§ 4. Дін жəне шариғат жолы
”Жарғы” мазмұнында дінге қатысты бірнеше талап бар, оларды атап айтсақ:
1. Құдайға тіл тигізген адам, егер тіл тигізгенін жеті адам дəлелдеп, куəлік берсе, өлім жазасына
кесіледі.Өлім жазасы шариғат талабына сəйкес таспен атып орындалады.
2. Өзге дінге кірген, соның ішінде христиан дініне кірген адам, өз мал-мүлкіне, қатын баласына
иелік хақынан айырылады. Себебі мал-мүлікке, адам жанына ру ортақ. Осы себепке байланысты
"шоқыншының" мал-мүлкінін, қатын-баласын ағайын-туыс бөліп алса қылмыс болып
табылмайды.
Шариғаттың тікелей əсері "Жарғының" төмендегі ережелерінен көрінеді:
3. Өзін-өзі өлтірген, жазалаған адамдарға жаназа оқылмайды, олар ру қорымынан бөлек
жерленеді.
4. Адам өлер алдындағы өсиетін ағайындар мен молданың алдында айтуы қажет. Егер де ауылда
молда болмаса, өсиетті жақын ағайын, жолдас арасында айта береді.
5. Əйел адамның құны ер адамдардың құнына қарағанда екі есе кем. Сонымен бірге еркек адам
əйелін өлтірген жағдайда, əйелінің туыстарына, олар талап етсе, құн төлейді, ал əйел адам
еркегін өлтірсе өлім жазасына кесіледі. Əйел адам егер аяғы ауыр болса, кешірім етіледі, бірақ
ағайын-туғанның алдында жазалы болып қалады /қарабет/.
6. Шариғат жолы - əуелі Құран кəрімге, одан кейін хадистер мен сунналарға негізделеді.
7. Даулы мəселелер бойынша /істер/ шешімді шариғатты жақсы білетін жəне адалдығымен елге
танылған қазы мен имам айтуы қажет.
8. Қазы, не имам (мүфти) билік ісін көпшілік алдында, ауызекі жүргізеді .
9. Даулы іс бойынша ант беретін адамды екі жақ өздері ұсынады.
Ант беретін адам ұсыныстан бас тарта алмайды, егер бас тартса :бір құлға азаттық беріп , не
10 адамды тойындырып ас беруі керек.
10. Жалған ант беру тек өзге діннің адамынан өз туысын қорғау үшін ғана беріледі. Құдай
алдында өзін ақтау үшін жалған ант берген адам бозқасқа шалып ақталуы қажет.
11. Қарыз беруші қарызын өсімімен алуға қақы жоқ.
12.Қарызын қайтара алмаған адам қызметімен өтейді.
13. Əкеден қалған мұра ұлдарына екі есе, қыздарына бір есе тəртібімен бөлінеді.
14. Марқұмның өз баласы болмаса аға-інісі екі есе, апа- қарында-сы бір есе мұра алады.
15. Ері əйелінің мал мүлкіне қол сұға алмайды, иелік етуге хақы жоқ.
16. Ерінен ұрпақ қалмаса, əйелі ер мұрасының төрттен біріне ғана ие болады.
17. Егер марқұм көзі тірісінде біреуге қарыз болса, бала-шағасы оны өтеуге міндетті.
18. Ұрлық жасаған адамның ұрлағаны 10 дирхемнен (теңге) көп болса бір қолы кесіледі.
19. Ұсақ заттар (сабын, балық, құс) ұрлық болып табылмайды, жаза кесілмейді.
20. Шариғат бойынша алдын-ала тергеу жұмысы жүргізілмейді.
21. Тонаушылық (Хараба) өте ауыр қылмыс қатарына жатады:
а) Егер қорқытып өзгенің дүние-мүлкін алса; ə) егер алған затын таратып жіберсе; б) егер
түгелін өзі жаратып жіберсе; в) тонау өліммен ұштастырылса, ондай ұры - тонаушыға өлім
жазасы кесіледі.
