Абыз. «Көкей кесті», «Көкей кесті», күй не дейсің? Уа, не қыл дейсің? Тынбаған көңіл, талмаған көкей күшік!.. Пәк, пәруәрдігер!.. Бе-у! Тұнығым ылай болды, Уа, тұнығым ылай болды. Қуғыншым құмай болды, Құтылар қайран жоқ, Сор қамар сыңай болды. Кәрі көңіл о бір зәр. Күні еңкейіп, көлеңке басқан бейуақтай. Самал желі мұздай, көк майсаны сыздай етті. Ызғар сезген бойым бар. Панасыз ел баладай... Аспанда қара бұлт шарпысып, телегей ойнап, дауылдатып ол келеді. Соны білмей бұл болса тас ошақтың басында от шашып ойнайды. Қамыққан қамқор қаны... Бек буынған бағлан батыр қаны. (Қайта сарындап қобызды күңірентіп кетеді) Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтіп күн көрер! (21 б.) («Еңлік – Кебек»)
Бұл келтірілген ішкі монологтардан, олардың персонаждық түрге жататындығын көруге болады. Суреткер монологтың авторлық және персонаждық түрлері арқылы кейіпкерлердің ішкі дүниетанымдарын ашқан. Мұндай монологтар шығарманы баяндаумен ғана шектелмей, образды ойлаудың күрделі психологиялық иірімдерін де көрсетеді.
Сондай-ақ суреткер монологқа стильдік қызмет жүктей отырып, көркемдеу тәсілдері арқылы кейіпкерлердің кескін-кейпінен бастап, ішкі сезім иірімдеріне дейін көрсетіп, яғни өзіндік жан-дүниесін шебер суреттейді.
Монолог белгілі бір лингвистикалық, психологиялық негіздерді қамтиды. Мұнда интонация, лексика, синтаксистердің қолданылуы диалогтарға қарағанда, күрделірек болады.
Біріншіден, монологтық сөйлеуде тілдік емес ақпараттар аз қолданылады, мұнда затты атап көрсетуден бұрын, оны елестету, еске түсіру, суреттеу көзделеді. Екіншіден, монологтық сөйлеу еркін формада құрылады, әңгімелесушіге тәуелді болмайды. Үшіншіден, монолог алдын-ала дайындалған, сұрыпталған сөйлеудің түрі. Мұндай жоспарлы монологтар алдымен адамның миында пісіп-жетіліп, кейін біртұтас ой түрінде көрініс табады. Қарым-қатынастың түрлі жағдайларындағы атап көрсетілген монологтық және диалогтық сөйлеудің мұндай ерекшеліктері туралы
Л.П. Якубинский өз еңбегінде былай дейді: «В противоположность композиционной простате диалога, монолог представляет собой определенную композиционную сложность; самый момент некоторого сложного расположения речевого материала играет громадную роль... Монолог выдвигает как нечто самостоятельное именно расположение, компонирование речевых единиц» [102, 144 б.].
Сонымен, монолог екінші тұлғаның реакциясына тәуелсіз, синтаксистік тұрғыдан аяқталған, белгілі композициялық құрылымы бар көркем шығарманың компоненті болып табылады. Соңғы жылдары тіл білімінде монолог болсын, диалог болсын әдеби жанрдың дербес арнаулы бөлігі екендігі айтылып жүр. Мәселен, «Русский язык» (М., 1998) атты энциклопедиялық еңбектің соңғы басылымында Т.Г. Винокур «Монолог» туралы мақаласында осы жәйтті баса көрсетеді: «В отличие от диалога, предполагающего равномерное распределение ответственности его участников за выполнение коммуникации, монолог возлагает ее лишь на говорящего при отсутствии опоры на восприятие речи слушающим. Поэтому типологически монолог иногда определяют как особый случай неадресованного речевого акта (понятие «внутреннего монолога»). Следовательно, основной дифференциальный признак монолога – неявный характер обращения к другому лицу/лицам (преимущественно в массовой коммуникации и в писменном тексте), которое тем не менее не может быть сведено к нулю даже в наиболее чистом виде монологической речи (речевая партия хора в античной драматургии), ввиду социальной природы языкового употребления вообще. Т.е. любой монолог в той или степени «диалогизирован» и содержит показатели (скорее внешние – вводные контактные элементы, риторические вопросы и пр.) стремления говорящего преодолеть пассивность восприятия слушающего, вызвать его сопереживания» (98 б.).
Қорыта келгенде, біз қарастырған драматургиялық шығармалар тіліне күрделі, көп құрамды сөйлемдер мен толғанысты монологтар тән екендігін айқындадық. Оған драмалық шығармалардағы көркемдік кескін-келбетті ұлттық нақыш-сипатта көрсеткен суреткерлер тілін талдау арқылы көз жеткіздік.
Біздің ойымызды, ерік-қалауымызды және сезімімізді жеткізу, екі негізгі нысанда, әдеттегідей диалогтық және монологтық түрде беріледі дедік. «Монологтық сөз (грекше monos - бір және logos - сөз) – нысандық (түрдегі) сөз, тілдің белсенді қызметінің нәтижесінде жасалады. Кейде монологтық сөзді интраперсоналдық сөздік акт ретінде белгілейді. Монологтық сөзге көлемі бойынша маңызды мәтіндік үзіктер, құрылымы және мазмұны өзара бір-бірімен байланысқан ой-пікірлер, жеке-дара композициялық абзацтар және біршама мән-мағынасы аяқталған ойды танытатын сөйлемдер жатады.
Бұл белгілердің деңгейлік көрінісі жанрлық (көркем монолог, шешендік сөз, тұрмыстық әңгіме т.б.) және функционалды-коммуникативтік (хабарлау, ой жүгірту, сездіру т.б.) қызметтің қатарына жататындығымен ерекшеленеді.
Әдетте, монологтық нысанды иемденуде бір ғана адам белсенді түрде қатынасады, ол сөйлейді немесе жазады (мұнда бір тұлға ғана сөйлеп қатынасатыны сияқты және авторлар ұжымы да қатысады). Қарым-қатынас үрдісінде ілікпе сөздермен (реплика) алмасушылық қарастырылмайды, монологтық сөздің адресаты алшақ тұрады. «Ол сөзге араласушы емес, тек қана оны қабылдаушы» [130, 149 б.] ретінде қатысады. Монологтық сөз – әдетте, алдын ала дайындалған сөз, онда логикалық жүйелілік, сонымен бірге, белгілі лингвистикалық өзгешеліктер болады.
Монологтың негізгі қолданылу саласы болып әдеби тілдің жазба түрлері танылады, сонымен бірге, ауызекі тілде де арнайы ұйымдастырылған сөйлеудің монологтық түрлері (баяндамалар және хабарламалар, түрлі радио-телехабарлар және тағы басқалары) маңызды орын алады.
Егер диалогтық сөйлеудің айтарлықтай ірі құрылымдық-семантикалық бірлігі диалогтық бірлік болатын болса, монологтық сөзде мұндай бірлік ретінде интонациялық құрылымдар және мәтіндік арқаудағы микротақырыптарды ашатын күрделі синтаксистік тұтастық (КСТ) әрекет етеді.
КСТ түрлі мазмұны мен құрылымына қарай, С.Е. Крючков және
Л.Ю. Максимов ұсынған құрылымдық-семантикалық бірліктерде саралануы бойынша төмендегіше көрініс табады: 1) статикалық күрделі синтаксистік бүтіндік сипатындағы басымдықта; 2) динамикалық-хабарлау сипатындағы басымдықта; 3) аралас-суреттеуде де, хабарлауда да басымдық таныта қолданылады [105, 152 б.].
Монологтық мәтінді бөліктерге бөлетін бірлік ретінде абзац та ерекшеленеді, ол КСТ-қа қарағанда құрылымдық-семантикалық емес, стилистикалық-композициялық компонент ретінде және тек бір сөйлемнен ғана болып қоймай , біршама күрделі сөйлемдерден де құрала береді.
Күрделі фразалық тұтастық бір немесе бірнеше абзацтан тұрады. Абзацтың қызметі мәтіннің коммуникативті-стилистикалық сипатына тәуелді бола отырып, абзацтық шегініс баяндаудағы ойды жаңаша сипаттауды, оның даму кезеңдерін, қисынды қорытындыларын т.б. жеткізеді; көркем шығармада – жаңа әрекеттің даму кезеңін сипаттайды, жаңа кейіпкердің сипатын, авторлық шегіністі т.б. білдіреді.
Г.Н. Смағұлова мәтіндегі абзацтың кездесуін, оның мәтін нормасына сай шарттылық жағын шамалауда ойтыныс, көзтыныс, демтыныс мәселелерін де ескеру қажет дейді. Бұл мәтіннің тілдік емес факторларын көрсетеді. Сондықтан кез келген мәтіннің абзацқа бөлінуі, күрделі синтаксистік тұтастықта көрінуі автордың айтайын дегені мен оқушының қабылдауының арасындағы сәйкестіктен туындайды. «Демек мәтін нормасы мен автор прагматикасы арасында тығыз бірлік абзац пен күрделі синтаксистік тұтастықтың сәйкес келуі мен сәйкес келмеуі, біріншіден, мәтін нормасына, яғни функционалдық стильдер қызметінің мәтін композициясына қатысына, екіншіден, шығарма авторының прагматикасына байланысты деп қарастыру керек. Жалпы абзацқа бөліп жазу тек автордың өз ұстанымына ғана байланысты нәрсе. Баяндап отырған оқиға желісіндегі мазмұндық, мағыналық үйлесімді мәтін түзетін автор бағамдай алады» [131, 53 б.]
Монологтарды топтастыру мәселесінде В.В. Виноградов алдымен әдеби тіл тарихы мен стилистиканы зерттеуге өте үлкен мән берді. Ғалым монологтың негізгі түрлеріне тікелей тұрмыстық сөйлеу аясын (яғни, ауызекі тілді) жатқызды: сендіру сипатты монолог (үгіттеуші, иландырушы) – «қарапайым шешендік нысан»; уайым және сезімді білдіретін тілдік нысан ретіндегі лирикалық монолог, күрделі сөз түрі ретіндегі драмалық монолог, онда тіл психикалық жүйенің мимикалық, ырғақты қозғалыс, ишара ету т.б. қатысуы бойынша көрініс табады; ең соңғысы ақпараттық түрдегі монолог (хабарлау). Бұл ретте монологтарды осылай ерекшелеп топтастыру, әрине, шартты түрде екенін ескеру керек. Ал іс жүзінде осы нысандардың бәрі түйісіп, араласып келіп отыруы да мүмкін.
Зерттеуіміздің мақсатына қарай, В.В. Виноградов ажыратып берген монологтың негізгі түрлеріне назар аудару – көркем драмалық сөздің эстетикалық мәніне баса көңіл қоюдан туындап отыр. Күнделікті қарым-қатынаста драмалық монологтың қолданылуы жиі байқалмайды, ғалым оның ерекшеліктерін нақты анықтап береді: «Драмалық монолог диалогқа жақын, ол «іс-әрекет» үстінде жүзеге асып, әрекетпен, қимыл-қозғалыспен беріліп, драмалық жағдайда көрініс табады. Егер монолог қисынды ойға бағытталған тілдік композиция ретінде сипатталатын болса, ондағы мимикалық және пантомимиялық әрекеттер диалогқа қарағанда әлсіздеу келеді, ал драмалық монолог, маңызды шиеленіскен түрдегі репликалық сөздердің қатарын білдіреді» [132, 23 б.]. Міне, монолог коммуникацияда біршама дәрежеде жасырын, елеусіз түрде кездеседі, эстетикалық күрделіленген коммуникацияда мұндай қасиеттер белгілі бір факторлар әсерінен айтарлықтай анық, өзекті түрде көрінуі мүмкін.
