Қозы: Арам тікенек, сен де алысқа барасың! (51б.)
Жарқын: Әлі тірі ме едің, айуан! Қара құзғын, енді кімге түйіліп жүрсің! (60 б.) Бұл жерде арам тікенек, айуан, қара құзғын деген сөздердің, Қодардың атын атамай-ақ соған меңзелгені көрініп тұр.
Сондай-ақ, жаратылыстың жансыз нәрселерін, тап бір жанды нәрселердей көрсетіп суреттеуді кейіптеу (олицетворение) деп атайды. Пьесада Қозыны өлтіргеннен кейінгі Қодардың мына монологы осы кейіптеу құбылысына жатады: Өзенге барсам, өзен жиіркенеді. Күнге қарасам, күн бұлтқа жасырынады. Суға кетуге де ойландым, - толқын лақтырып тастады... Таудан құлауға да ойладым, - қарағай ұстай алды етегімнен, құлатпады... Жер үстіндегі барлық қылмысты арқалап алып жеті қабат жердің астына түсейін деп ем, - жер де алмады... (57 б.) Бұл жерде автор жансызға жан бітіріп, оқиғаға табиғатты қатыстырып, тыңдарманын үлкен әсерге бөлейді.
Троптың тағы бір өзгеше түрі – синекдоха. Ол бүтін нәрсенің орнына бөлшегін, бөлшектің орнына бүтінді қолдану арқылы жасалады: Қарабайдың «Бар ізде!.. Хабарыңды жылқыға келіп бер... Кетем малдың ішіне... Отырмаймын жын ойнақтың ортасында... (12 б.) немесе Жантықтың «Үш жүздің кер аузы түгел жиналған түрі жаман екен, шабындымен-ақ құрта ма деп қорқам..., Бұл жұрт қасқыр емес пе торып жүрген (11 б.) сөйлемдеріндегі хабарыңды жылқыға бер дегені тілсіз жануарға айт дегені емес, сол жылқының ішіндегі Қарабайға жеткіз деген мағынада қолданылып тұр. Ал үш жүздің кер аузы дегенде үш жүз рудың ішінде белгілі бір топқа ғана, бұл жұрт қасқыр емес пе дегенде де бүкіл жұрт қасқыр емес, тек малына көз алартып жүрген топты айтып отыр.
Сонымен, драмалық шығармалардағы репликалар персонаждар тілінің ерекшеліктерінен ғана емес, олардың өмір жағдайларынан, сюжеттің даму барысынан, болып жатқан оқиғаның әрекетінен де көрініс табады. Репликаларда бір персонаж екіншісіне ішкі мағыналық контексті жеткізеді. Яғни, персонаждар репликалар арқылы мәтіннің мәнін толық аша отырып, ойды көрерменге өздерінің қабылдау тұрғысынан жеткізеді. Демек, драмалық шығармалар бірлігінің негізгісіне жататын, диалог құрудағы репликаларды сахналық образдарды ашудың кілті, оқиғаның дамуын қамтамасыз ететін негізгі арқауы деуге болады.
Қорыта келгенде, Ғ. Мүсіреповтің драмалық шығармалары қазақ драматургия тілін поэтикалық шыңға шығарған, жаңа сапаға ие болған XX ғасырдың бас кезінің бір көркем кезеңі, сол кезеңнің нәрлі жемісі деп есептейміз.