22. Ерлі-зайыпты адамдар арасында кездесетін көзге шөп салу /зина/ өлім жазасына /таспен
атып/ кесіледі. Егер 4 куə көзбен көріп мойындатса.
23. Зинаға байланысты жалған куəлік берген адамға 30 рет дүре соғылады.
24. Арақ ішіп лəйліп жүрген адамға 80 рет дүре соғылады .
25. Діннен шығу -иртидад /ислам/ өлім жазасына кесіледі /таспен атып өлтіру/.
26. Қоғамдық тəртіпті бұзу, ел басшысына, үкіметке қарсы көтеріліс, өлім жазасына кесіледі.
27. Қазы немесе имамның билік кезінде шариғат талап ететін тəртіпті жазадан /хадд/
ауытқуына тиым салынады.
28. Адам өлтірген қылмыс бойынша қазы қылмыскерді өлім жазасына кеседі /қысас/.
29. Егер өлген адамның туыстары кешірім берген жағдайда, қылмыскер құн төлейді / дийа/.
30. Егер қылмыс, не дау шешімі шариғатта /құран, сунна, хадис/ көрсетілмеген болса, қазы өз
түсінігі бойынша жаза кеседі /тазир/.
Үшінші таған
Кек пен жаза
§1. Кек
Қазақ ұғымында кек қайтару ғұрпы айыпталған емес, керісінше əлдеқалай бұзыққа, не келімсекке
қандас туысының өшін жіберсе, не басының намысын қорғай алмаса, ондай азаматты халық қор
санаған. Туысын өлтірген қылмыскердің өз қанын, не ағайынының қанын ішпей жіберу,
кешірілмес кунə саналып, ондай еркектер жұрттың көзіне шыққан сүйелдей болып, онымен бір
дастарқанға отыруға өзгелер арланған.
Алаштың азаматына қас жауының кенірдегін қанжармен орып жіберіп, қанын ішу ата жолына
кіретін , əдет-ғұрып алдындағы абыройлы міндет. Ер жігіт түгілі қазақтың бойжеткен қызы
да беліндегі кездігін тастамайды /ер кісесі жəне əйел кісесі/.
Қазақтың ХУІІІ-XIX ғасырдағы қатал мінезі туралы А.И.Левшин былай деп жазады:
”Қандай арманшыл адам болса да, бұл адамдар қауымына қызығуы қиын, оларды не рухани
табиғаттың тамашасы, не тұрмыс-тіршілігі қызықтырмайды.Олар қаталдыққа əбден үйреніп
алған жəне мінезді жұмсартатын нəрсенің бəрінен қашады, ұрлықты да қаталдық деп,
ержүректілікті өмір бойы қан төгу деп түсінеді”.
”Өзіне жасаған қорлыққа кек қайтара алмаған қазақ, ашу-ыза үстінде құтырған қасқырға ұқсас,
- дейді А.И.Левшин, 1821 жылы Антонов бекінісінде сол маңда көшіп жүрген бір ордалық қазақ
менің көзімше өзін пышақпен бірнеше рет тілгілеп тастады, себебі оның төбелесіп жатқан бір
орысын бірнеше Жайық орыс-казактары арашалап алып қалып, əбден шерін тарқатуға мүмкіндік
берген жоқ. Екінші біреуі билердің кесімімен жазаға бұйрылғанына күйініп, жан шошырлық
кейіпке түсті, қолма-қол өзін жаралап, əкесіне балта ала жүгірді, қызына жара салып, бірнеше
жылқыны балталап тастады”.
