Поэтикалық диалог. Диалогтық фрагменттердің сонылығы суреткерлердің идиостилінен, олардың шығармаларының эстетикалық әлеуетінен көрінеді. Сондықтан, біз талдап отырған драмалық шығармалар тіліндегі диалогтарды поэтикалық диалогтар деп атадық.
Поэтикалық мәтіндегі диалог жанды сөйлеу тілі стиліне тән, оның нақты сипаты көрермендердің өзіндік түйсінуінен көрінеді. Поэтикалық мәтіндегі диалогтар сюжетті дамытушылық қызметті ғана атқармайды, әрекеттің драматизациялығын және кейіпкерлердің мінез-құлқын да көрсетеді.
Поэтикалық диалог көркем диалогтың бір формасы, оның ерекшелігі, барлық экспрессивті-эмоционалды «арқауы» (В.В. Одинцов) біртұтас орталық репликаларда көрініс табады. Бұл репликалар драма тіліндегі эмотивті доминанттар болып табылады.
Драмалық сөйленісте импровизацияның рөлі күшті болады. Мұнда коммуникацияға қатысушыларды ортақ жағдай біріктіреді, қарым-қатынасқа қажетті тақырып, әңгімелесушілердің белсенді өзара әрекеті, кейде эмоционалды бағдарлары байланыстырады. Ал монологтық сөйленісте адресаттың реакциясы міндетті емес, қосымша болады.
Поэтикалық диалогта драмалық мәтіндегі имплицитті форманың жан- жақтылығы үлкен маңызға ие. Ондағы астарлы мәтін (ой) өзіндік ситуативті психологиялық, интертекстуалды бағытталған және концептуалды авторлық негізде көрінеді.
Көркем мәтіндегі астарлы ой (мәтін) диалогты зерттеудің бір аспектісі болып табылады (оны зерттегендер Т.И. Сильман, В.А. Кухаренко,
М.Б. Борисова, М.Н. Кожина, Е.В. Ермакова, А.М. Камчатнов,
Е.М. Виноградова т.б.).
Астарлы мәтін мағыналық күрделіліктің ерекше түрі, сөздің мағыналық көрінісі, көркем мағына тудыру. Ол сөздің ассоциативті байланыстары, мағыналық күрделілік, сөздің көпмағыналылығы, қайталамалар т.б. түрлі тәсілдер арқылы жасалады. Демек, мәтін оқушыға эстетикалық, поэтикалық әсері арқылы реципиенттің талабын қанағаттандыра алса, онда қатысымның поэтикалық қызметі оқырманға символдарды, мәтін астарындағы ойды түсіне білуге ықпалын тигізеді. Бұл орайда адресаттың қатысымдық қызметі оның қабылдаған мәтін мазмұнына байланысты болады. Яғни мұнда тыңдаушының да қатысымдық қызметі жүзеге асады.
Бұл туралы: «Мәтін талдауда басты назарға алынуы тиіс тағы бір мәселе, мәтін астары арқылы көрінетін психолингвистикалық модель. Ал мәтін астары жасырын берілген ақпарат астары болып табылады да, ол рецепиенттің қабылдау-түсінуі арқылы белгілі болады. Оны түсіну мәтін бірліктерінің арасындағы ассоциациялық байланыстың, олардың «аккумулятивтік» қасиеттерінің нәтижесінде іске асады»,-деп көрсетеді. [117, 22 б.]. Демек, бұл автордың қоршаған ортадағы болып жатқан құбылыстардың барлығына бірдей баға беріп жатпауынан, сөз үнемдеу тәсілінен туындайды.
Шығармаларда сөйлеушілердің коммуникативтік ниеті кодталып, көбіне анық көрсетіле бермейді. Сондықтан астарлы мәтін персонаждардың диалогтарында, жасырын интенция сақталатын репликаларда ашылады.
Сонымен драма тіліндегі поэтикалық диалогтар характерологиялық, конструктивтік және толықтырушылық қызмет атқарады.
Поэтикалық диалогты құрылымдық-семантикалық жақтан талдау үшін қаратпаларды зерттеу де көзделеді. Қаратпалар поэтикалық мәтіннің бір құрамы. Олар шығармада үлкен рөлге ие болып, композициялық қызмет атқарады.
Диалогтық құрылымдағы қаратпаларды зерттеген ғалымдар В.Е. Гольдин, Н.В. Изотова, А.Д. Еськова, Т.С. Приходько т.б.
«Коммуникативтік мәртебеге» ие кез келген поэтикалық мәтін қаратпалар жүйесінде адресант пен адресаттың ішкі, сыртқы, интенционалды аспектілеріндегі өзара әрекеті арқылы көрінеді.
Зерттеуімізге арқау болып отырған қазақтың классикалық драмалық шығармаларында эпилог, пролог, эпиграфтардың орын алмағандығын байқадық. Тек М. Әуезовтің 1935 жылы жарық көрген «Тартыс» атты сегіз суреттен тұратын шығармасы эпилогты пьеса деп аталыпты. Пьесаның соңында алты көріністен тұратын көлемді эпилог берілген.
Қысқасы, пьесалардағы көркем диалогты зерттеу, лингвистика, әдебиеттану, театртану салаларында және басқа да факторларға қатысты тек енді ғана зерттеле бастады. Бұл оның күрделілігі мен көпқырлылығын көрсетеді. Драматургиялық тілдің негізгі компоненті ретінде драматургиялық диалогтың жалпы спецификасын анықтай келе, бұл феноменді мына позицияда бағалау керек.
Драматургиялық диалог – көркем әдебиет тілінің бір варианты және сол тілдің эстетикалық құндылығы ретінде (поэтикалық тіл) жұмсалып, күнделікті дағдылы тілмен (тәжірибелік тілге) қарама-қарсы салыстыруларда өзіндік табиғаты айқын аңғарылады.
Бірқатар зерттеушілер (Кромер 1988, Лаптева 1976, Сиротинина 1970) драманың бастау көзі табиғи ауызекі сөйлеу тіліне еліктеуден туған дейді. Және олар көркем диалогты өмірдегі диалогтың кемелденген, жанды сөйлеу тілінің соңғы имитацияланған түрі деп есептейді.
Ауызекі және көркем әдебиеттегі диалогтардан драмалық диалогтың айырмашылығы – қысқа да нұсқа ықшамдылығымен, әсерлілігімен, нақты жағдаятқа құрылуымен, стилистикалық тұрақтылығымен, просодикалық табиғатымен ерекшеленеді. Демек, мағыналы көркем диалогтар, халықтың тіл байлығын мол пайдаланып, орнымен қолданудың ұтымды тәсілдерінің бірі. Мұндай жағдайда дарынды драматург көркем сөздің құнарлы қабатын еркін қолданады.
Бұл туралы Т.Г. Винокур былай дейді: «Изолированная от общего языкового фона речевая ткань пьесы не может быть подвергнута анализу, достоверно свидетельствующему о свойствах ее коммуникативно эстетической организации, благодаря которым она и предстает перед нами как феномен литературного искусства... Кроме того, принятые драматургом «правила игры, заставляющие его вложить свой голос в чужие уста, обязывают к изображению обширного разнообразного и подчас совершенно чуждого самому драматургу языкового опыта, который он должен извлекать из закономерностей употребления языка в современном ему обществе» [107, 77 б.]. Бұл еңбекте драматургиялық диалог көркем әдеби тілдің және ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктерін қатар қамтитын мәтін ретінде қарастырылады.
Бұл мәселеге қатысты еңбектерге лингвистикалық шолу жасағанымызда, мынадай негізгі позицияларды бөліп көрсетуге болады:
1) көркем диалог ауызекі сөйлеу тіліндегі диалогпен ұқсас, соған пара- пар болып келеді;
2) көркем диалог ауызекі сөйлеу тіліндегі диалогтың стиль жағынан өңделген түрі;
3) көркем диалог ауыезекі диалогтың көркемделген үлгісі.
Драмадағы диалогтандырылған тіл кең мағынасында тілдік стильде «мәжбүрлі» (Т. Винокур) түрде көрінетін, яғни табиғи сөйлеу тілінің стилі болып табылады. Сондықтан көркем диалогтың жанды сөйлеу тіліне жақындығы ауызекі тілдегі инверсияланған сөздердің орын тәртібінен (толықтауыштардың препозициясы, анықтауыштардың постпозициясы), интонациялық модельдердің түрлері, сөзді бөліп жіберу, ойдың аяқталмауы, релятивті бірліктер арқылы да көрініс тауып отырады. Көркем диалог пен ауызекі сөйлеу тіліндегі диалогтың негізгі айырмашылықтарын қарастырған Г.Г. Полищук пен О.Б. Сиротинина драмадағы диалог көркем шығарманың бөлігі іспетті деп көрсетеді [118, 87 б.]. Диалогтың мәтіндік табиғатындағы «көркемдігі» автордың идиостилінен көрінеді. Демек, көркем мәтіндегі әрбір элемент өзге элементтермен байланысты, драмалық шығармадағы диалог тұтастай автордың ойына бағынады және мұндағы коммуникативтік функция эстетикалық қызмет атқарады. Көркем диалог пен күнделікті өмірдегі диалогтың тілдік ерекшеліктерінің тоғысатын нүктесі де олардың біртұтас тілдік жүйеге бағынуында. Алайда, олардың арасында мынадай айырмашылық бар: жазбаша тіл – ауызша тіл; суреткердің сөзді таңдап қолдануы – спонтанды тіл. Бұл екі сөйлеу тілі де сөйлеудің құрылымына, мақсатына, жасалу тәсілдеріне негізделетін жүйесіне жатады.