Монологтық-пайымдау белгілеріне ең алдымен мәтіннің орта тұсында берілетін риторикалық сауалдар жатады. Бұлар мәтіннің бірден-бір күшті тұғыры (толғану, пікір түю, фразалық бөліктерге бөлінуі, фактілерді атап айту, құбылыстардың логикалық байланысы және т.б.) болып табылады. Олар көтеріліп отырған мәселеге үнемі экспрессия үстеп, кейіпкерлерге импульсивтік ойлауды, ойларының ассоциативті, фрагментті болуын көрсетеді.
Монологтық сөзді сипаттай келе, Е.А. Иванчикова «сөйленістегі монологтардың коммуникативтік қызметі шартты түрде қарастырылады» деп, монологтардың әрқайсысының өзіндік түрлерін (хабарлау сипатты монолог, монолог - ой толғау, ашық монологты (ағынан жарылу) атап көрсетеді [133, 146 б.].
Монолог көркем проза мен драмада ғана емес, кейде бірінші жақтан кең түрде бағытталып айтылатын лирикалық шығарма жанрына да тән.
Соңғы жылдары лингвистикада және оған іргелес ғылымдарда монологты диалогқа негіздей отырып түсіндіру орнығып келеді. Демек, оны тілдегі сөйленіс ретінде жүзеге асыру жағы басым.
Монологты талдау (өзіне тән белгілеріне қатысты) ХІХ, ХХ және ХХІ ғасырларда орыстың көркем әдебиетінде, соның ішінде, әрине, драматургиялық шығармаларда кейіпкердің ішкі сөзін рәсімдеу мәселесімен тығыз байланыста қарастырылып келеді. Өйткені, драматургияда кейіпкердің ішкі сөзі өте маңызды. Сөздің бұл табиғи және толық құқықтылығы, сөз жоқ, драмалық шығармаларға комедия жанры арқылы енген деп есептеу әдетке айналған.
Бұл ретте мына мәселеге де назар аудару керек. Г.О. Винокур лирикалық монологқа қатысты тағы бір көзқарасты білдіреді. Автор лирикалық монологты персонаждың сөзіндегі лирикалық өлеңмен жазылған туынды деп түсінеді және мысал ретінде «Орлеанская девадан» (Шиллердің шығармасы) Ионнаның монологын келтіреді: «Кешіріңдер, сендер төбешіктер, туған дала» [134, 63 б.] .
Г.О. Винокурдың пікірі бойынша, мұндай лирика толығымен драматургиялық болып қалады. Біз де, өзіміз талдап отырған кезеңдегі драмалық шығармалардағы кейіпкерлердің сөзінде лирикалық өлең, ән және т.с. сияқтылардың жиі қолданылатындығын байқадық.
Кейіпкерлердің ішкі монологтары драмалық әрекеттердің түйінді сәттерінде, қысқа оқиғаларға кейіпкерлердің көзқарасын білдіруде, мінездерін ашуда енгізіледі. «Мұндай ішкі монологтар тікелей ішкі әлемді ашуда, сыртқы іс-әрекеттердегі өзгертілген сәттерді, эксплицитті және имплицитті мазмұнды жоспарларды жіктейтін сыртқы төл сөзде ғана бағалы болып қоймайды. Ол ой-пікірлер эстетикалық жағынан бағалы бола алады, сонымен бірге, кейіпкердің кейбір сыртқы мінез сипаты мен көзге түсе бермейтін басқа да «жаңа жайттарды көруге мүмкіндік береді» [135, 86 б.]. Демек, драматургиялық кейіпкерлердің ішкі монологы драматургиялық көркем шығарманың ішкі астарына «енуде», драматургиялық әрекеттің қонымды ішкі бейнесін жасауда, драматургиялық арқаудың элементтерін біртіндеп дамытуда (қазіргі драматургияда – ерекше), кейде тіпті бір-біріне қайшы келетін тұстары болса да, айтарлықтай мәні бар.
Дәстүрлі драматургиялық формалар үшін (классикалық драматургияда басым) басты оппозиция ол «диалог-монолог» оппозициясы болды. Мысалы, қазақ трагедияларында классицизм дәуірінде монолог басымдыққа ие болды, сондықтан монолог ғана кейіпкердің жеке күйзелістерінде және қоғамдық жағдайларда тиісті шешім жасау мүмкіндігін иеленді. Бұл жәйттер монологта адамгершілік ой-мақсатты бейнелейтін кейіпкерлердің болмысын ашатын жетекші мәнде дәл анықталды. Біз қарастырып отырған ХХ ғасырдың бас кезіндегі 20-50 жылдардағы драматургия тілінің ерекшеліктеріне
Т.Г. Винокурдың мына пікірі сай келеді: «Диалог-монолог» оппозициясы автор сөзі мен төл сөз түйісінде келгенде, қарсы қойылған маңызды «диалог - ремаркадан» кейін тұрады [136, 138 б.].
Қазақ пьесаларындағы ұзақ монологтарда (жарты беттік немесе одан да ұзақ) біркелкі тақырыптық даму сақталмайды (монологтың өзіне тиісті белгілері) және нақты әңгімелесушіге де бағытталмайды. Ал классикалық монологтар – бұл «дауыстап» ой толғау, көрермендерге немесе сөйлеушінің өзіне арналады.
Бұдан ХХ және ХХІ ғасырдың басындағы монологқа деген драматургтердің көзқарастары біркелкі еместігін, қазіргі таңдағы пьесалардың жанрлық-стилистикалық түрлілігін көрсетуде авторлардың қолтаңбасындағы жеке тілдік құралдарының ерекшеліктерін, одан басқа өзіндік қасиеттері бойынша қазіргі кезеңдегі драматургиялық шығармалардың ала-құла қасиеттерін байқауға болады.
Дегенмен, біздің байқауымызша, қазіргі кезең пьесаларында монологқа деген назардың күшейгенін айтуға болады. Қазіргі драмалық шығармаларды зерттеушілердің алдында пьесаның тілдік кеңістігінен монологтық үзінділерді ажыратып алу проблемасы (яғни, драматургиялық диалогтың көлемінің сәйкестігіне қарай, қайсысын ерекше диалогтық реплика деп, ал қайсысын монологтық реплика деп санау мәселесі) тұр.
Кейде монологтарда нақты адресатқа деген назар әлсіреп, сөйлеушінің толғанысқа беріліп «шектен шығып» кетуі көбірек байқалады, соның нәтижесінде «орындау жауапкершілігі» (Т.Г. Винокур) айтарлықтай дәрежеде адресаттың өзіне ауысады. Сөйлеушінің бұлай ету себептері, сол кезеңдегі драмалық шығармаларда, байқауымызша, көп жағдайда күшті әсерлілік-байланыстырушылық және ырықсыз, еріктен тыс сезімге берілу, шешендік өнерді паш ету, басқа бір әлемді қиялдау, сол сияқты ирреальдық болмыстық жағдайда, өз ойына өзі беріліп, өткенге көз жүгірту немесе болашақты «армандап кету», бір сөзбен айтқанда, арман, қиял басым болған. Осындай толғаныстардың барлығын кейіпкер шынайы тілдік пафостармен бере білген. Яғни, пьеса кейіпкерлерінің монологтары жиі жағдайларда өздерінің рухани өмірінің тереңіне үңілуі, ішкі «мені» бойынша ой білдірушілігі, оның сыртқы «менмен» ұқсас еместігі арқылы да көрініс табады.
Яғни, монологтық репликалар пьесаға иллюстрация ретінде қызмет етумен қатар, белгілі бір дәрежеде автордың өмірге деген құштарлығын, сүйіспеншілігін, құлшынысын да көрсетеді.
Драматургтың мақсатына сәйкес, монологтың белгілі адресатқа бағытталуында, олар жеке (уединенные монологи) және көпшілікке (обращенные) арналып айтылуына қарай топтастырылады. Әдетте ішкі (жеке) монологтар (кеңістігі) образдың ішкі сырын ашуға арналады. Адресат мұндай сәттерде жалғыз қалып, иерархиялық артықшылықта басқа кейіпкерлермен коммуникативтік актіде қатыспайды. Бұл жерде, сөйлеу актісінде (пьесалардағы) кейіпкерлердің жекелей дискурстық деңгейі қамтамасыз етіледі. Монологтарды шектеуге қатысты мұндай принцип туралы Я. Гримм,
Л.П. Якубинский, т.б. жазды. Қарастырылып отырған кезеңдегі пьесаларда, біздіңше, жалғыздыққа бағытталған монологтар өте жиі кездеседі. Жалғыздыққа тап болған адамның сөзі немесе айналадағылардан психологиялық «шеттеуде қалған адам» (Хализев) [137, 199 б.], яғни (кейіпкерлердің жеке дискурстық деңгейін ескергенде) кейіпкердің дауыстап не өзіне айтқан немесе «іштей айтқан» (ішкі мұңы) монологтары жеткілікті.
Мәселен, «Бәйбіше – тоқалдағы» жетім қалған Дәмештің айналадан көмек күтіп, іштей уайым жеген «Қайшаның қақпайына көне берсем, мені біреуге күң қылып беруден де тайынбас. Неге көнейін» (63 б.) деп басталатын сөзі монологтың осы түріне жатады.
Кейіпкердің ішкі ойы туралы Г. Піралиева былай дейді: «Ішкі монолог кейіпкердің ішкі ойы, өзіне-өзі қарата айтылған арнауы. Көңіл-күй сырын білдіретін, эмоциялық әсерді байқататын көркемдік құралдардың бір түрі. Кейіпкер сахнада жалғыз қалатын кездерде ішкі монолог арқылы өз ойын жеткізген. Бұл ретте кейіпкер автордан тыс «ішкі сөзін» өзі ашып берген. Сондықтан да ол әсіресе әлеуметтік-психологиялық романдарда жиі кездеседі, автордың көрінбей араласуы арқылы жүзеге асады, психологиялық анализ түрінде беріледі» [138, 371 б.].
Біз талдап отырған драмалық шығармалар шоғыры да әлеуметтік-психологиялық иірімі терең туындылар болғандықтан, онда тебіреніс пен толғанысқа толы ішкі монологтар өте жиі кездеседі.
Драмалық көркем шығармаларда ішкі монологтар, дәстүрлі түрде көлемді болып келеді. Онда екінші тұлғаға бағытталған сөз болмайды. Драмалық шығармаларда тұлғааралық қатынасқа қатыстылық қасиет маңызды болады, яғни кез-келген пьесадағы монологтық реплика бастапқыда екі түрлі қызметте жұмсалады. Біріншіден, кейіпкерлердің тілдік жүйесінде, ал екіншіден, түпкі нәтижеде оқырманға/көрерменге бағытталып (жалпы драматургиялық дискурс элементі сияқты), тілдік құбылыс аясында көркем шығармаға жауап ретінде белсендіруші реакция беру қызметін атқарады.
Мысалы, жоғарыдағы пьесадағы, үшінші перденің, бірінші көрінісінде Бейсембінің ішкі ойы көлемді монолог арқылы беріледі: