Табиғат жағдайлары мен ресурстары. Табиғат ресурстарының таралуы жағынан да аймақ елдері бір-бірінен үлкен айырмашылық жасайды. Отын-энергетикалық ресурстардан тас көмір Польша мен Чехияда; мұнай мен газ Румынияда; су-энергетикалық ресурстары Балқан елдерінде шоғырланған. Темір кені — Сербия және Черногория, Румыния, Словакия; боксит — Венгрия; мыс — Польша, Румыния; хромит — Албания; полиметалл — Балқан елдерінде кездеседі. Польша жерінен тұздың, күкірттің және күмістің аса маңызды қорлары анықталған. Аймақтағы Балтық бойы елдері қойнауы минералды ресурстарға ең жұтаң аудан болып табылады.
Агроклиматтық көрсеткіштері жөнінен бұл аймақ елдерінде ауыл шаруашылығының барлық салаларын өркендетуге толық мүмкігі бар Жер ресурстарының қоры жөнінен Батыс Еуропамен салыстырғанда аймақтағы өңделетін құнарлы жерлердің үлес салмағы біршама жоғары. Сонымен қатар Румыния, Сербия, Черногория және Албания елдерінде орман алқаптарының үлесі де жеткілікті дәрежеде. Осы аймақтағы табиғат байлықтары елдердің экономикасын дамытуға қолайлы мүмкіндіктер жасайды.
Шығыс және Орталық Еуропа халқы мен еңбек қорлары. Аймақта Батыс Еуропамен салыстырғанда халықтың жалпы саны онша көп емес, шамамен 135 млн-ға жуық халық тұрады. Халқы ең көп ел — Польша (38,6), халқы ең аз ел — Эстония (1,5 млн адам шамасында).
Аймақ халқының этностық құрамының басты ерекшелігі — славян тобындағы халықтың басым қоныстануы. Оларға поляктар, чехтар, словактар, болгарлар, сербтер, хорваттар, македондықтар, словендіктер жатады. Сонымен қатар роман тіл тобына жататын румындар; фин-угор тіл тобындағы венгр, эстон; балтық тіл тобындағы латыштар мен литвалықтар; өзіндік жеке тіл тобына ажыратылатын албандықтар қоныстанған. Саны жағынан едәуір көп халықтар — румындар, поляктар, албандықтар, венгрлер мен литвалықтар.
Кенттену дәрежесі өте жоғары елдер қатарына Чехия, Эстония, Латвия жатады. Олардағы халықтың 70%-дан астамы қалада тұрады. Аймақтың көптеген елдерінде ірі қалалармен қатар тарихи қалыптасқан шағын қалалар мен елді мекендер, ал Балтық бойы елдеріне хуторлар тән.
Аймақтағы елдердің басым көпшілігі ұлттык кұрамы жағынан біртектес болып келеді. Оларға Польша, Албания, Венгрия, Болгария, Словения, Словакия, Чехия, Литва, Румыния, Хорватия елдері жатады. Бұл аймақтағы ең кеп ұлтты мемлекет Югославия болған, онда 20-дан астам ұлт өкілдері тұратын.