Көркем диалог пен қарапайым сөйлеу тіліндегі диалогтар ұқсас деп қарастырылып жүргенімен, олар көптеген дифференциалды белгілеріне қарай ажыратылады. Әсіресе, оларды ажыратуда мынадай жәйттер маңызды болып саналады:
1) көркем диалогтың барлық элементтері біртұтас мәтіндік құрылымға бағындырылады. Драматургиялық диалогтың мұндай құрамы оның мазмұндық және құрылымдық өзара қатынасынан көрінеді.
2) көркем диалогтың коммуникативті екібағыттылығы. Яғни, бұл бір жағынан, персонаждар репликасының бір-біріне бағытталуы; екіншіден, оқырмандарға бағытталуы болып табылады. В.И. Лагутин драмадағы көркем коммуникацияның екі деңгейін атап көрсетеді: 1) персонаждардың өзара тілдік әрекеттері іске асатын мәтінішілік (внутритекстовый) деңгей, мұнда оқырман қатыспайды. 2) драмалық мәтіннің нақты адресаттары болып табылатын автор мен оқырман (көрермен) арасындағы қарым-қатынасты білдіретін мәтінсыртындағы (затекстовой) деңгей [119, 23 б.]. Оқырманға бағытталған мәтіндер пьесаның мағыналық өзегін құрайтын монологтық репликалардан көрінеді. Олар екі қызмет атқарады: біріншіден, автордың түпкі ойын ашуға көмектеседі; екіншіден, олардың мазмұны эмоционалды ширығуды, оқырманның да сезімін қозғайтын жан күйзелісін білдіреді.
Мәтінішілік коммуникацияны құрайтын персонаждардың репликасы, автордың интенциясы іске асырылатын мәтінсыртындағы коммуникациялық деңгейдің жүзеге асуына қызмет етеді: «Художественный диалог всегда является средством для выражения интенции автора, которые лежат за пределами высказываемых персонажами речевых актов. Он строится с ориентировкой на это: реплики персонажей передают не только особенности их речи, характеры и цели, но и движение сюжета, авторскую позицию в решении обсуждаемых проблем» [119, 57 б.].
Драмалық шығармада авторлық интенция жасырын формада, яғни, репликалардың түрлі тәсілдермен (салыстыру, қарсы қою) берілуінен, пьесаның композициясынан, көріністердің символикасынан байқалады.
Драмадағы авторлық позицияның берілуі персонаждар тілінің екі адресатқа бағытталғандығынан көрінеді. Лириканың және прозалық шығармалардан гөрі драмада автор өзін ремаркаларсыз, афишаларсыз, атауынсыз көрсете алмайды. Сондықтан да драма тілі қиын. Онда аз сөзбен көп мағына қамтылуы тиіс. Пьеса тілінің семантикалық күрделілігі, екі жоспарлылығы туралы Б.А. Ларин былай дейді: «Персонажи драмы говорят за себя и за автора. В драме всегда есть пронизывающие темы – идеи, настроения, внушения, воспринимаемые добавочно к основному, прямому значению» [120, 166 б.].
3) Драматургиялық мәтіндегі ақпараттың молдығы «апперцепциялық базаның бірлігінің» (Якубинский) ережесіне қайшы келеді. Сондай-ақ, ол табиғи персонаждар қарым-қатынасының прессупозициясы арқылы айқындалады.
Біз еңбегімізде классикалық шығармалармен салыстыру үшін бүгінгі таңдағы драмалық шығармалардың тілін де қарастырдық. Мәселен,
Д. Исабековтың «Ескерткіш» пьесасынан мысал келтірейік:
Әштеннің үйі. Ол кереуетте шала мас боп жатыр. Бас жағындағы тумбада «Сарыағаштың бөтелкесі». Соған қарағанда ішіп алған болуы керек. Әштеннің әйелі Күләй сөйлеп жүр. Күләй: Ескерткішің құрысын бүйткен! Өзің де бұрын оңбай жүр ең, оған әкімшілік қосылып бәле болды ғой. Бұрын екі күнге бір бөтелке беруші еді, енді күніне бір бөтелке беріп, сені әкімдердің өзі қолдан маскүнем жасауға айналды. (18 б.) Мұндағы белгілі бір аз ғана ақпараттың өзінен пьесаның өзегі көрініп тұр. Басты кейіпкердің Әштен екендігі, оның ішетіндігі, әйелі Күләйдің мінезінің берілуі, т.б. көрермендерге жанама түрде бағытталса да біраз деректің бетін ашады.
