Жасуша аралық заттар негізгі зат пен талшықтарға бөлінеді. Ол золь, гель күйінде немесе минералдандырылған болуы мүмкін.
Көбіне талшықтардың коллогендік, ретикулярлық және эластикалық деп аталатын үш түрін ажыратады.
ТІНДЕРДІҢ ДАМУЫ
Кез келген тіннің қасиеттерінен оның барлық бұрынғы қалыптасу тарихының іздерін көруге болады. Тірі жүйенің дамуын қарастырғанда оның филогенездегі және онтогенездегі де қайта түзілуі ескеріледі. Тін жасушалар мен олардың туындыларынан тұратын жүйе ретінде көпжасушалы организмдердің пайда болуымен байланысты тарихи қалыптасқан.
Тіпті жануарлар әлемінің губкалар, ішекқуыстылар сияқты төменгі сатыдағы өкілдерінің өзінде түрлі тіндерге біріктірілуі мүмкін болатын жасушалардың алуан түрлі функциялық мамандандырылуы мен сәйкесінше құрылыстарының әр түрлілігін байқауға болады. Дегенмен бұл тіндердің белгілері әлі де тұрақты емес, жасушалардың және сәйкесінше бір тіннің басқаға айналу мүмкіндігі кең ауқымды. Жануарлар әлемінің тарихи дамуы барысында жекеленген тіндердің қасиеттері жетіле тұрақталып, ал олардың өзара айналу, өзгеру мүмкіндіктері тоқталды. Тіндердің саны мамандандырылудың артуымен сәйкес бірмезгілде біртіндеп көбейіп отырды.
Онтогенез. Детерминация және коммитирлену түсінігі. Организмнің дамуы біржасушалық стадия – зиготадан басталады. Зиготаның бөлінуі барысында бластомерлер түзіледі, бірақ бластомерлердің жиынтығы – бұл әлі де тін емес. Бластомерлер бөлінудің алғашқы сатыларында әлі де детерминацияланбаған (олар тотипотентті). Егер олардың бірін басқасынан ажыратса, олардың әрқайсы жеке толыққұнды өзіндік организмге бастама бере алады (монозиготалы егіздердің пайда болу механизмі). Біртіндеп келесі стадияларда потенцияның шектелуі орын алады. Оның негізінде детерминация мен жасуша геномдарының жеке құрамдас бөлімдерінің доғарылуымен (блокадалануымен) байланысты процестер жатыр.
Детерминация – бұл жекеленген гендердің қызметінің (блокадалануы) доғарылуы негізінде жасушалар дамуының ары қарайғы жолын анықтау процесі.
«Коммитирлену» түсінігі жасушаның бөлінуімен тығыз байланысты (коммитирлеуші митоз).