А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы



бет23/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   95
Байланысты:
Лингвистикалық поэтика. Монография

II ТАРАУ


Драмалық шығармалар тілінің макро және микропоэтикасы

Жалпы әдебиеттегі көркемдік құралдардың барлығы тілге қатысты екенін ескерсек, онда поэтика тілді зерттейтін көркемдік құралдардың жиынтығы деп те айтуға болады. Негізінде, поэтика, жалпы (теориялық немесе жүйелік «макропоэтика»), жеке баяндау түрінде («микропоэтика») және тарихи поэтика болып үшке бөлінеді.


Соның ішінде, макропоэтика мәтіннің дыбыстық, сөздік және образдық құрылымын қарастырады. Макропоэтика – көркем шығарманың идеялық-эстетикалық ерекшеліктерін зерттейді. Яғни, сюжет, композиция, фабула құрылымын, шығарманың жанры мен авторлық стилін, персонаждардың өзара әрекеттері және тақырыптық негіз болатын ой-пікірдің бағытын қарастырады.
Әрбір әдеби шығарманың негізінде (соның ішінде драматургиялық та) белгілі бір авторлық идея жататыны сөзсіз. Көркем шығармаларда бұл идея түрлі образдық құралдардың көмегімен көрінеді. Басқа көркем шығармалардағы сияқты драмада да cол идеяны танытатын тақырыптық негіз болады.
Драмалық шығармалардың тақырыбы ретінде кейіпкерлердің арасындағы ішкі мағыналық диалогтың негізі ғана емес, жалпы көпшіліктің назарын аударатын нысан да тақырып бола алады. Ал мәтін ішіндегі тақырыпшалардың шынайы өмірде кездесетін диалогтардан айтарлықтай айырмашылығы болады. Мәселен, шынайы өмірдегі диалогқа қозғалыс тән, оны ауыстыруға болады, түрлі сұрақтар мен репликаларда қатып қалған ештеңе жоқ, өзгере береді.
Драмалық шығармалардағы диалогтың жөні өзгешелеу. Демек, көркем шығармалардағы, соның ішіндегі, драмалық диалогтарда белгілі бір тақырып төңірегіндегі ой шегіне жеткізіле ашылуы тиіс. Барлық кейіпкерлер сол бір ғана тақырып төңірегінде әңгіме қозғайды, соны ашып беруге тырысады.
Драмалық шығармалардың мәтіні әрқашан бір ортақ тақырыптың маңайында ғана өрбіп, көркем диалог мазмұндылығымен ерекшеленеді.
Мұндай жағдайда диалогтың құрылуы бір ғана мағынаның төңірегіндегі репликалардан ғана емес, экстралингвистикалық элементтермен, яғни, ым, ишара, қимыл, қозғалыспен де байланысты болады.
Сахналық шығармалардағы идея кейде оның тақырыбынан-ақ көрініп тұрады. Олардың тақырыбы тек ақпарат беріп қана қоймай, кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастарындағы философиялық көзқараспен де ұштасып жатады. Яғни, кей жағдайда тақырыптың өзі-ақ бүкіл шығарманың мазмұнынан хабардар етіп өтеді. Мұндай жағдайда шығарманың атауын немесе сол шығарма мазмұнына сай жиі қолданылатын, яғни тақырыпты, сюжет пен фабуланы айқындайтын сөз аккордтарын – кілт сөздер деп атауымызға болады. Демек, драмалық шығармалардың тақырыбы тек ақпарат көзі ғана болып қоймай, ол түрлі ойлардың нақтылануы ретінде құрылып, кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастарында болатын философиялық кең ауқымда көрініс табады.
Ал кейде тақырыптың өзі де қақтығыспен басталады. Драмадағы ең шешуші нәрсе де осы тартыс мәселесі. Драмалық тартыстың басталуы мен байланысы, шиеленісуі мен шешімі болады. Мәселен, М. Әуезовтің «Бәйбіше – тоқал» пьесасының тақырыбының өзінен-ақ ә дегеннен қарама-қайшылықты байқаймыз. Қақтығыс екі қарама-қарсы жақтың (бәйбіше, тоқал) арасында өтеді. Мұнда автор қарама-қарсы мәнде қолданған бәйбіше, тоқал сөздерін шендестіре салыстыру арқылы күшті стильдік реңк тудырған. Шығарманың идеялық-эстетикалық мазмұны да осы «бәйбіше, тоқал» кілт сөздері арқылы ашылған деуге болады.
Сондай-ақ, драмалық шығармалардың сюжеті мен фабуласының да жеке-жеке қарастырылатыны белгілі.
Фабуланы зерттеушілер, оны тақырып пен факт ретінде қарастырып, негізгі оқиғамен байланыстырады. Яғни, оқиғаны ішкі және сыртқы іс- әрекетінің нәтижесінде пайда болған көркемдік мазмұнымен байланыстыра түсіндіреді. Фабула әртүрлі деңгейде дамып, нәтижесінде бірнеше сахналық әрекеттер өркендейді.
Жалпыға белгілі, фабуланың құрылымы поэтикалық шығармаларда концентрикалық және хроникалық болып екіге бөлінеді. Оқиғаның болуы нәтижесінде құрылған фабула хроникалды болып табылады. Бір оқиғаның нәтижесінде екінші оқиға туындаса, ол концентрикалық фабула болып табылады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы хроникалы фабулалы шығармалар қатарына жатады. Драмалық шығармадағы фабуланың типін анықтауда, ол хроникалды ма, әлде концентриалды ма, соны басшылыққа алу керек. Көптеген сахналық шығармаларда арнайы құрылған фабулалар белгілі бір шешімге ие. Кейде драматург оқиғаның барысын ашпай, интригаға бой ұрып, жаңалығын ашуды көрерменнің өзіне қалдырады.
Сондай-ақ кейіпкер тұрғысынан берілетін суреттеу сюжет дамытушылық қызмет атқарады, әрі баяндауға соны сипат береді. Осы баяндаудың қабатындағы әңгімелеу, суреттеумен қатар ойталқы да өзіндік орын алатындығы даусыз.
Ойталқы – көбінесе, кейіпкерлердің ішкі сөзін, ортақ төл сөзді беруде пайдаланылады. Кейіпкерлердің ой-толғаныстарын, түрлі көңіл күй, сезімдерін беруде, ол – таптырмас бейнелеу құралы. «Ойталқы формасы Ғ. Мүсірепов стиліне тән, баяндау қабатындағы өзіндік философиялық, публицистикалық ой иірімдерін беруде де негізгі форма болып табылады. Жазушының көзқарас қатынастарын беруде баяндау тіліндегі ойталқы формасымен берілетін философиялық-публицистикалық шегіністер ерекше мәнге ие»,-дейді ғалым
Б. Шалабай [10, 241 б.].
Әрине, жазушының жазып отырған дүниесімен жаны бірге. Сондықтан ойталқы формасының барлық жанрда кездесуі заңды да. Тұтас бір синтаксистік тұтастықты құрайтын ойталқы формасы Ғ. Мүсірепов пьесаларының арқауы десе де болады.
Драмалық шығармаларда сюжет құрудағы функционалды мағыналық тәуелділік (функциональная смысловая зависимость) те аз зерттелген мәселелердің бірі. ФМТ конституенттерді (репликаларды, мизансценаларды, актілерді) байланыстыратын құрал есебінде жұмсалып, оларды моноорталық білімге шоғырландырады. Яғни, мұнда драмалық шығармалардағы құрылымдық-семантикалық конституенттердің негізгі белгілері жеке мағыналық бөлік ретінде қарастырылады.
Солардың бірі – сюжет құрылымдық-семантикалық құбылыс ретінде драмалық шығармалар мәтініне мағыналық, психологиялық акцент үстеп, автор мен көрермен арасындағы байланыс орнатудың құралы болып табылады.
Енді драмалық мәтіндердегі субъектінің текстологиялық сипаттағы жалпы тілдік жағдаятта қандай рөл атқаратынын атап көрсетейік: автор шығарманы мақсатты түрде жасаушы; персонаждар – сол автордың тудырған дүниесін тасымалдаушы; актерлер – автордың мақсатын сахнадағы ойын арқылы жүзеге асырушылар; реципиент ретіндегілер – көрермендер болып бөлінеді.
Драмалық шығармалардың тілдік материясындағы индивидуалды-тілдік деңгейдің мәні элективті категориялардың қалыптасу ерекшелігі арқылы ашылады.
Драмалық шығармалар мәтініндегі семантикалық-синтаксистік бірліктер грамматикалық тілдің унифицирлі формасын (фразалар, тілдік кешен, мәтіндік сегмент, жоғарыфразалық бірліктер (СФЕ) ) қамтиды.
Драмалық шығармаларда авторлық мәтіннің прозаикалық тұстары көбіне абзацпен беріледі. Яғни, басқа шығармалардағыдай емес, драмалық стильде кейіпкер сөзінің бүкіл ойының түп негізі бір-ақ абзацқа сыйып кетеді. Өйткені романда бір бетке суреттелетін оқиға, суретті пьесада бір-ақ ауыз сөзбен берілуі қажет. Сондықтан абзац терең ішкі мазмұнға ие. Ол авторлық шешімді, пьесадағы әрбір эпизодтың мәнін дәл анықтауға, мәтіннің стилистикалық ерекшелігін сезінуге көмектеседі. Абзац көлемі әртүрлі болып келеді және ол тұтастай автор ойының пайымдауына байланысты құрылады.
Күрделі фразалық тұтастық бір немесе бірнеше абзацтан тұрады. Бір бірімен байланысып жатқан күрделі синтаксистік тұтастықты осы абзац белгілеп тұрады. Алайда, егер абзац күрделі синтаксистік тұтастықты байқататын автордың прагматикалық көзқарасына сай болса, онда ол семиотикалық белгі ретінде көрінеді. Ал автор прагматикасына қатыссыз болғанда абзац жай стильдік композициялық қызмет көрсететін белгі ғана.
Стильдік-композициялық құрылым мәтін нормасына қатысты айтылады. Жалпы норма деген ұғым стандарт дегенге сай келеді. Себебі барлық функционалдық стильдердің әр қайсысына тән стильдік нормалар қатаң сақталуы тиіс. Кез келген мәтінді мазмұнына қарап, қандай стильде жазылғанын анықтауға болады. Мәселен, ресми іс қағаздар стиліндегі абзацтардың да атқаратын рөлі бар. Мұнда ойдың логикалық жүйелілігімен қатар, композициялық схема да көрінеді.
Әдетте жарты немесе бір бет шамасындағы мәтінде абзацтың кездесуін, тіпті міндетті түрде болуының мәтін нормасына сай осындай шарттылық жағын ескергенде не үшін белгіленгендігін шамалау керек. Мұнда ойтыныс пен көзтыныс, демтыныс мәселелері де ескерілуі тиіс. Бұл мәтіннің тілдік емес факторлармен байланысын көрсетеді. Сондықтан кез келген мәтіннің абзацқа бөлінуі, күрделі синтаксистік тұтастықта көрінуі автордың айтайын дегенімен оқушының қабылдауының арасындағы сәйкестіктен туады. Демек, мәтін нормасы мен автор прагматикасы арасында тығыз бірлік абзац пен күрделі синтаксистік тұтастықтың сәйкес келуі мен сәйкес келмеуі, біріншіден, мәтін нормасына, яғни функционалдық стильдер қызметінің мәтін композициясына қатынасына, екіншіден, шығарма авторының прагматикасына байланысты деп қарастыру керек. Баяндап отырған оқиға желісіндегі мазмұндық, мағыналық үйлесімді мәтінтүзетін автор бағамдай алады.
Сөйлемдердің абзацқа мүшеленуі туралы А.М.Алдашева «Мәтін құрамындағы сөз контекске тәуелді, ал контекстің лексикалық-грамматикалық құрылымы – тұтас ой жүйеленетін (бірнеше сөйлемнен жинақталатын) көлемді контекске (абзацқа) байланысты, өз кезегінде абзацтың мазмұны, құрылымы мәтіннің жанрлық, стильдік ерекшелігінің, тұтас шығарманың позициясының, шығарма авторының тілі мен стилінің ықпалында болады [68, 23 б.],-деп көрсетеді.
Демек, абзац дегеніміз – тақырыптың тұтастығына қызмет ететін, терең ішкі мазмұнды білдіріп, әрбір эпизодтың маңыздылығын көрсететін, мәтіннің стилистикалық ерекшелігін сезінуге мүмкіндік беретін жай және күрделі сөйлемдердің қатары.
Сонымен, драмалық шығармалардың тақырыбынан бастап, сахнада болып жатқан оқиғалардың бірізділігі мен тұтастығы – сахна шығармаларындағы ақпарат берудің көзі болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет