түйем де басқа малдан кем түспейді. Алтын дән аялаған кең алқапта, жер кемесі - комбайн гүрілдейді.("Айтыс").
Ақындар айтыс өнерінде түйені - шөл кемеге, комбайны - жер кемеге балау арқылы өз ойын тыңдаушыға соншама әсерлі етіп жеткізіп бере алған. Осындай бейнелі теңеу ауыздан - ауызға таралып , бірте-бірте жатталады. Ақырында жалпыхалықтық сипат алып, тілге әбден етене болып сіңісіп, халықтық мүлікке айналады.Сөйтіп, қолданыстың бір саласында сақталып қалады.
Бір кезде мақтаны ақ алтынға, көмірді қара алтынға, астыртын сары алтынға балап жай қолданған болсақ, бүгінгі таңда осы метафоралық теңеулер әдеби тілімізге әбден сіңісті болып, біржола орнығып алды. Жекелік қолданыстан гөрі, қазір жалпыхалықтық қолданысқа актив болып ауысты. Бірақ мұндай метафоралар барлық жанрда кездесе бермейді, көбінесе белгілі бір жанрға телінді болады. Әсіресе поэзияда жиі кездеседі. Сондықтан метафораның бұл түрін поэтикалық метафора деп атаймыз. Мәселен, халық ақындары қылыш, семсер дегендердің орнына поэзияда алмас, болат дегендерді жиі пайдаланады.
Мысалы
Беріспейсің, бермейсің,
Жауға алмас сермейсің.
Қызыл әскер балаларым (Н.Байғанин)
Астына мініп ақ атты,
Қолына алды болатты (Жамбыл)
Метафораның соңғы айтылған түріне жеке қолданыстан (индивидуалды ) туатын метафоралар жақын келеді.