Той күні. Бір топ әйел оқшау тігілген отауды көріп жүр. Немесе
Бұл топ кетіседі. Екі келіншек ерткен Ақбала келеді. Классикалық қазақ пьесаларында жағдайлық ремаркалардан басқа да өзге түрлері кездеседі. Мәселен, диалогтарға қосымша ремаркалар беріліп отырды, сондай-ақ іс-әрекет етушілердің құрамын танытатын ремаркалар болды. Мұндай ремаркаларда ақпараттық мәліметтер аз болып, тілі өте қарапайым болады. Ал кейде қысқа ескертулер ретінде берілетін ремаркалар, кей жағдайларда күрделі синтаксистік бүтіндік түрінде де беріліп отырады.
Жағдайлық ремаркалардың қызметін И.Я. Балягина: «Голос автора» выполняет в обстановочных ремарках две функций: 1) передает отношение автора к изображаемому и 2) содержит комментарии, отступления от непосредственного описания сценического пространства,-деп нақты атап көрсетеді [146, 16 б.].
М. Әуезов пен Ғ. Мүсірепов драмалық шығармаларында ремаркалардың құрылымдық және қолданылу мүмкіндіктерінің жаңа қырларын көрсетті. Суреткерлердің шығармаларындағы өзгеше синтаксистік құрылымды кеңейтілген жағдаяттық ремаркалар бүкіл шығармада бір-ақ рет беріліп қоймай, әр іс-әрекеттерге де қатысты бөлек беріліп отырған. Яғни, дәстүрлі түрдегі әрбір актіден, бірінші, екінші, үшінші суреттен кейін келетін ремаркалар деп қана емес, кейіпкерлер сөзінен кейін қажет жердің бәрінде драматургтер оларды орынды беріп отырған. М. Әуезовтің «Қарагөз» пьесасынан мысал келтірейік:
Жүріп кетіседі. Аздан соң сахнаға сәнді киінген бір қыз, бір келіншек шығады. Екеуі де жұқа қара жібек шапан жамылған. Қарагөз бен Ақбала.
Бес алты сал келе жатады. Ортасында – Сырым.
Салдар бұларға тура жүреді... Тегіс сәнді киінген. Қарагөз Сырымға қарсы жүріп. (104 б.)
Ақбала төменде, Сырым мен Қарагөз құшақтасып тас басына өрлейді.
Сырым күрсінеді. Салдар Ақбаланың айналасына жиналып, ақырындап ән салып отырады. (105 б.)
Сондай-ақ, суреткерлер тілінің лексикалық-семантикалық ерекшеліктерін талдау барысында, кейіпкерлердің жағдайлық ремаркаларды, яғни олардың іс-әрекеттерін, көңіл-күйлерінің түрлерін, паузаларды айқындайтын, сырт келбетін сипаттайтын, мизансценалардың ауысуын сипаттайтын және кейіпкерлердің ишаралық, мимикалық тілін танытатын ремаркаларды анықтадық. Мысалы, кейіпкердің сырт келбетін сипаттайтын бір қып-қысқа авторлық ремаркадан Мөржан бәйбішенің сөзінің де, өзінің де ірілігін байқап қаласыз:
Қолында таяғы бар, жуан, семіз бәйбіше – Мөржан шығады. Жанында күтуші қыз. (113 б.)
«Режиссерлер мен актерлерлерге бағытталған және драма мәтінінде айқындалған ишаралардың маңыздылығына, кейіпкер бейнесін ашудағы мәніне қарай ремаркаларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады: Бірінші, кейіпкерлердің орнықты, қалыптасқан дәстүрге сай келетін ишараларын анықтайтын (белгілі бір өмір салтына және салт-дәстүрді тануына байланысты); екінші, кейіпкерлердің жеке ишараларын сипаттайтын ремаркалар» [147, 81 б.].
Сондықтан аталған ремаркалардың бірінші тобында әлеуметтік-мәдени құрамдардың болуы өте маңызды, ал екінші топтағы ремаркалар драматургтың жеке авторлық қолтаңбасына байланысты болады. Кейіпкерлердің ишаралық және мимикалық тілін танытатын ремаркалар М. Әуезовтің пьесаларынан кейін қазақ драматургиясына дәстүрлі түрде енді. Бұлар драмалық шығармалардағы автор сөздерінің функционалдық және құрылымдық қасиеттерін көрсететін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Жағдайды сипаттайтын ремаркалар кейіпкерлердің рөлінен, олардың сахнада немен айналысатынынан, кей жағдайда ішкі әлемінен хабардар етеді, сондай-ақ психологиялық шегіністерге қатысты да құрылады.
Сонымен, драмалық шығармалардағы тілдік қолданыстардың құрылымын талдау барысында мынадай тұжырымдарға келдік:
- персонаждардың өзара қарым-қатынасын диалог, полилог, монолог үдерісінде ашуды көздейтін сөйленістің түрлері;
- сөйлемнің кез келген түрі кейіпкердің ішкі ойы мен әрекетінің деңгейіне байланысты құрылады. Мысалы, өтініш, қорқыту, бұйыру түріндегі сөйлеудің тағы басқа түрлері, сөйлеушінің қабілетіне қарай жай, толық, сұраулы, хабарлы, лепті сөйлемдер арқылы жеткізіледі;
- сөйлеудің түрлі формасындағы үйлесімділік персонаждардың қарым- қатынасын немесе жалпы мәтіннің негізгі ойын көрсетудегі автордың түпкі ойымен қабысуынан көрінеді;
- әрбір сахна кейіпкерінің тілдік құралдары арқылы көрініс табатын олардың қарым-қатынасы – драмалық шығармалардың қозғаушы күші болып табылады.
Бұл тараушадағы міндетіміз – аталмыш кезең пьесаларындағы ремаркалардың бірқатар ерекшеліктеріне тоқталу еді, біздіңше, оларды үлгі ретінде есептеуге болады деп ойлаймыз.
Ремаркалардың көлемді түрде берілуі, ең алдымен драмалық мәтіндердің эпикалылығынан келіп шығады. Әдетте, пьесадағы мұндай ремаркалар дәстүрлі міндеттерімен қатар, мазмұндық аяқталушылықты және композициялық сипатта өзіндік ықшамдылықты көрсетеді: драмалық іс-әрекетке қосымша мәндік бояулар үстейтін ремаркалар көбіне мәтінді «тереңдетеді», сөйтіп мәтін астарындағы ақпаратты анықтауға мүмкіндік береді.