Гаструляция Гаструляция химиялық және морфогенетикалық өзгерістердің күрделі процесі. Бұл кезде жасушалар көбейеді, өседі, орын ауыстырады және дифференцировкаға ұшырайды. Нәтижесінде тіндер мен мүшелер бастамаларының, білікті мүшелер комлекстерінің шығу көзі - ұрықтық жапырақшалар пайда болады: сыртқы (эктодерма), ортаңғы (мезодерма) және ішкі (энтодерма). Адамдарда гаструляция екі фазадан тұрады. Бірінші фаза 7-8-ші тәуліктерде, ал екінші фаза 14-15-ші тәуліктерде басталады. Бұл фазалардың арасындағы кезеңде ұрықтан тыс мүшелер қалыптасады.
Гаструляцияның бірінші фазасы деляминация (лат. lamina — табақша) тәсілімен жүреді. Бұл кезде екі ұрық жапырақшалары сыртқы – эпибласт (екіншілік эктодерма, мезодерма және хорда материалдарынан тұрады) және ішкі – гипобласт (ұрықтық және ұрықтан тыс энтодерма материалдарынан тұрады) түзіледі. Эпибласт кейінірек 8-ші тәулікте қалыптасатын амниондық көпіршікті түзеді.
Гипобласт қалыптаса бастаған сары уыз қапшығының үстіңгі қабырғасын түзеді. Деляминациянының артынша сыртқы және ішкі жапырақшалардан бластациста қуысына жасушалар көшеді. Олар бластоцистаның қуысына орналасып, ұрықтан тыс мезодерманы (мезенхима) қалыптастырады. 11-ші тәулікте жасушалар бластоцистаның қуысын толтырады. Мезенхима трофобласқа қарай өсіп, оған енеді де, осы кезде ұрықтың бүрлі қабығы – хорион түзіледі.
Ұрықтан тыс мезодерма амниондық және сары уыз көпіршіктерін қалыптастыруға қатысады. Адамдарда сары уыз қапшығында сары уыз болмайды, ол сірлі сұйықтықпен толтырылған.
Гаструляцияның екінші фазасы жасушалардың көшу (иммиграция) тәсілімен жүреді. Ол 14-15 тәуліктен басталып 17-тәулікке дейін созылады. Эпибластағы жасушалар қарқынды бөлінеді. олар сыртқы және ішкі жапырақшалардың арасына орналасып, орталыққа қарай жылжиды. Жасушалық материалдың көшу процесі нәтижесінде алғашқы жолақ түзіледі. Алғашқы жолақтың бас жағы жуанданып алғашқы түйіншек пайда болады, одан хорда бастама алады. Хорда білікті қаңқаның қалыптасуына негіз болып табылады.
17 - тәулікте білікті мүшелердің қалыптасуы жалғасады. Бұл стадияда барлық үш ұрық жапырақшалары: эктодерма, мезодерма, энтодерма көрінеді.
20-21 тәуліктерде ұрық денесі ұрықтан тыс мүшелерден босап тұлғалық қатпарлар пайда болады. Кейінірек гистогенез және органогенез процестері жүреді.