Көбей.Еспембетқұлаш ұрып шарықтап тұр, шағулы жерге келетін емес, би! (39 б.)
Көбей. Еспембет, кеден кеден болды, кедергі неден болды деп отырсың, мен саған бұл дауың орайсыз деп отырғаным жоқ. Екі елдің сөзін екеуміз ұстап кездескен соң дәнекер болатын жағын қарастырайық дейім. Болмаса қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса сақа қой. Жақпаса билігіңді өзің айт. Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң, мен билік айтпаймын. Тағы айтарым – тобықтының азды-көптігін сарапқа салар жер бұл емес. Көп болғанда кімнің басы кімнің қанжығасында жүр еді? Тобықтының найманға істеген өрлік өктемін көргенім жоқ. Керіс неге керек? (Тым-тырыс.) (35 б.) Осындағы Көбей бидің сөзіндегі қатаң ш, с фонемалары аллитерациялық жолмен қайталанып, сөздің өрімін құбылтып тұрса, ассонанстық тәсілмен үйлескен тұлғалар сөздің интонациялық-музыкалық мәнін арттырып, репликаларға экспрессивті-эмоционалды реңк беріп тұр.
Қазақ тілінің орфоэпиясына сәйкес персонаждардың тілінде дауыссыз дыбыстардың прогрессивті және регрессивті құбылыстары бақыланады.
Сонымен қатар, ассимиляция мен диссимиляциядан басқа әдеби тілді көркем қолдану мақсатында метатезалар жұмсалады. Олар омофондар мен каламбурлар т.б. туғызады.
Осындағы омофондарға айтылуы бірдей, жазылуы және мағыналары әртүрлі сөздер жатады. Мәселен:
Жалмұқан. Жағылмаған күйе қалды ма бетіңе! Қарабет болып қара түнді жамылып аттанғалы тұрсың. Тілінгір бетің тілінсе етті. (105 б.) («Ақан сері – Ақтоқты»)
Дикция – бұл дыбыстың анық айтылуы. Таза да айқын дикция сахна тіліне қойылатын басты талаптардың бірі.
Сөз тіркестеріндегі ритмикалық және сөз екпіні. Фразалардағы логикалық екпін. Сөздің екпінін бұзып айту тіліміздің орфоэпиялық нормасына зиян келтіреді.
Сахнада просодикалық құралдар (грек. рrosodia – екпін, қайырма) сөйлеудің барлық бөлшектерінде (буын, сөз тіркесі, синтагма, фраза, мәтін) көрінетін, мағынаны ажыратуда мәні бар фонетикалық құралдар жиынтығы болып табылады. Оның негізгі элементтері: сөйлеу әуезі, екпін, әуен, қарқын, сөз тоны. Бұл ретте просодия интонацияға синоним ретінде қарастырылады.
Сахна тілінде (ауызекі сөйлеу тілінде де) тұтас ойлар жеке ритмико- интонациялы мағыналы тіркестерге – тактілерге (синтагмаларға) бөлінеді. Мұндай тілдік тактілер фразалық және тактілік немесе логикалық екпіндер арқылы жасалады.
Тактілік және фразалық екпіндер персонаждар репликасындағы ерекше маңызды ойға акцент беруден, сөйлеу темпінің, күшінің, тембрінің, дауыс қарқынының өзгеруінен көрінеді. Фразалық екпіндер сөйлеу тактісіндегі фразаның құрамын біріктіріп, іштей және жекелеп айырып тұратын екпін. Сөйлеу құрылымындағы ерекше эффектілі құралдар, персонаждар репликасындағы аса маңызды сәттердің ритмикалық акцентуациясының күшеюіне әсер етеді. Фразалық екпін арқылы сөздер тобы өзіндік ырғақпен айтылып, сөздердің күрделі тобын екінші тобынан ажыратуға мүмкіндік береді. Яғни, сөйлеушінің көтеріңкі көңіл күйі, ішкі сезімі екпіннің осы түрі арқылы жеткізіледі.
Сахнада эмфазалық екпіндер де жиі орын алады. Эмфазалық екпін сөйлем ішінде бір сөздің бір дыбысын ерекше көтеріп, құбылтып айту.
Сөздерді тактілерге бөліп жіктегенде, сөз арасына қойылатын тыныс, кідіріс (пауза) аса маңызды рөл атқарады. Сөйлеу ағысында болатын кідірістердің мағынасына қарай эмоциялық, ситуациялық, физиологиялық, интеллектілік деген түрлері бар. Кідірістердің тілдегі қызметі бүтін мәтіндерді фразаларға, синтагмаларға, ритмикалық топ, сөздерге бөлу болып табылады. Сөйтіп олар сөйлемдердің түрлі мазмұндық-эмоциялық т.б. қарым-қатынастарын анықтауға қатысады. Тыныс – қисынды кідірістің (логическая пауза) бірі деп аталады. Қисынды кідіріс тұтас сөйлемдер тізбегін құрайды.
К.С. Станиславский кідірістің мынадай: қисынды кідіріс (логическая пауза), тыныстық кідіріс (люфтпауза), психологиялық кідіріс (психологическая пауза), көшпенді кідіріс (гастрольная пауза) түрлерін көрсетеді. [75, 56 б.]. Мұндағы логикалық кідіріс мәтіндегі ойды ашып көрсетуге мүмкіндік берсе, люфтпауза тыныс алып алуға, көп жағдайда жекелеген сөздерді баса көрсету үшін қолданылады. Ал психологиялық кідіріс ойға жан бітіріп, актердің мәтін астарын ашуына көмектеседі. Сөйленісте логикалық кідіріс болмаса сөздер түсініксіз, ал психологиялық кідіріссіз сөйлеу тілі жансыз, сүреңсіз болар еді.
Енді Кебектің бір ғана репликасынан осы кідірістердің түрлерін тауып көрейік:
Кебек (садағын кезеп тұрып). Ей, сотқар би, ұлып-ұлып табысыпсыңдар ғой бөрідей, табысарда сойған көк қасқаң елдің ұлы-қызы біз болдық қой! Көк бөрі демей не дейін, қан сорпамды ішпесең көңілдерің көншімес. Лағынет болсын сендерге. Бірақ сені қарғасам да, қарғамаймын сорлы елімді. Ер қадірін білер сол ел, елден шыққан не білер! Сонда менің қанымды қарғыс етіп басар сенің маңдайыңа! Мә, білгеніңді істей бер! (Садағын тастайды) (67 б.)
Осындағы Ей, сотқар би, // ұлып-ұлып табысыпсыңдар ғой бөрідей, // табысарда сойған көк қасқаң // елдің ұлы-қызы біз болдық қой!// деген сөйлемде қисынды кідіріс бар. Билерді бөріге, өздерін көк қасқаға теңеген теңеуде ішкі мағына анық аңғарылады. Бір ауыз сөзден билердің сойқан қылығын танисыз. Ал осындағы табысарда сойған көк қасқаң // елдің ұлы-қызы біз болдық қой! дегендегі көк қасқаң тіркесінен кейін тыныстық кідіріс бар. Себебі бұл сөзден кейін үтір қойылмаса да, сөздің ырғақтық тежелу сипатын аңғарамыз. Тыныстық кідіріс сөздерді бөліп айту кезінде, сөз арасында тыныс алу үшін қолданылады.
Ал, көк бөрі демей не дейін, // қан сорпамды ішпесең // көңілдерің көншімес // деген сөйлем психологиялық кідіріске құрылған. Қан сорпамды ішпесең деген сөзден Кебектің алай-дүлей ойын, жан-күйзелісін сезінесіз. Сезімге әсер ететін психологиялық кідіріс ойды өмірге әкелетін, сол ой арқылы сөз астарын аңғартатын сахналық құрал.