Диалогтық сөйлеудегі сегмантация мәселелері. Тіл білімі ғылымында диалогтарды топтастырғанда, диалогтық бірлікті (ДБ) ерекше атауға болады. ДБ дегеніміз – реплика-стимул мен реплика-реакцияның «по определенным правилам синтаксической зависимости» [121, 281 б.] үйлесімі. ДБ құрылымдық-грамматикалық тұрғыдан жете зерттелген. Яғни, ДБ ұзақ жылдар бойы міндетті грамматикалық байланыстармен сипатталатын формальды-синтаксистік бірлік ретінде қарастырылып келді (қараңыз: Арутюнова 1970, Лаптева 1976, Святогор 1967, Ширяев 1966, т.б.).
Диалогтық сөйлеуді мәтіндік ұйымдастырылудың ерекше типі ретінде қарастыратын И.Н. Борисова ауызекі сөйлеу тіліндегі диалогтың композициялық макроқұрылымдық бірліктері ретінде интенционалды-тақырыптық фрагменттерді (ИТФ) көрсетеді. ИТФ – төмендегідей критерийлер арқылы жүзеге асатын диалогтық мәтіннің үзіктері болып табылады:
1) денотативті кеңістіктің тұтастығын көрсететін тақырыптың бірлігі;
2) локальды прагматикалық байланыстылықтың үздіксіз болуы;
3) сөйлеушілердің коммуникативті интенциясының жеткілікті берілуі;
4) белгілі бір дәрежеде шектеушіліктің болуы (маркерленген немесе маркерленбеген мәтіннің соңы) [122, 41 б.].
Ауызекі сөйлеу тіліндегі диалогтың құрамындағы контакты және дистантты орналасуына қарай ИТФ композициялық тұрғыдан өзара байланысты. Яғни, олардың құрылымы және мазмұны біртұтас, сондай-ақ ассоциативті, эмоционалды-бағалауыштық және логикалық қатынастар арқылы байланысады.
Драматургиялық диалогтағы репликалардың прагматикалық арақатынасын зерттеген В.И. Лагутин драмалық мәтіндердің функционалды-мазмұндық бірлігін – тақырыптық диалогтық тағандарды қарастырады. Диалогтық таған бірнеше ДБ-тен тұруы мүмкін: 1) тақырыптық бірлік; персонаждар санын шектеу; репликалардағы иллокутивті қатынас;
А. Стельмашук драмадағы диалогтың өмірдегі диалогтан маңызды ерекшелігі оның «включенность в целостное диалогизированное произведение» - деп көрсетеді [123, 129 б.]. Автор драмалық диалогтарды шығарманың өн бойындағы көркемдік тұтастыққа бағынатын, өздігінен жеке тұрғанда мазмұны ашыла бермейтін «диалогтық кешен» деп көрсетеді.
Бұл ретте, біз драматургиялық диалогтарды ондағы кілт сөздердің мәнін ашу арқылы талдаймыз. Мұнда біз, А. Стельмашуктың драмадағы түрлі әрекеттердегі экспрессемалардың қайталануы және диалогтық кешендердің параллелизмі туралы көрсеткен екі пікірін ескереміз. Мұндай жағдайда диалогтық кешен драманың құрылымын түзетін элемент ретінде саналады. Пьесадағы лейтмотивті сөздердің қолданысы бүкіл драмалық диалогтың тұтастығын қамтиды.
Сонымен, драмалық шығармалардағы диалогтық сөйлеуді қарастырғанда, диалог табиғаты екі маңызды қыры арқылы талдануы тиіс. Біріншіден, драмалық шығармадағы диалог мәтін түрінде көрініс табады, яғни барлық тілдік бірліктер интенция арқылы анықталатын біртұтас мәтіндік құрылымға бағынады. Екіншіден, драмалық мәтіндегі ақпараттың мазмұндық-концептуалдық күрделілігі автордың тікелей қатыспауынан туындайды.