12. Көздің аккомадациялық аппараты. Аккомодациялық аппарат, көзді бейімдеуші аппарат. Оған кірпікшелі дене, нұрлы қабық, тамырлы қабық жатады. Көз алмасының тамырлы қабығы – Tunica vasculosa – тамырларға бай, жұмсақ, пигменттерге орай қара түсті, дәл ақ қабықтың астында жатады. Онда үш бөлімді: меншікті тамырлы қабық, кірпікті дене және нұрлы қабықтын ажыратады.
1.Меншікті тамырлы қабық—choroidea – тамырлы қабықтың артқы, үлкен бөлімі болып табылады. Аккомодация кезінде – choroidea – ның үнемі жылжып тұратындығынан бұл жерде екі қабық арасында саңылау тәрізді лимфалық кеңістік – spalium perichoroideale түзіледі.
2.Кірпікті дене – corpusciliare – тамырлы қабықтың алдыңғы жуандағay бөлігі, циркулярлы буылтық түрінде ақ қабықтың мөлдір қабыққа ауысатын аймағында орналасады. Кірпікті дене кірпікті шеңбердің – ordiculus ciliaris – артқы жиегімен тікелей choroidea – мен жалғасады. Бұл жер торлы қабықтың ora serrata – сына сәйкес келеді. Кірпікті дене алдыңғы жағынан нұрлы қабықтың сыртқы жиегімен жалғасады. Corpus ciliare – нің, кірпікті шеңбердің алдында 70 – ке таяу жіңішке радиарлы орналасқан, ақшыл түсті кірпікті өсінділері – processus ciliares – болады.
3.Нұрлы қабық – iris – тамырлы қабықтың ең алдыңғы бөлігін құрайды және дөңгелек, қарашық – pupilla – деп аталатын тесігі бар, тік тұратын шеңбер тәрізді табақша. Қарашық оның дәл ортасында жатпайды, сәл мұрын жағына қарай ығысқан. Нұрлы қабық көзге келетін жарық мөлшерін реттейтін диафрагма қызметін атқарады, сол себепті қарашық күшті жарық түскенде жиырылып, жарық азайғанда кеңейеді. Өзінің сыртқы жиегі – margo ciliaris – арқылы нұрлы қабық кірпікті дене және ақ қабықпен байланысқан, ал қарашықты қоршап жатқан ішкі жиегі – margo pupillaris – бос жатады. Нұрлы қабықтың мөлдір қабыққа қараған алдыңғы бетін – facies posterior – ды ажыратады. Мөлдір қабық арқылы көрінетін алдыңғы бетінің бояуы әр адамда әр түрлі, адам көзінің түсі соған байланысты. Көздің түсі нұрлы қабықтың беткі қабаттарындағы пигменттің мөлшеріне қарай қалыптасады. Егер пигменткөп болса, көздің түсі қоңыр түстен (қой көз) қара түске дейін, егер пигмент қабаты нашар дамыса немесе тіпті болмаса, керісінше, аралас жасыл – сұрғылт және көгілдір реңдер пайда болады, бұл негізінен нұрлы қабықтың арт жағында орналасқан торлы қабық қара пигментінің мөлшеріне байланысты болады. Диафрагма ролін атқаратын нұрлы қабықтың тамаша қозғалғыш қасиеті бар, бұл оның құраушы бөліктерінің нәзік бейімбелгендігі және үйлесімділігі арқылы іске асады.
Мәселен, нұрлы қабықтың негізі – stroma iridis – тор тәрізді дәнекер тканьнен тұрады, оның ішінде шеттен қарашыққа қарай баратын тамырлар аралас орналасады. Бұл тамырлар құрамында серпінді элементтер бар. Олар (строманың дәнекер тканінде серпінді талшықтар болмайды) дәнекер тканьмен бірге оған көлемін оңай өзгертуге мүмкіндік беретін нұрлы қабықтың серпімді қанқасын түзеді.
Тамырлы қабықшаның нервтерінде сезімтал парасимпатикалық және симпатикалық талшықтар бар.