123
анықтама, шекарасы жоқ. Бiреулер, сөздiң түпкi мәнiне сүйене отырып,
“әдебиеттегi тек” дегеннiң орнына ”жанрды”
пайдаланып, оның түрлi
қолданыстағы үлгiлерiн
түр және
сол түрлердiң алуан түрлiлiгi деп таниды.
Келесi бiреулердiң пiкiрiнше, “тек” ұғымы ретiнде бейнелеу тәсiлдерi, яғни
эпикалық, лирикалық, драмалық тәсiлдер түсiнiлiп, ”түр” мағынасында
эпикалық, лирикалық, драмалық әдебиеттiң алуан формалары (роман, ода,
комедия) қолданылады да, “жанр” ұғымы әдебиеттегi түрлердiң әрқилы
үлгiлерi (тарихи роман, сатиралық комедия, саяси ода) ретiнде көрiнедi.
Сұрақ. Мұндай әр қилы пiкiрлердiң болуының себебi неде?
Жауап. Әдебиеттiң дамуы, бiр жағынан, әдеби туындылардың көбейiп,
күрделенiп жататын түрлiк және жанрлық формаларымен,
екiншi жағынан,
әдеби әдiстердiң туып, алмасуымен де тығыз байланысты. Адамзаттың
әдебиетке жүктеген мiндеттерiнiң шешiлу жолдарын айқындайтын, қазiргi
уақытта пайдаланылып жүрген әдеби бейнелеу тәсiлдерi немесе эпикалық,
лирикалық, драмалық тектерi тым ерте дәуiрлерде жасалған.
Эпикалық тәсiл
қаламгердiң өзiн қоршаған дүниенi көркемдiкпен жаңғыртуына негiзделген.
Лирикалық тәсiл өмiрдiң түрлi құбылыстарынан
туындаған ой-сезiмдердi
ақынның тiкелей бейнелеуiне бағытталады.
Драмалық тәсiл алғашқы
екеуiнiң мүмкiндiктерiн өз бойына бiрiктiредi, яғни пьесадағы түрлi
кейiпкерлердiң мiнездерi өздерiн-өздерi тiкелей көрсетуi арқылы ашылады.
Аталған үш тәсiлдiң әдебиет тәжiрибесiнде өзара байланыстылығына және
қаламгердiң нақты қолданысындағы формалардың сан түрлiлiгiне
қарамастан, аталмыш үш тектiң негiзгi ұстанымдары өзгерiссiз қалпында
ғасырлар бойына әдебиет туындысының сипатын айқындап келедi. Әдебиет
тектерiнiң бұл тұрақтылығын оңай түсiндiруге болады.
Адам нақты бiр
қоғамдық жағдайларда дамиды, белгiлi бiр әрекеттер, ойлар мен толғаныстар
арқылы өзiн-өзi танытады; табиғатқа, бiр-бiрiне, өзiне-өзi түрлi қарым-
қатынаста болады. Эпос, лирика, драма өзара ұштаса отырып,
халықтар
өмiрiнiң тұтастай дәуiрiн қамтитын (мысалы, Гомердiң “Илиадасы”,
Шекспирдiң ”Гамлетi”, М.Әуезовтiң ”Абай жолы”) аса күрделi қоғамдық
үрдiстердi бейнелеуден бастап, бiр ғана адамның толғаныс-толқыныстарын
көрсетуге дейiнгi (мысалы, Абай өлеңдерi) адам санасы мен өмiрдi терең де
жан-жақты суреттеуге шексiз мүмкiндiктер ашады.
Әдебиеттiң тектерi немесе
тәсiлдерi жеке-дара тұрып әдеби
шығарманың формасы бола алмайды,
олар тек бейнелеудiң ортақ
ұстанымдарын танытады. Бұл ұстанымдар әдеби даму процесiнде туып-
қалыптасып жататын эпикалық, лирикалық, драмалық формалар арқылы
жүзеге асады. Эпикалық бейнелеу эпопеяда, мысалда, поэмада, балладада,
әңгiмеде, повесте, романда, очеркте,
көркем мемуарларда iске асса,
лирикалық тәсiл ода, элегия, сатира, эпиграммаларда қолданыс табады.
Драманың жалпы ұстанымдары трагедия, комедия, драмада орын алды.
Соған қоса, даму үрдiсiнде әдебиет тектерiне тән түрлi формалардың өзi
iштей бөлiнiп кетедi. Мәселен, романның өзiн әлеуметтiк-психологиялық,
философиялық, сатиралық,
ғылыми-фантастикалық, тарихи, т.с.с. романдар