”Егерде талай кедергіден өтіп, көптен бері іздеп, ақырында өзінің кегі кеткен жауын тапқанда,
ол тіпті нағыз жолбарысқа ұқсап кетеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Кіші жүздің Бай ұлы
елінің ішіндегі Беріш руынын қазақтары, өз туыстарының кегін қуып Əлім ұлына шабуыл
жасады жəне бірнеше жауларын қолға түсірді. Қолға түскен бақытсыз жандардың, оның
ішінде кінəсіздері де бар, басына түскен тағдырын адам қиялы елестетуі неғайбыл. Жеңімпаздар
оларды бейіт басына, өздерінің өлген туыстарының қабіріне алып келіп, бір-бірлеп, сол жерде-ақ
өлтіреді, үлкенінің кенірдегін орып жіберіп, жиналған қанын уыстап тұрып ішкен “.
Ханда билік, билерде бəтуə жоқ кезде қазақтын рулары өзара да қанды кек қуысатын болған,
мүмкін сондай жан кештілік заманда өзін-өзі сақтау, халық болып, қалу да оңай болмаған болар,
намысты жоғары қойған “Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді“ дейтін қазақ үшін қалыпты
жағдай болған.
Бірақ сөзге түсінген, сөзге жүгінген ел болғандықтан, қазақ руларының өзара дау-шараларын от
тілді, орақ ауызды би-шешендері ушықтырмай, шешіп отырған. Қазақ “Сөз сүйектен, таяқ
еттен өтеді“ -деп сөз өтетін жерде, шоқпарын ынғайламаған, сөзбен қағысып барып ештеңе
шықпайтын болғанда ғана іске кіріскен, əйтпесе көшпелі ыдырап жүрген елді бір жеңнен қол, бір
жағадан бас шығаратындай ұйымдасып, ынтымақтастырып отыру оңай болмаса керек.
ХУІІІ ғасырда өмір сүрген Ақтамберді жəне Үмбетеай жыраулар бір дауға байланысты сөз
жарыстырғанда айтқаны:
Ақтамберді:
Қынаптан қылыш суырмай,
Қарысқан жау бүлк етпес.
Жуылмай қастың қанымен,
Намысқа тиген кір кетпес.
Шабыссаң, қане, шығып көр,
Жау емессің күш жетпес.
Жендетті көрсет көзіме,
Желіккен басты кім кетпес!
Еліңді жүндей түткізіп,
Қанды көбік жұтқызып,
Жайратамыз осы кеш.
Үмбетей:
Ей, Ақтамберді!
Суытпа босқа түсіңді,
Қайрама онша тісіңді.
Сырт тазасы не керек.
Тазарт əуел ішіңді,
Салмақтассаң айта ғой,
Хан алдында күшіңді.
Елімді иесіз деймісің,
Ерімді киесіз деймісің?
Алты арысқа білдірмей,
Басып жеймін деймісің?
Батпан-батпан мінің бар,
Қабынбай бітім қылыңдар.
Міне, Үмбетбейдің дегенімен екі ру қазақтары қанды қырғынға бармай, бітімге құн төлеп
келіскен.
Ал енді сыртқы жау, бөтен елде кеткен кек іште қатқан шер болған. Жиембай іште қалған
шерін былай деп айтқан:
Керегеге ілінген,
Шабылмаған семсер тұр.
Жаудан алмай кегімді,
Есіл де өмір өткен құр.
Сыртқы елмен қатынаста құн төлеу, кешу, бітімге келу өте сирек болғандықтан, не жеңу, не
жеңілу керек еді. Атақты Абылай заманындағы ағайынды батырлар Жауғаш, Биғаштың
Жауғашы қалмақта өлгенде /елшілікте/ қазақ батырдың жолында қырылмақ болып, жеті ердің
құнын алған. Сол сияқты кек қайтарушы кісіні “Қаскүнем” деп атаған, яғни өзінің ойындағы істі
көпке дейін сəті келгенше күтіп іске асырушы.
§ 2. Қанды кек дəстурінің қолданылу тəртібі
Қанды кек -қазақтың əдет-ғұрып заңдарының ішінде бірінші орын алатыны /қанға қан, жанға
жан/.
“Жарғы” бойынша өлген адамның туыстары қанішерді өлтіруге хақы бар, егер дене мүшелерінің
бірі жазым болған жағдайда: (мысалы, аяғы, мұрны) қылмыскердің аталған дене мүшелеріне
зақым келтіруге қанды кек тəртібі рұқсат береді. Егер талапкер жақ келіссе, билердің
ұйғарымы бойынша жұмсартылатын да жағдай болады. Онда қанды кектің орнына талапкер
жақ қылмыскерден алынған төлеммен қанағаттанады. Кісі өлтірушінің өмірін сақтау үшін
руластары төлейтін төлемді ”құн” деп атайды.
Ер адамның құны – 100 жылқы (1000 қой), əйелдікі – 50 жылқы (500 қой). Сол сияқты билердің
ұйғарымы бойынша, адамның дене мүшелеріне келген зақымды малмен төлеуге мүмкіндігі
болады.Үлкен бармақтың төлемі-100 қой, шынашақ-20, т.б. Ал сұлтан, қожа тұқымдары үшін
құнның төлемі 7есе, жеті адамның құнын талап етуге хақы бар. Сол сияқты сұлтанды, иə
қожаны тілдегені үшін 9 бас айып төлейді, ал қол жұмсағаны үшін 27 бас, яғни ”үйірімен үш
тоғыз” төлеуі тиіс.
Кей-кейде қылмыскер жақ істелген іс үшін аяққа жығылып, құн төлеуге келісім беріп тұрса,
өлген адамның туыстары көнбеуі мүмкін.
Олай болса олардың біреуі бес қаруын асынып, сайлы атын мініп, қылмыскермен жекпе-жекке
шығуы керек.
Жекпе-жекке шақырған жақ қылмыскерді өлтіре алмаған жағдайда құн орнына бір тоғызбен
қанағаттанады, ал өлтірсе қылмыскердің құны сұраусыз.
Сол тəрізді күдікті адамды кектен құтқару үшін, оның руластарының ішіндегі ең сыйлы, қадірлі,
елге беделді ағайындарының бірі жұрт алдында кепілдік беріп, ант ету керек. Осы ғұрыпты
қазақ ”жан беру” деп атап, істің шешімін тауып, келісімге келеді.
§ 3. Жаза түрлері
Əдет-ғұрып заңдарының бір тармағы есебінде əртүрлі қылмысқа қатысты жазалардың ішіндегі
ең ауыры-өлім жазасы, өлім жазасынан кем соқпайтын түрлері де баршылық.
Қазақ арасында жиі кездесетін жазаның бір түрі-қылмыскер адамның мойнына құрым іліп,
бетіне күйе жағып, ауыл айналдыру.Əсіресе, бұл ауыл ішінде тəртіп пен имандылықты бұзғанда
қолданылады. Қылмыскерді қара сиырға мінгізіп, бетіне қалың қылып күйе жағып, мойнына
əбден құрым болып қалған ескі кигізді іліп, соңдарынан қамшымен ұрып отырады жəне
беттеріне түкіріп, топырақ шашып əбден қорлайды.
”Мойнына құрым іліп, бетіне күйе жағу” билердің кеңесінде емес, ауыл-елдің сыйлы
ақсақалдарының бұйыруымен істеледі. Себебі, ел имандылығын, əсіресе жастардың дұрыстығын
қадағалау ауыл үлкендерінің өз ісі деп есептеледі. Ауылындағы бас бұзар бұзығын, арсыз əйелін
жазаламаған ел басы ақсақал елге сыйлы болмайды.
Нəпсіқорлыққа байланысты айтып кететін бір мəселе: қолға түскен еркектің атының құйрығын
кесу, онымен бірге ұсталған қыздың, не күйеуі бар əйелдің бұрымдарын кесу. Бұл да ауыр жаза
қатарында, себебі ат құйрығын кесу тек өлімде, не жаугершілікте кездесетін нəрсе. Бұл
қылмыскерге енді аяушылықтың болмайтындығын көрсетсе керек.
Еркек адам қайтыс болғанда мініп жүрген атының құйрығын кесіп жібереді: “тұл ат”. Ол
атты тек ас бергенде сояды. Бір жыл ішінде құйрығы кесілген атқа ешкім мінбейді. Өзгенің
жылқысының /ұрланған/ құйрығын кескен ұрыға бір жылға шейін билік айтпайды. Мал иесінің
босағасын күзеттіреді. Егер атының құйрығы кесілген үйден бір жыл ішінде кісі өлсе, ат
құйрығын кескен ұрыға кісі құнын төлеткізеді.
Ата-анасына қарсылық жасаған, ел ақсақалына тілі тиген не өз ауылын қорлайтындай,
ағайынның намысына келгендей жаман іс істеген адамды мойнына қыл шылбыр іліп, қолын
артына байлап, жалаңаш қылып шешіндіріп, ауылды айналдыра қамшымен ұрып жүргізеді жəне
ұрып қана қоймай, неге ұратынын жұрт айтып, балағаттап отырады.Тағы бір түрі аттың
құйрығына шылбыр байлап, соны қылмыскерге тістетіп, екі жігіт екі жағынан қамшылап
жүгірту.
Ел арасынан шыққан бұзақыларға қарсы қолданылған жазалардың ішінде айтып өтуге
тұратыны, ол қылмыскердің дене мүшесіне зақым келтіру, құлағын кесу, ернін, танауын жұлу
сияқтылар.
Бұлар шектен шыққан қылмыскерге, не əлуметтік сатыда төмен тұрған құлдарға қолданылған.
Қазақтың жаугершілік уақытта көп қолданылған жазалардың бірі қылмыскерге кісен салу,
босаға күзеттіру. Жазаның тағы бір түрі ұраға отырғызу.
Ертерек уақытта жазаның ең көп қолданылған түрі - ел алдында үш бақанның, не уықтың
астына отырғызу, ол үшін қылмыскерді жүресінен отығызып, бастыра үш ағашпен нығырлап,
жоғары бастарын қосып, байлап тастайды. Жеңіл-желпі аталатын қылмыстарды да билер елге
үлгі болсын деген ниетпен осындай жазаға кесіп отырған. Осы жазаның бір түрі керегені
жалаңаштап, киізін алып, соның ішіне отырғызып қою. Бұл да ел алдында істелетін жаза. Екі
жағдайда да қылмыскердің жанында қылышын жалаңаштап алған жасауыл тұру керек.
Жеті атаға толмай көңіл қосқан адамдарды өлім жазасына кеседі. Бірақ шариғат немере
арасын қосатын болғандықтан, кейде билер өлім жазасына тікелей кеспегенімен де “оққа”
байлайды. Соның бірі жағын /садағын/ кезеніп тұрған туыстарының алдынан шауып өту. Өлсе
өз жазасы, өлмесе салауат делінеді.
Жазаның ең көп қолданылатын түрі-ел алдында кінəлі адамды сол ауылдың үлкені, ағайынның
біреуінің сабауы. Бұзау тіс қамшыны алып, кінəсін бетіне айтып, екінші рет қайталамайтындай
қылып сабау.
§ 4. Барымта
Барымта-қылмысқа қарсы қолданылатын ұжымдық шара. Егер қылмыс жасаған жақ би үкіміне
көнбесе немесе кешіктірсе даугер жақ өз тарапынан барымта ұйымдастырады. Барымта-ең
алдымен малды айдап алу, оның талабы- белгіленген көлемнен /бидің алдында кесілген/ шықпау.
Осы тұрғыдан барымта қоғамдық қатынастардағы реттегіш деп есептеуге болады.
“Жарғы” бойынша егер қылмыскер би үкімін орындамаса, туыстары қорғап, өз тарапынан
айыбын тартпаса, ауыл болып дауды шешуден бас тартса зəбір шегуші жақ барымтаға барады.
Зəбір шегіуші жақ ең алдымен ақсақал, билердің алдынан өтіп, ал малды айдап келгеннен кейін
қанша мал əкелгенін баяндайды.
Айдап əкелінген мал үкіммен берілген айыпқа немесе құнға сəйкес келуі керек.
Барымта ашық түрде жасалады. Барымтаға қатысқан адам жорықта өлетін болса зəбір
шеккен жақ құн төлеуді талап етуге хақылы. Барымтаға түскен малды билер айтып қайтара
алмайды.
Барымтаның түрлері -ұрлық жасалып, ұры малды сіңіріп алса, біреудің кісісі өліп өлтіруші жақ
тез арада алты жақсысын алып алдарына жығылмаса, біреудің қорық жеріне өзгенің малы
жайылып, істен шығарса. Сонымен қатар неке мен отбасы мəселелерінен өрбитін; қалың малын
төлемей қыз алып қашу, біреудің заңды некесін бұзу, ортаға түскен олжадан сыбаға бермеу,
қонағасы дəстүрін бұзу т.б.
Даугер өздерінің барымтаға шығатынын алдын ала хабарлайды.
§ 5. Өлім жазасы
Қазақ əдет-ғұрып заңдары бойынша өлім жазасына адам өлтірген, ұрлық жасаған, ел тонаған,
əйел зорлаған, ойнас қылғандар кесіледі. Сонымен бірге өлім жазасына жеті ата дəстүрін
бұзған, туыстың арасын ашып, қан араластырған/жақын туыстар арасындағы неке/ адамдар
немесе некесіз туған баласын жұрттың сөзінен арланып өлтірген əйелдер кесіледі. Зорлау кісі
өліміне тең, кінəлі кісі өлім жазасына кесіледі. Егер қыз атастырылмаған болып зорлаушы қалың
малын төлеп үйленсе, онда қыздың туыстарының шешімі, келісімі арқылы құн төлеуден де,
өлімнен де босатылады.
Əйелін ойнас ұстаған күйеу, осы сəтте өлтіруге жəне жазасыз қалуға мүмкіндігі бар. Егер
қылмыс дəлелденген /4 куə/ жағдайда көзіне шөп салғаны үшін əйелі мен ойнасын билер кеңесінің
өлім жазасына кесуге хақы бар. Өзгенің əйелін келісімсіз алып қашқанда өлім жазасына, не құн
төлеуге кеседі. Егер əйел өз еркімен қашса, оны алып қашқан адам қалыңмалын қайтарып, үстіне
қыз қосып береді. Кей жағдайда ел арасындағы ұрлығы үшін өлім жазасына кесілетін де жолы
болады.
Құдайға тіл тигізген адамдар, жеті кісі куəлік етсе, таспен ұрып өлтірілуі керек.
Егер кімде-кім бөтен дініне көшсе, оның туыстары, не кез-келген қазақ мал-мүлкін талап алуға,
қатын - баласын алып кетуге ерікті, құны сұраусыз.
Қазақтың дəстүрлі қоғамы əлеуметтік жағынан күрделі сатыланған қоғам, оның өз билеушілері
мен бағыныштылары бар. Бағыныштылардың ең сорлысы, əрине күңдер мен құлдар.
Күңдер мен құлдардың тағдыры толықтай иелерінің қолында болады, олардың өз иесінің үстінен
берген арызын ешкім қабылдамайды. Қазақтың не иті, не бүркіті өлетін болса, иесі оның орнына
құл мен күң кінəлі деп талап етуге хақы бар.
Өзіне-өзі қол көтергендер ортақ қорымға қойылмай, жеке жерленеді жəне жаназасын
шығармайды.
Өлім жазасы 13 жастан асқандарға қолданылған, себебі “он үште отау иесі” деп, балалар үлкен
қатарына қосылады. Он үшке толмағандар “сəби” саналып жазаға тартылған жоқ. Немесе кей
жағдайда баланың ақыл - есі дұрыс еместігі анықталса, ата-анасына салмақ түседі.
Мысалы: Ертеде бір ханды өз інісі өлтіріп, хан болып сайланыпты, ал ағасының баласын бала
қылып асырап алады. Сонан бір ойын үстінде бала пышақпен ағасын жаралап тастайды. Ағасы
баланы өлім жазасына кесуді өтінеді. Баланың шешесі, бұл шешімге келіспей, ол бала əдейі емес,
байқамай ойын үстінде тығып алды, - деп қарсы шығады. Сонан би жиналған жұрттың алдында
баланың істегені əдейі ме, əлде байқамай істеген іс пе тексеру үшін пышақтың ұшын жоғары
қаратып қойып, балаға кеудеңмен пышаққа құла дейді. Бала пышаққа кеудесімен құлап, бірақ
күшті бір жақ иығына сала жығылып ешқай жерін жарақаттамай тұрады. Міне, осыны көріп
тұрған билер алқасы, көріп тұрған халық баланың əдейі істемегеніне көздері жетіп, оны өлім
жазасына кеспейді. Сол сияқты өлім жазасын жеңілдетуге жастығынан басқа, ақыл-есі,
психологиялық жағдайы, оқиғаның кездейсоқтығы т.б. жағдайлар əсер етеді.
Айта кететін бір нəрсе, егер қылмыс біреудің азғыруымен істелсе, мысалы өлім, азғырушы құн
төлеумен құтылып, өлім жазасына қару жұмсаған адам бұйырылады. Мұны қазақ "ұр дегенге
зор келмес, ұрғанға зор келер" дейді.
Билердің не хандардың ұйғарымы, халықтың келісімі бойынша өлім жазасының бірнеше түрі
қолданылған. Мысалы: ат құйрығына байлау, таспен ұру, асу, буындыру. Айталық шариғат
заңын бұзғандарға көбінесе таспен ұрып өлтіру қолданылған. Бұл нағыз азапты өлім, себебі
ұзақты күн жұрттың бəрі бір-бір тас лақтырмайынша, қылмыскер жер қойнына берілмейді.
Ертеде өлімге кесілген адамды ат құйрығына байламас бұрын, буындыратын
болған.Қылмыскерді ақсақалдар, ру басшылары мен басқа халық жиналған алаңға алып келіп,
мойнына тұзақ салып, екі ұшынан екі адам ұстап тұрады. Осыдан кейін жиналыс басшысы
қолымен белгі береді, сол белгі бойынша орындаушылар тұзақты екі жаққа бар күшімен тартып
буындырып тастайды.Ең соңында оны шу асау жылқының құйрығына байлап жібереді, тұяқ
тиіп, қараған, томар, тасқа соғылып, арқаннан басталған бұл шаруа аяқталады.
Кей-кейде қылмыскердің денесін бірнеше жерден терең тіліп, сол тіліктерден қыл шылбырмен он
жылқының құйрығына байлап, асау жылқыларды қамшының астына алып, жан-жаққа
тартқызады.
Ал енді асып өлтіргенде қазақтар көбінесе ағашқа, не зор түйеге асады. Асып өлтіру көбінесе
зорлықтар мен ойнаста қолға түскендерге қолданылады. Бұлардың ішінде кінəліні қыл
шылбырмен буындырып, суға салып өлтіретін де жағдайлар бар.
Ең ауыр өлім кісі өлтірушіге қолданылады, егер билер кеңесі қылмыскерді өлген кісінің
туысқандарының қолына берсе, сонда оны былай өлтіретін болған:Ең əуелі қылмыстының негізгі
тамырларын қиып жіберіп, өлгеннен кейін бүкіл дене мүшелерін бөлектеп тастайды. Кей кезде
қарнын жарып, ішіне бөлек-бөлек шабылған қол-аяқты, басты салады. Осы қалпында денені
туыстарының қолына тапсырады, ал іздеушісі болмаса өздері көмеді.
Достарыңызбен бөлісу: |