Сахнадағы дауыссыз дыбыстардың орфоэпиясы. Жантас (ата жүріп). Бар жылдам, тез әкпел, әкпел! (308 б.) Мұндағы әкпел сөзі, диереза құбылысы бойынша қатар келген екі дауыссыз дыбыстардың түсіп қалуынан жасалып отыр.
Бөрбасар (болысқа келіп). Ә, болыс, мен Бөрбасар, Бөрбасар! Өздерің қойған ат! Сен бөрінің үлкені едің, мен Бөрбасар екем! Танып қойғанбысың, қалай? (298 б.) Дыбыстардың түсіп қалуына байланысты болатын өзгерістерді редукция құбылысына жатқызамыз. Кейбір дыбыстар екпіннің жылжуына байланысты өзгеріске түседі. Мысалдағы, Бөрібасар сөзінің екінші буынына екпін түсіре айтқанда, ол қысаңданып, мұндағы і дыбысы байқалмайтын дәрежеге жетіп, Бөрбасар болып айтылып тұр.
Ояз (әскерге). Қу, ұста! Бұларға қосылғанның бәрін, бәрін, барлық елді қыра өлтір. Білсін олар Казанцевтің ұлықтың жұдырығын. (310 б.) (М.Ә. «Түнгі сарын») Драматург мұнда қыр, өлтірдеудің орнына қыра өлтір деп сөздің соңына дауысты дыбысты қосып қолданады. Эпитеза құбылысына жататын бұл қолданыс ерекше стильдік қызмет атқарып тұр. Негізі өлең жолдарындағы буын санын реттеу үшін қолданылатын бұл әдіс, М.Әуезов стилінің силлабо-тоникалық ерекшелігін көрсетеді.
Суреткер үшін тілдегі дыбыстар елеусіз нәрсе емес. Бұл туралы
В.М. Жирмунский: «Звуки поэтического языка упорядочены и организованы; особый выбор звуков и особое их расположение отличают поэтическую речь от прозаической. Фонетике как отделу лингвистики соответствует поэтическая фонетика, или эвфония, как отдел поэтики» [74, 28 б.],-дейді.
Эвфония – сөз бен сөздің әдемі қиюласып, тілге жеңіл, құлаққа жағымды естілуі, дыбыстардың жарасымды үндестігі, үйлесімділігі. Қазақ тілінің сингармонизм заңына сәйкес бұл құбылысты шебер қолдану эстетикалық сезімге айрықша әсер етіп, сөз әуезділігін күшейтеді. Соның ішінде аллитерация ертеден қалыптасып келе жатқан стилистикалық айшық. Мәселен, драмалық шығармалар тілінде мұндай ассонанстық, аллитерациялық фигуралар аралас түрде өте жиі ұшырасады: