А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы



бет25/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   95
Байланысты:
Лингвистикалық поэтика. Монография

2.1 Фонетикалық микропоэтика

Лингвопоэтиканың нысаны болған поэтикалық тіл және біз зерттеп отырған драмадағы көркем мәтін белгілі бір элементтердің, бірліктердің жүйесі. Осы элементтер мен бірліктер, олардың арасындағы қарым-қатынас пен байланыстың көркем тұтастықтағы құрылым түзуінің аясында қарастырылуы қажет.


Тіл білімінде тілді жүйелік және құрылымдық бағытта қарастыру фонетикалық деңгейден басталатыны сияқты, микропоэтикалық тілді зерттеу де ондағы бастапқы элементтерді, оларға қатысты факторларды, көріністерді талдаудан басталады. Яғни, микропоэтикалық тілде бастапқы элемент сөздегі дыбыс болып есептеледі. Осының негізінде фонетикалық микропоэтикаға әр түрлі фонетикалық құралдар жатады. Атап айтқанда, актерлердің дауысты және дауыссыз дыбыстарды айту ерекшеліктерін, сахнадағы орфоэпиялық норманың сақталуын, ассонанс, аллитерация, эвфония, дыбыстық қайталаулар, ұйқас, паронимия мәселелері, сөздегі және фразадағы екпін, тілдегі ұлттық акцент пен оның интонациядағы өзгешеліктерін, контекстегі сөздің айтылуындағы түрлі өзгерістерді т.б. көрсетуге болады.
Дыбыстық тілдің өзіндік ерекшеліктерінің мәселелері физиологиялық және лингвистикалық аспектіде ертеден-ақ қарастырылып келеді. Оның физиологиялық аспектісі дауыс қарқынын жеке түзетін сөйлеу аппаратының құрылымындағы ерекшеліктерді қарастырады. Мұндай қолданбалы тіл білімінде қарастырылатын «жеке артикуляциялық база» туралы А.Томсонның еңбегінде көрсетілген. В.И.Ильина, Л.В.Златаустова, Л.С.Агафанова, Л.В.Бондарко, Л.А.Вербицкая, Т.М.Николаева т.б. сөйлеу қарқынының және кідірістің жеке және топтық айырмашылықтарына баса назар аударады.
Алайда, қолданбалы тіл білімі мен эксперментальды фонетикада негізінен дыбыстық тілдің құрылымдық аспектілеріндегі жекелеген өзгешеліктер қарастырылғанымен, олардың қызметі мен семантикасы назардан тыс қалады. Бұл ретте, біз сахнадағы актер тілін талдай отырып, «портрет», «стиль», «суреткердің өзіндік қолтаңбасы», «өзіндік «мәнері» деген мәселелерге арнайы тоқталамыз. Мұнда біз стиль терминін А.М.Пешковскийдің «стиль – бұл әуен» деген анықтамасына жуықтатып қарастырамыз.
Күнделікті қолданыстағы тілде, ғылыми, ресми, публицистикалық тілде фонетикалық көріністер автоматты түрде қабылданатындықтан, аса байқала бермейді. Ал көркем мәтінде олар таңдап, талғап қолданылатындықтан өзгеше мәнге ие болады. Алайда мұндай өзгешелік сыртқы эффект, формалық қана көрініс болмастан, поэтикалық тілде көркем мәтіннің идеялық-тақырыптық, композициялық, поэтикалық, семантикалық түзілістерінде де маңызды рөл атқарады. Мұнда фонетикалық факторлар да эстетикалық, эмотивтік-экспрессивтік, семантикалық мәнге ие болып, поэтикалық мазмұнды ашып берудің бір маңызды қызметін атқарады.
Драмалық көркем мәтіндердегі фонетикалық факторларды жалаң ғана эвфония, үндестік, дыбыстық жақтан сәйкестікпен ғана шектеп қарастыруға болмайды. Эстетикалық бүтіндік деп саналатын көркем мәтіннің фонетикалық жақтан қолданысы да эстетикалық түрге ие болуы шарт. Сондықтан сыртқы әсерлер фонетикалық көріністердің негізгі міндетін түзбейді, ол мәтіннің немесе контекстің мән-мазмұныменен бірлікте қарастырылуы қажет. Демек, драма тілінің дыбыстық жақтан зерттелуі мазмұнмен бірлікте қарастырылғанда және эстетикалық мәнге ие болғанда ғана маңызды болмақ.
Драма тіліндегі фонетикалық факторларды мәтіннің семантикалық және композициялық түзілісімен байланыста талдаған жөн. Дыбыстар лексика-семантикалық сөздің құрамында орын алғанда ғана функционалдық жақтан мазмұнға ие бола алады. Яғни дыбыстың орналасуы, жиілігі, позициялық өзгешелігі сөзге көшіп, көркем мәтінде олар дыбыстық түзілісі бойынша белгілі бір топтарға бірігіп, өзара байланысқа түседі. Кей жағдайларда фонетикалық түзіліске негізделген байланыстар грамматикалық (синтаксистік) байланыстардан да мықты болуы мүмкін.
Көркем мәтіннің түзілісіндегі фонетикалық-семантикалық байланыстарды тудыратын қолданыстарға дыбыстық қайталаулар, аллитерация, ассонанс, рифма (ұйқас) кіреді дедік.
Драма тіліндегі қайталамалар белгілі бір тәртіпке, міндетке бағынып, мәтіннің жалпы мазмұнына жеке бір психологиялық-эмоционалдық ассоциациялармен байланыс түзіп, семантикалық өрістерге бірігеді. Мұндай семантикалық өрістер мәтіндегі, мәтін астарындағы деректік мәліметті де, олардың негізінде концептуалдық мәнді де ашуға жәрдемдеседі.
Тіл білімінде паронимдер жеке лексика-семантикалық топ, ал парономазия, паронимиялық аттракция құбылыстары лингвостилистика негізінде анықталатын сөйлеу бірліктері болып табылады. Паронимдер тұлғалық, дыбыстық үйлесімділік, мағыналық жақтарының өзіндік сипаты бар жүйелі құбылысқа жатады.
Паронимдер паронимия деп аталатын күрделі категорияның бірлігіне жататын, лексикалық жүйе болып табылады.
Паронимия – фонетикалық түзілісі жағынан ұқсас сөздердің қарым- қатынасы болып табылады. Поэтикалық тілдегі паронимияның шегін, әлеуетін белгілеу мүмкін емес. Өйткені паронимдер лексика-грамматикалық жақтан түрленіп отыратындықтан, белгілі бір сөз түрлеріне тиесілі болуы міндетті емес. Паронимияның фонетикалық және семантикалық қарым-қатынастары контексте анықталады. Мысалы:
Айдар. Абай аға! Топ бөлек те, көп бөлек қой. Көп – біздік. Ендеше, алысып өтпек едік қой. Қынжылмасақ қайтеді? (323 б.)
Мұнда суреткер мағыналары алшақ, дыбысталуы ұқсас топ, көп үндес сөздерін ұтымды ойната білгендіктен, әсерлілік туғызатын стильдік қызметі ерекше болып тұр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет