3.5 Драмалық шығармалар тіліндегі монологтың түрлері
Адам баласының жеткізейін деген ойы екі формада, диалогтық және монологтық түрде жүзеге асатыны белгілі. Монологтық сөйлеу – пәрменді тілдік әрекеттердің нәтижесінде туып, баяу және жанама қабылдауға негізделген сөйлеу формасы. Монологтық сөйлеу біршама аяқталған мағыналы ойға және өзіндік композициялық түзілімге ие.
Монологтық сөйлеу «диалогтандырылған» адресатқа қаратып айтылады, риторикалық сұрақтардан тұрады. Монолог көркем шығарма, соның ішінде драмалық шығармалардағы кейіпкерлердің ішкі көңіл-күйін білдіретін толғау сөзі. Яғни, кейіпкерді сөйлету тәсілі. Монолог кейіпкердің өзімен өзі сырласқандай, ойланып-толғанғандай болып айтатын сөзі. Мұнда жауап қайтару деген болмайды, монолог бірыңғай бір кейіпкердің сөзімен ғана беріледі. Монологтың мағыналылығы сонда, адамның ішкі сырын, көңіл-күйін, психологиясын терең ашып көрсетуге өте ыңғайлы. Монологта кейіпкердің түйінді ой-тұжырымдары айтылып, оның тағдырына байланысты маңызды кезеңдегі жай-күйі айқын көрінеді.
Монолог та диалог сияқты, драмалық шығармалардың түпкі ойын, оның көркемдік деңгейін, оқиғаның құрылымын айқындайды. Сондай-ақ монолог өзара түрлі әрекеттегі кейіпкерлер тобын байланыстырушы рөл атқарады. Монолог арқылы көрермен персонаждың мінез-құлқын, сезімін, болып жатқан оқиғаға көзқарасын анықтайды.
Бұл тараушада сахна тіліндегі монологтардың құрылымдық-семантикалық бірліктер ретіндегі теориялық интерпретациясының жолдары қарастырылады. Атап айтқанда, сахналық монологты сюжет барысындағы құрылымы арқылы айқындау, монолог пен сахналық монологтың ара қатынасын ішкі және сыртқы байланыстары арқылы, авторлық ремаркалардың бар немесе жоқ болуына қатысты ашу, олардың түрлері мен типтерін, мақсаты, коммуникативтік бағыты, құрылымы бойынша анықтау жатады. Демек, монолог, біріншіден, сахна тілінің пассивті сөйлеу формасына жатса, екіншіден, шығарманың өн бойындағы сюжеттік құрылымынан көрінеді.
Монологтық сөйлеуге өзара сөйлесудің мазмұндық, құрылымдық, жеке композициялық құрылымы мен мағыналық аяқталуы бар мәтін үзіктері тән. Монологтық сөйлеудің белгілері жанрлық түрлерден (көркем монолог, шешендік өнер, ауызекі сөйлеу тілі т.б.) және функционалды-коммуникативтік (хабарлау, талдау, көз жеткізу т.б.) қатынастардан көрінеді. Ондағы ішкі жанрлық айырмашылықтар (автор мен персонаждардың төл сөздері), сондай-ақ ауызша және жазбаша тілдік актілердің жүзеге асуы стилистикалық ерекшеліктерге негізделеді. Сөйлемдердің құрылымы, олардың синтаксистік байланысы, лексикалық бірліктер, жазбаша және ауызша тілдегі тілдік әрекеттердің түрлері де монологтардан көрініс табады. Кейде монолог интраперсоналды тілдік актіге жатады.
Көркем монологтың кейбір түрлерінде диалогтық үзінділер жанды сөйлеу имитациясының негізгі құралы болып саналады.
Драмалық шығарманың мазмұнын ашуда әсіресе, диалогтың көтеретін жүгі ауыр десек те, көркем мәтіннің сюжеттік-композициялық құрылымын құлпырта түсетін монолог-шегіністер, авторлық баяндаулардың да қызметі зор.
Монологтық тілдің ірі семантикалық-құрылымдық бірліктері күрделі синтаксистік тұтастық ретінде қабылданады. Егер диалогтық сөйлеудің ірі құрылымдық-семантикалық бірліктері диалогтық тұтастық болып табылса, монологтық сөйлеудің күрделі синтаксистік тұтастығын (КСТ), бірнеше сөйлемдерден тұратын, интонациялар арқылы байланысатын, мәтін ішіндегі микротақырыпты ашатын өзге де амал-тәсілдер құрайды.
Күрделі синтаксистік тұтастықтың мынадай құрылымдық-семантикалық бірліктерін көрсетуге болады: а) статикалық күрделі синтаксистік тұтастық, суреттеліп отырған кейіпкер мінездемелерінің артықшылықтары, ә) динамикалық, б) аралас, бұл суреттеу мен хабарлауда кеңінен қолданылады.
Демек, драмалық шығармалар тіліндегі монологтарды құрайтын күрделі синтаксистік тұтастықтар табиғат құбылыстарын суреттеуде, кейіпкерлер портретін ашуда, мінездеу, сипаттау сияқты стильдік мақсаттарда жұмсалады.
Сондай-ақ, монологтық мәтін бірліктерінің рөлі абзацтардан да көрінеді. Оның күрделі синтаксистік тұтастықтардан айырмашылықтары, құрылымдық-семантикалық мәнінде емес, стилистикалық-композициялық компоненттерінде. Абзацтардың қызметі мәтіннің коммуникативті-стилистикалық табиғатына байланысты. Мәселен, ғылыми баяндауларда абзац ойдың жаңа бөлігін, оның дамуындағы жаңа кезеңдерді, түйіндемелерді білдірсе, көркем шығармаларда авторлық шегіністерді, жаңа кейіпкерлерге мінездемелер беру т.б. мақсаттарда қолданылады.
Қазіргі кезеңде тіл білімінде монологты топтастыру мәселесі жеткілікті зерттелді деп айта алмаймыз, бірақ алға жылжушылық бар. Орыс тіл білімінде монологтың диалогпен қатыстылық ерекшілігін зерттеуге
Р.Р. Гельгардттың «Рассуждение о диалогах и монологах» (1971) атты еңбегінде елеулі мән берілген. Бұл монологтық сөйлеуді кешенді түрде, яғни психологиялық-монологтық құрылымды жасайтын факторларды ескере, түрлі коммуникативтік-тілдік саладағы қызметті қамти отырып зерделеген алғашқы зерттеу болды. Еңбекте монологтық құрылым психологиялық, паралингвистикалық және де басқа факторлар арқылы түрлі тілдік салада сөз етіледі [127, 139 б.].
Ал монологтарды таза түрге бөлу мәселесін көтерген ең алғаш ғалым
В.В. Виноградов болды. Ол монологтың лирикалық, драмалық, хабарлау, көркем (шешендік) түрлерін көрсетеді [ 128, 93 б.].
В.В. Виноградовтың еңбегіне сүйенген орыс ғалымы В.В. Одинцов [129, 104 б.]. көркем шығарманың жанрлық-тақырыптық тілдік және құрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып, мәтіннің жанрлық-стилистикалық негізін жасайды. Алайда, В.В. Одинцовтың да, Р.Р. Гельгардтың да еңбегінде көркем прозадағы монолог пен көркем драматургиялық монологтың ара жіктері ашылып көрсетілмейді.
Біз соның ішінде, тақырыбымызға қатысты драматургиялық монологқа ерекше тоқталмақпыз. Көркем драматургиялық мәтіннің эстетикалық қызметін айқындайтын сахналық монолог туралы ғалым былай деп атап көрсетеді: «Монолог драматический ближе всего к диалогу, к непосредственной связанности фразовых единиц с лексико-жестикуляционными сообщениями, с телодвижениями. Он как бы разыгрывается в «действий», сопроваждается поступками, движениями, иллюстрируется драматической ситуацией. Если монологическая речь вообще характеризуется установкою на словесную логизированную композицию, ослабленностью мимического и пантомомического сопровождения, в отличие от диалога, то монолог драматический является, в сущности, формой напреженного диалога с опущенными репликами, он строится по принципам свернутой и сгущенной диалогической речи, представляя сцепку отдельных реплик. Принцип «драматизации» не исключен и из других форм монолога» [128, 22 б.].
Ал О.С. Ахманова монологтарды мынадай түрлерге бөліп қарастырады: Ішкі монолог деп кейіпкердің ішкі толғаныстарын, уайым-қайғысын, жан дүниесін ашып көрсететін стилистикалық қолданыстарды атайды. Мұндай стилистикалық қолданыс уақыт көрсеткіштерінің ерекше ережелерін, тілдік формалардың өзгеше үйлесуін, рай категорияларын т.б. көрсетеді. Насихаттық монолог (агитационный монолог) шешендік өнердің негізгі формасы болып табылады. Драмалық монолог ақпаратты жеткізудің басқа тәсілдері, мәселен, ым-ишарат, қимыл, пластикалық қозғалыс т.б. арқылы беріледі. Лирикалық монолог кейіпкердің эмоцияға толы көзқарасын білдіреді. Хабарлау монологы логикалық және дайын хабарларды жеткізудің негізгі құралы [18, 239 б.].
Кейбір жағдайларда түрлі көзқарастар, характерлер қақтығысы да монолог формасы арқылы беріледі. Монологтың негізінде түрлі қарама-қайшылықтардың, қақтығысты жағдайлардың шешімі жатады. Сонымен, монологты диалогтың өзгеше бір түрі деп қарастыруға болады. Атап айтқанда, монолог – ой мен сезімнің арасындағы диалог; монолог – кейіпкердің тек көрермендерге арналған диалогы; монолог – бас кейіпкердің тек сахна персонаждарына бағытталған диалогы.
Мәселен, М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» атты төрт актілі пьесасындағы көрермен сезіміне айрықша ой салатын, монологтың шерлі әсері өте қуатты.
Достарыңызбен бөлісу: |