Асан: Теңселе басқан тең жігіт, Бейілі мырза кең жігіт, Уа, бірің – жаға болғанда, Бірің – берен жең жігіт! Күйеумін деп сызылған Жеңгелерге жем жігіт. Неге мұнша налыдың Қайыспас деген ер жігіт? (46 б.)
Мұндағы жігіт сөзінің кезекті бірнеше мәрте қайталануының, яғни өлеңнің әр жолының соңындағы немесе әрбір ой ағымын түйіндейтін сөздің бірнеше қайталанып қолданылуы эпифораның үлгісі болып табылады.
М. Әуезов метафоралық стильдің шебері. Суреткердің шығармаларындағы асқан поэтикалық ұластыруларына қарап, осылай деуге болады. Мәселен, жазушының тіліндегі «қара түндей қасірет ортасында жалғыз шырақ – жарығым, маңдайдағы жұлдызым! Торға түскен ақ тотым..., күнім!», т.б. тың сөз образдары алуан. Мұндай метафоралар сөз құпиясын танып, мағыналық дамуды аңғаруға кең жол ашады.
Сонымен қатар, метафораланудың жалпыхалықтық және жеке авторлық түрлері белгілі. Жалпыхалықтық және жалпы тілдік метафоралануға әдетте халықтың ауызекі тілінде кең қолданылатын сөздің ауыспалы мағыналары жатады. Мәселен, пьесадағы дала қыраны, ит тірлік, саз бет, сор дала т.б. Ал өзіндік жеке авторлық метафоралану контекст аясында ашылады.
Ұлы суреткер М. Әуезовтің пьесаларында да жоғарыда айтып кеткеніміздей, тілдің образдылығын арттыратын колоритті метафоралар жеткілікті. Халықтық метафораларды қолдана отырып, автор, жеке-авторлық етістік метафоралардың да семантикалық, стилистикалық мүмкіндіктерін жарқырата көрсетеді.
Лингвистер үшін метафора тілдің табиғаты мен бірліктерін түсінудің кілті болып табылса, компаративистер тілдің туыстық байланысын ұсынады. Генеративистер тілдік метафораны сөзді туындататын құрылғы деп есептейді.
Метафора әлемді поэтикалық тұрғыдан тануға көмектеседі. Метафора тілдің прескриптивті және комиссивті (міндетті) қызметінің аясына сыймайды.
Фреймдер теориясының авторы М. Минскийдің пікірінше, метафоралар фреймдердің өзара байланысының пайда болуына ықпал ететін, үлкен эвристикалық күшке ие.
Ал Н.Д. Арутюнова метафора поэтикалық дискурспен мына жағдайларда байланысады деп көрсетеді: «1) Образ бен мазмұнның қабысуы; 2) нысандардың контрастылығы; 3) түрлі интерпретациялардың болуы, 4) мотивацияның болмауы, 5) білімге емес, бейнелілікке қарау, 6) болмысты ашудың қысқа жолын таңдау [158, 192 б.].
Көркем метафоралардың бірнеше түрлерін көрсетуге болады: көркем, поэтикалық, троптық, жеке, жеке-авторлық, шығармашылық, тілдік, окказионалдық, стиль метафорасы т.б. Яғни, көркем метафора деген дәстүрлі термин әмбебеп болып табылады.
Көркем метафораның контекстегі ерекшелігі туралы В.Н. Телия былай дейді: Художественная метафора «исходит» из конкретного контекста – рождается и существует в нем, распадаясь вместе с контекстом, коннатативные признаки, создающие метафору, фокусируются только в рамках данного лексического набора» [159, 194 б.].
Тілдік және көркем метафоралардың қатынасына лингвистикалық тұрғыдан қарасақ (семантикалық, атауыштық, коммуникативті), олардың терең принципті айырмашылықтарын көруге болады.
Олай болса, тілдік метафора характерге ие, обьективті, заттық-логикалық байланыстардан көрінеді, коммуникативті қызмет атқарады.
Ал көркем метафора жүйеге бағынбайды, субьективті, жеке көзқарасты білдіреді. Мұнда «авторлық мен» сақталады, эстетикалық қызмет атқарады.
Субстантивті метафора затты сипаттағанымен, кей ретте ойлаудың таксономиялық принциптерінен алшақтай алмайды.
Сонымен, метафоралар идеялық-эстетикалылықты, шығармадағы бейнелілік пен дара стильдік ерекшелікті, ой айқындығы мен мазмұн тереңдігін аңғарту үшін қолданылады.