Әштен: Жоқ, мен арақты қойдым. Өзімді биік мақсаттарға арнауым керек. Құда қаласа, депутат болам. Одан аудан әкімі, облыс әкімі... Мені жұрттың бәрі қошеметтейтін болады. Айтқанымды ешкім екі етпейді. Сонан соң көрсетер ем Жанайдаров секілді топас басшыларға! Жағымпаздар мен парақорлардың көзін жояр ем. Үзіліс болады. Мен залға шығам. Бәрі мені қоршап алды. Жанайдаров пен Есіркепов менімен амадаса алмай топтың сыртынан маған қызыға қарап тұрады. Кездесулер, интервюлер. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш»... (41 б.)
Бұл репликада драматург кейіпкердің қиялдауы арқылы қоғамның дертін көрсетеді. Мұндай ақпараттар өте ықшам түрде берілсе де, кейіпкердің тағдырындағы драматизмді – психологиялық портретті ашуға көмектеседі.
4) Көркем диалогқа қарағанда, ауызекі сөйлеу тіліндегі диалогқа тақырыптық тұрақсыздық, көптақырыптылық, репликалар арасында тақырыптық когеренттіліктің болмауы тән. Ал драмалық көркем диалогта әңгіме бір жалпы тақырыптың аясында өрбиді. Яғни, көтеріліп отырған мәселе әрекеттің өн бойында тақырыптар мен тақырыпшалар арқылы ашылып отырады.
5) Драматургиялық диалогтың мәтіндік ұйымдастырылуы. Көркем диалог – ерекше мәтін. Оның тұтастығы, жекелеген фрагменттерінің мазмұндық арақатынасы, аяқталғандығы, ақпараттылығы т.б. пьесада автордың түпкі ойы арқылы анықталады. Драманың мағыналық және құрылымдық тұтастығы, ондағы фрагменттердің мазмұндық және формальды арақатынасы тақырыптың тұтастығына негізделіп, ақпараттық нысанның тақырыптық және денотативті деңгейінде көрініс табуы мүмкін.
Драмадағы көркем диалогтың аяқталғандығы фактуалды-концептуалды және эстетикалық мазмұн бірлігіндегі тақырыптың жеткілікті түрде ашылуынан яғни, автордың түпкі ойы арқылы жүзеге асады. Драмалық мәтіннің барлық белгілерінің өзара байланыстылығы нақты мәтінді байланыстырушы механизмдер арқылы (лексикалық, грамматикалық, композициялық, ассоциативтік) қамтамасыз етіледі.
6) Драмалық мәтіндердегі лексикалық-стилистикалық материалдарды іріктеу принциптерінің ауызекі сөйлеу тіліндегі диалогтардан өзгешелігі.
Ауызекі сөйлеу тілінде стилистикалық реңк иеленетін тілдік бірліктер табан астында туып жатады. Көркем диалогта лексикалық-стилистикалық материалдар автордың талғап қолдануымен іске асып, екі мақсатты көздейді. Біріншіден, мұндағы лексика-фразеологиялық бірліктер персонаждардың әлеуметтік-топтық және индивидуалды-психологиялық мінез-құлқын сипаттау әсерін арттыруда қолданылады. Екіншіден, лексикалық-стилистикалық құралдар барлық көркем диалогты құрылымдауда маңызды рөл атқарады. Яғни, «лексический состав реплики влияет в очень большой степени на языковую связь диалогического развития, предопределяя словесный отбор последующего высказывания, который в то же время не должен вступать в противоречие с характером произносящего эти слова лица» [107, 171 б.]. Мұндай жағдайда, диалогтық тілге үнемі сөз шеберінің тілдік тұлғаларды талғап қолдануы, күнделікті сөйлеу тіліндегі диалогқа спонтандылық тән. Демек, сахналық көркем диалогтардағы тілдік құралдардың берілуінде эстетикалық міндет көзделеді.
Дистантты және контактты байланыстарды және диалогтық бірлік аясындағы персонаждар репликасының өзара қатынасын анықтауда сегментация мәселелері туындайды.