22.Эпителиальді тіндердің жалпы морфофункционалдық сипаттамасы. Базальды мембранаға түсінік. Морфофункционалдық және генетикалық жіктелуі. Адам ағзасында ең көп тараған тіндердің бірі – эпителиалды тіндер немесе эпителий (грек. epi - над және thele - емізікше, жұқа тері). Ол дененің сыртқы бетін, ішкі мүшелердің шырышты және сірлі қабықтарын қаптайды, сондай - ақ көптеген безді эпителилер түзеді. Эпителидің үш түрін ажыратады: 1) жамылғы эпителилер; 2) безді эпителилер; 3) сенсорлы эпителилер (рецепторлы қызмет атқарады, сезу мүшелерінің құрамына кіреді).
Жамылғы эпителилер – бұл шекаралық тін. Ол организм мен оның мүшелерін сыртқы ортадан бөледі, олардың арасындағы зат алмасу процесіне қатысады және зат алмасу өнімдерін сору мен экскреция қызметтерін атқарады. Мысалы, ішек эпителиі сору қызметін атқарады. Өйткені, қортылған ас эпителий арқылы қан мен лимфаға сорылады, ал бүйрек каналшаларын төсейтін эпителий жасушалары зат алмасу процесі нәтижесінде түзілген зиянды өнімдерді бөледі. Сонымен қатар жамылғы эпителий оргагизмге тән тіндерді әр түрлі химиялық, инфекциялық, механикалық және т.б. әсерлерден қорғайды, тері эпителиі ауру қоздыратын бактериялардың ішкі ортаға енуінен сақтайды.
Безді эпителилер секреторлық қызмет атқарады, яғни организмде жүретін процестерде қолданылатын секрет бөліп шығарады. Мысалы, асқазан асты безі жіңішке ішектегі ақуызды, майларды, гликогенді қорытуға қатысады, ал эндокринді бездердің секреттері ағзадағы көптеген процестерді реттейді.
Сонымен, эпителий тінінің қызметтері әр түрлі: шектеуші, қорғаныштық, қоректендіру, секреторлық.
Эпителиалды тіндердің шығу тегі. Эпителий тіні адамның эмбриналдық дамунының 3-4-ші аптасынан бастап әр типті эмбрионалды бастамалардан дамиды. Осыған байланысты шығу тегі эктодермалды, мезодермалды және энтодермалды эпителилерді ажыратады.
Эпителиалды тіндердің жалпы құрылысы
Эпителилердің негізгі бес ерекшеліктері:
1. Эпителий көптеген мүшелерді түзуге қатысады. Ол жасушалар пластарынан- эпителиоциттерден түзілген. Әртүрлі эпителилерде пластардың пішіндері мен құрылыстары бірдей емес. Эпителиалдық пластарды түзуші жасушалардың араларында жасуша аралық зат аз мөлшерде болады және олар әртүрлі жасуша аралық байланыстар арқылы байланысқан.
2. Эпителилер эпителиоциттер мен дәнекер тіндерді бөліп тұратын базальді мембраналарда орналасқан. Базальді мембрананың қалыңдығы 1 мкм шамасында және ол екі пластинкадан тұрады: ашық және қара. Ашық пластинканың құрамына белогы аз, бірақ кальций ионы көп аморфты заттар кіреді. Қара пластинкада мембрананың беріктлігін қамтамасыз ететін фибриллярлы құрылым бар.
3. Эпителилердің полярлық қасиеті бар. Жасушалардың апикальді және базальді бөліктерінің құрылысы әр түрлі.
4. Эпителиде қан тамырлары болмайды. Эпителиоциттердің қоректенуі базальді мембрана арқылы диффузды орындалады.
5. Эпителилердің регенерацияға қабілеттілігі жоғары. Эпителидің қалпына келуі бағаналы жасушалардың митоздық бөлінуі мен түрленуі арқылы жүреді.
Эпителилердің классификациясы
Эпителилерді жіктеуде алатын негізгі принциптер: олардың шығу тегі, орналасуы, құрылысы, қызметі. Сондықтан эпителийлердің бірнеше классификациясы бар: морфологиялық, функционалдық, генетикалық. Оның ішінде ең көп тарағаны морфологиялық жіктеу.
Морфологиялық жіктеуде жасушалардың базальді мембранаға қатынасы мен олардың пішіндері көрінеді. Осыған байланысты эпителилер бір қабатты және көп қабатты болып екіге бөлінеді. Бір қабатты эпителиде барлық жасушалар базальді мембранамен байланысады, ал көп қабаттыда тек төменгі қабаттағы жасушалар ғана байланысқан. Жасушалардың пішіндеріне байланысты: жазық, куб және призма тәрізді болып жіктеледі.
Бір қабатты эпителилер бір қатарлы немесе көп қатарлы болуы мүмкін. Бір қатарлы эпителилерде барлық жасушалардың пішіндері бірдей - жазық, куб, призма тәрізді және олардың ядролары бір қатарға орналасады. Көп қатарлы эпителилердің жасушаларының пішіндері әртүрлі, ядролары бірнеше қатар болып орналасқан.
Көп қабатты эпителилер мүйізделген, мүйізделмеген және ауыспалы болып жіктелінеді. Жасушалардың үстіңгі қабаты мүйізделген қабыршаққа айналып, мүйіздену процесі жүреді. Мұндай эпителиді көп қабатты мүйізделген эпителий дейміз. Эпителиде мүйіздену процессі жүрмесе, онда көп қабатты мүйізделмеген эпителий дейміз.