ҚОҢЫР ҚАЗ
Мақпал көліме мұнар қонды ма?
Киіз құлағым құмар болды ма?
Күмбірлетші бір «Қоңыр қазыңды»,
Тәбәрік болған, тұмар домбыра.
Иіп айналған бие құлынын,
Секілді, қоңыр сүйемін үнін.
Киелім менің, күй еді мұңым,
Сөйлесін сүйрік тиегі бүгін.
Сұңқылдап құсым, сабалап қанат,
Жалғанға мынау жағалап қарап.
Ұғынса біреу сен ұғасың деп,
Сұмдық бір сырын маған ақтарад.
Кербезім, топтан жарылып ұшқан,
Содан да шығар, жаным ұғысқан.
Жағада тұрып «жар болсын» айтам,
Жан таппағандай қалың ұлыстан.
Қаңқылдап, көкте мамырласын көп,
Қиялап қалай, қалыңға сіңбек?
Көзіме, шіркін, елестейді ылғи,
Қоңыр қаз – менің қарындасым боп.
Шығын қылайын сөзімді несін?
Көкейге қонса, көзіңді ілесің.
Сол күйді шертші, содан соң мейлі,
Қаңтарасың ба, өзің білесің.
«ҚАЗАҚКОНЦЕРТ»
(Баллада)
Айналайын Алматы,
Өзегімде өлең болып қалды аты!
Сені іздеймін шай сұраған шал құсап,
Сүт секілді сәби-көңіл шәрбәті.
Шалғайына орай ма екен шапанның?
Келем ылғи басы бардай атамның.
Міз бақпайды, мызғымайды Алатау,
Басын ұстап күн көтерген бақанның.
Бұрдым саған бетін салқар сапардың,
Қордаланған көп арманды қотардым.
Күтіп алды қайран досым Еламан,
Шырақшысы секілденіп шаһардың.
Бір ауылдың баласындай ұл-қыз боп,
Көшелердің шаңын қағып жүрміз көп.
Кеш қарайып, уайым болды қонар жер,
Түнде туар жұлдыздай боп, күндіз жоқ.
Қай шаңыраққа түнде барып түсерміз?
Жанымызда әнші дос бар, үшеуміз.
- Кеттік,- деді ол, - тура «Қазақконцертке»!
Мұны естіген біздер аң-таң, түс-өңбіз.
Кірдік солай, шыныменен өңім бе?
Түрлі сезім тыпырлайды көңілде!
«Бұл қайсы?» деп бізге қарап тұрғандай,
Мағауия Хамзин анау төрінде!
Маң-маң басқан ұлылардың мысы де,
Мұнда болу кірмепті ғой түсіме!
Жолаушыдай қонып шыққан адасып,
Күңгірлеген көне бейіт ішіне.
Құшақтап ап атан-ойдың өркешін,
Жан-сырыңды шертпе күйдей шертесің.
Не керемет кештің демей Алматы,
Түк болмаған сияқтанды ертесін.
Беу, Алматы, таңғалдырмай қоймайсың!
Беу, дүние, бір күнгідей болмайсың!
Қарашаңырақ «Қазақконцерт» ішінен,
Түсімде ылғи ыстық сәлем жолдайсың!
АЛМАТЫ
Қасқа құлыны Хасеннің дос-Еламан,
Өз ауылы секілді осы ел оған.
Төрт қабырға тебеді қос өкпеден,
Түнде әйтпесе кезе ме көшені адам?
Тарқайтын түрі жоқ-ау бұлт еппенен.
(Мың бәлеге әкемдей мыңқ етпегем!)
Сау басына сақина тілеп алған,
Осы бізге расымен міндет пе өлең?!
Құнықтырып күрең бақ, күз дегенің,
Шеше алмадық жұмбағын біздер оның.
«Айнабұлақ» біртүрлі қарайды ғой,
Ізгі аруды дауыстап іздеп едім.
Жанымды ұғын, демеймін кейпімді ұнат.
Құлдыраңдап келемін, кей күн құлап.
...Паң Алатау, мұнарлап көзге ілмейді,
Әзірше ғой, әзірше деймін бірақ...
Достарыңызбен бөлісу: |