Орынғалидің бауырлары
Орынғали шешесінен тарағандардың үлкені. Одан кейінгісі Кəкен деген
қарындасы. Сосын менің əкем. Əкемнен кейінгі екі қыздың аты
Кенжесарқыт пен Жайнагүл. Кенжесарқыт алтын медальмен мектепті
бітіріп, оқуға кетемін деп жүргенде, суға ағып, қайтыс болыпты. Соңғы
үшеуінің алдағы екеуінен əкелері бөлек, шешелері бір. Менің əжем көзі
тірісінде өте өжет, сұлу кісі болған деседі жұрт. Соғыстан жары оралмаған
соң, менің негізгі атама күйеуге шыққан. Негізгі атам өзінің жанұясын
тастамай, екі үйді қатар асырапты. Өзі ферманың бастығы, арғы аталары
болыс болған көрінеді. Соғыстан жараланып келген атамды, сол кездегі
аудан басшылығы, кейін совхозға айналған фермаға бастық қылып
тағайындапты. Дəл мен сияқты Орынғали шал да өгей əкенің қолында
тұрған екен. Бірақ, менің басымнан өткен қоқаң-лоққыны өгей əкесінен еш
көрмегенін Орынғали маған өзі əңгімелеп отырушы еді.
Əкеміздің кенже қарындасы Жайнагүл апайымыз сөзге шешен, білімді,
мінезі тік адам. Оның үш қызы бар. Екеуімен мен тете өстім. Жездеміз
бокстан спорт шебері. Кезінде аудан көлемінде төбелеспен аты шыққан
жігіт ағасы. Өзі көңілді жүруді жақсы көретін, ақкөңіл кісі. Бұл жанұядан,
кіші қарындасым деп Орынғали ешнəрсесін аямайтын. Біз Жайна
апайымыздан бөлек тұрғандығымызбен, күндіз үнемі бірге, бір үйде
жүретінбіз.
Орынғалидің Кəкен деген қарындасы көкайыл, өте адуынды кісі. Мойыны
ұзын, ыздиып қалған қатын. Құлақтары ауыр алтын сырғаны көп
таққандықтан салпиып кеткен. Терлегенде сырғалары ұзын мойынына
шашымен бірге қабаттасып, жабысып қалушы еді. Мен оны «кобра» деп
мазақтайтынмын. Кобра демекші, Кəкен үйге келгенде, жеңгелерім
жыланға арбалған қояндардай жым болатын. Кəкен келіндеріне қырғидай
тиетін. Жеңгелерімнің бəріне де Кəкен лақап ат қоюға шебер еді.
Кəкеннің үш ұл, үш қызы бар. Бəрі де Кəкеннің дайындығынан өткен,
ұстағанын жұлып алатын пысық, көздегеніне жетпей қоймайтын қайтпас та
қайсар жандар. Орынғалидің жиендері атамның балаларымен қатты
бəсекелес еді. Себебі, Орынғали балаларына ең соңғы үлгідегі киім кигізіп,
қаланың баласы жемейтін тəтті-мəттіге тойындырып өсірген. Орынғалидің
балалары үйленгенде тойлары да Кəкеннің балаларының тойларындай
жұпыны өтпеген еді. Кəкеннің балалары кішкене кезінде молшылықты
Орекеңнің балаларымен бірге көріп өсті. Алайда, əке өзіндікі емес, кей
нəрселерден қағылатыны тағы болуы керек. Болмаса, осының бəрі тек бізге
əкелінсе деп аңсайтын болса керек, өсе келе бұл көрсеқызарлық екі ағайын
балаларының арасындағы алауыздыққа, көреалмаушылық пен күндестікке
алып келді.
|