(Аңыз - әңгімелер) Қожа- Ахмет Яссауи Қожа Ахмет Ясауи– 1093 жылы туылған түркістандық ғұлама, әулие. Қожа Ахмет Ясауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша . Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Ясауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылды . Қожа Ахмет Яссауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. Өмірін Алла жолына арнаған, сансыз көп шәкірт тәрбиелеп, рухани кемелдікке жеткізген Яссауи 63 жасқа келгенде «Мұстафаға матам аза тұтып» жер астындағы құлшылық мекеніне – түседі. Сопы ақын өмірінің неше жылға созылғаны бәймәлім, бұл жайында тек аңыздарда келтірілетін Яссауидің өзі айтты делінген: «Жер бетінде неше жыл өмір сүрсем, жер астында да сонша жыл өмір сүремін» деген сөзі мен «Жүз жиырма беске кірдім, біле алмадым» деген хикмет жолдары ғана сақталған.
Қожа Ахмет Яссауидың кесенесінің құрылуы жайлы аңыз 1 396 жылы Орта Азияның билеушісі Әмір Темір Қожа Ахмет Яссауидің ескі мазарының орнына жаңа кесене салу жайлы бұйрық береді. Кесене салынып жатқан кезде қайта-қайта құлап қала берген екен. Сонда Ұлы Билеушінің түсінде бір ақсақал аян беріп, "Қожа-Ахметтің Арыстан атты ұстазы болған. Сондықтан әуелі Арыстанға, сосын ғана шәкіртіне кесене салыңдар" депті. Бұл түсті көрген Әмір Темір көріпкелдерін шақыртып алып, түсін жорытады. "Арыстанның қабірін қалай табамын?" деп олардан ақыл сұрайды. Көріпкелдері "Жұма намаздан соң Қожа Ахмет Яссауидің қабірінің басына екі құс келіп қонақтайды, сол құс ұшып, ұстазы Арыстанбабтың басына барады, осылайша табасың" деп айтқан екен. Арыстанбабтың сүйегі жерленген жер осылайша табылғанға ұқсайды.
(Ертегілер ) Достықтың қадірі Ит тұмсығы өтпейтін ну орманда адал достар: құмырсқа мен қоңыз өмір сүріпті. Екеуі азықты бірге тауып, тамақты теңдей бөліп жейді екен. Құмырсқаның жұмысы - азық табу болса, ал қоңыз құмырсқаны басқа жəндіктерден қорғап, тамақты үйге тез əрі оңай жеткізу.
Күндердің бір күнінде құмырсқа:
- Менің жұмысым өте қиын. Қалың орманды кезіп азық іздеймін, қатты шаршаймын. Ал қоңыз ше? Табылған азықты үйге дейін тасығаннан басқа түк бітірмейді. Бұл - кез келгеннің қолынан келетін іс. Мен болмасам, ол мүлдем аш қалатын еді. Менің жұмысым қоңыздың жұмысынан ауыр, сол үшін мен азықтың көп бөлігі маған тиесілі- деп ойлапты.
Ал осы сəтте тамаққа тоймай қалған қоңыз:
- Мен құмырсқаны жəндіктерден қорғаймын, ауыр азықты үйге дейін арқалап тасимын. Ауыр азық көтергеннен арқам ауырады. Ал құмырсқа ше? . Азық іздеп тапқаннан басқа түк істемейді. Мұндай іс кез келгеннің қолынан келері анық. Менің жұмысым құмырсқаның жұмысынан қиын. Сондықтан азықтың көп бөлігін мен алуым керек, - деп ойлайды.
Келесі күні құмырсқа мен қоңыз əдеттегідей азық іздеуге шығыпты. Алайда бұл күні бірден азық табыла қоймай, кеш батқанға дейін табандарынан таусылады. Қас қарайып, қараңғы түскенде, құмырсқа кішкентай нанның ұсағын зорға тауыпты. Қоңыз нанды арқасына көтеріп, құмырсқа екеуі үйге қарай бет алады. Қараңғы болғандықтан қоңыз аяғының астындағы тасты байқамай сүрініп кетеді. Тасқа шалынып, құлап түскеніндеарқасындағы нанның ұсағы домалап барып, шолп етіп өзенге түсіп кетеді. Бүгін азықсыз қалғандарын түсініп, достар қатты қынжылады.
Ашуға бой алдырған құмырсқа:
- Қалай ғана аяғыңның астындағы тасты көрмейсің? Мұны соқыр да байқайтын еді. Арқа етім арша, борбай етім борша боп, азықты тауып бердім, енді сол дайын асты үйге дейін жеткізу де қиын ба? Қолыңнан ештеңе келмейді! – деп қоңызға айқайлайды.
- Егер сен сол нанды ертерек, қараңғы түспей тұрып тапқаныңда, бұлай болмайтын еді. Сенің кесіріңнен бүгін аш қалдық. Күні бойы іздеп тапқаның - бір түйір нанның ұсағы ма? Менің емес, мына сенің қолыңнан түк келмейді! – деп қоңыз да қатты ашуланады.
- Олай болса осы жерден достығымыз үзілсін! Сен өз жолыңмен кет, мен өз жөніме жүрейін. Күнімді сенсіз де көрермін! – деп қысқа қайырды құмырсқа.
- Жарайды, əркім өз азығын өзі тауып жесін, - деді қоңыз.
Бір-біріне ызалы достар үйлеріне қамығып қайтады. Келесі күні қоңыз бен құмырсқа азық іздеуге бөлек шығыпты. Құмырсқаға бұл жолы үлкен бір шелпектің кесегі кезігеді. Олжалы болғанына риза құмырсқа шелпекті көтерейін десе - күші жетпейді. Қанша тартып, əрлі-берлі сүйресе де, орнынан жылжыта алмапты. Ал қоңыз бүкіл орманды шарлап, азық таппай əбден аласұрады. Бұл уақытта қылдырықтай құмырсқаның үлкен шелпекті сүйреп, əуреге түсіп жүргенін үлкен бір құрт көріп қояды. Құмырсқаның жалғыз екенін байқаған құрт оның шелпегін тартып алмақшы болады. Құрт қорғансыз құмырсқаның азығын оп-оңай тартып алғанда құмырсқа бар даусымен айқайлап көмекке шақырады .
-Көмектесіңдер! Көмектесіңдер! Тапқан азығымды тартып алды! Көмектесіңдер! – деп шырылдай беріпті.
Мұны естіген қоңыз құмырсқаның дауысын танып, жетіп келіпті. Қоңызды көрген құмырсқа қуанып кетеді. Ал құрт қоңызға күші жетпейтінін түсініп, шелпекті тастап, қаша жөнеледі. Бір-біріне бауыр басқан достар өз қателіктерін түсініп, кезек-кезек кешірім сұрайды. Қоңыз құмырсқа тапқан шелпекті үйге жеткізіп, екеуі бірге тамақтанады.Осылайша, қоңыз бен құмырсқа достықтың, ынтымақтың қадірін түсініп, тату-тəтті өмір сүріпті деседі.