АҚПАН ЖЫРЫ
Февраль. Достать чернил и плакать!
Б.Пастернак
Ырғағына елтіп жұмбақ тәтті әннің,
Еңкіштетпек зәу еңсемді батпан мұң.
Әйнегіне ентелеткен әлемді,
Адамзатқа айтары бар ақпанның!
Сауласа көп сонау көктен сұрақтар,
Тауып бірден бере алады кім ақпар?
Көзі бардың көрінбестен біріне
Кеңістікке нұр сіңеді тұрақтар.
Өлең болып түсе бермес хатқа анық,
Көк аспаннан қалқып түсер ақ мамық.
Титтей ұлпа арқалайды ауыр мұң,
Жадымызға, жарықтық-ай, жатталып.
Жүрегіңді қытықтаса иісі аңқып,
Ән төгеді кеудеңдегі күйсандық.
(Жаным, мені мұңдарымнан оят та,
Иығыма қос білекті сүйші, артып!)
Келсе көктен құдіретті күш – көндік,
Ұйқысыз-ақ талай ғажап түс көрдік.
Керемет қой ақпаны бар сиқырлы
«Қыс» дейтұғын Құдай жазған үш томдық!
АУЫЛ. ҚЫСҚЫ ТАҢ. ӨМІР
Үлкен қасқа үйірі еңіс бойлап,
Керіледі сықырлап келісті аймақ.
Езуіне қыстырып шал шылымын,
Аяңдайды сиырын өріске айдап.
Әдетіне айналған қайбір көптен,
Шал ақсаңдап барады – айғыр тепкен.
Тоқырауынға қарайды ақ бу ұшқан,
Толқынына батырып қайғы емдеткен.
Емес еді қария ол көреген.
Ел ұйқыда жатқанда ертеменен,
Беткейге өрлеп беттейді бір әнді айтып,
Естігенге көп сырды шертеді өлең.
Кім біледі, көп жұмбақ жатты өртеніп,
Жігіт күнін аңсайды-ау,
Ақ тер болып
Жуанқоңыр - Жыланды жолсызбенен,
Қаңтарда да қатынар атпен келіп.
Шаға берсе сыймайды-ау мұң далаға.
Ішке бүккен көп сырды бұл ғана ма?!
Тетелесі секілді түсінетін,
Тек ақ таулар қасқайып тұрған ана.
Беткейді асып, шөгуде күндер аулақ,
Сәлден кейін шығады күн де лаулап.
...Сәлден кейін немере оянады,
Ойнайды ғой, байқалмай ой алаңы,
Жауып тұрған ақ қарды тілмен аулап.
БАЛА КЕПТЕР
Сағынып жүргенімде құстың үнін,
Төбемнен топ көгершін ұшты бүгін.
Батпанын артып саған, бала кептер,
Ақпаным билетеді үскірігін.
Байғұсым бала кептер, төзімді едің,
Моншақтай мөлдірейді көзіңде мұң.
Жем іздей жаутаңдатқан өмір мынау,
Сезінбей қойды ақынның сезімдерін.
Тезіне тағдырыңның бас ій дер кім?!
Жаманы жалын атпай жасиды ердің!
Ақынын бауыр тартты жатақхана,
Шатырын сен паналап тас үйлердің...
Сағым күн сығымдалып түс-елеске,
Бақыт та ұшып-қонған құс емес пе?
Қаяу, сыз байқап құстың жанарынан,
Баянсыз бес күн өмір түседі еске.
Достарыңызбен бөлісу: |